1990-шы және одан кейінгі жылдары Ленинградтағы саяси оқиғалар ортасында болған және Владимир Путин мен оның командасының қызметіне куә болған Петербург тұрғындарының кезекті естелігі. Азаттықтың Орыс редакциясы тілшілері петербургтік журналист, 21-шақырылған Ленсовет депутаты Николай Андрущенкодан сұхбат алды.
Николай Степанович Андрущенко 1943 жылы дүниеге келген. 1969 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің физика факультетін бітірген. Физика-математика ғылымдарының докторы. 1975 жылы сыртқы сауда академиясын тәмамдаған. 1990-1993 жылдары Ленсовет, Санкт-Петербург қаласы Дзержинский аудандық кеңесінің депутаты болған. Қазір саяси тақырыпта жазылған либерал көзқарастағы мақалалардан бастап радикалды ұлтшыл сарындағы мақалаларға дейін жариялайтын «Новый Петербург» газеті редакциясында жұмыс істейді. 2007 жылы Николай Андрущенконы тұтқындап, тергеу абақтысында соққыға жыққан. Ол абақтыдан Ресей президентіне хат жазып, Ресей азаматтығынан бас тартқан. Журналисті қудалауды оның оппозициялық қызметі мен билікті сынаған мақалаларымен байланыстыратын «Мемориал» құқық қорғау орталығы Николай Андрущенконы саяси тұтқын деп таныған.
– Николай Степанович, Ленсовет депутаты болып қалай сайландыңыз және қандай комиссияда жұмыс істедіңіз?
– Депутат болып 1990 жылы күтпеген жерден сайландым. Литейная көшесіндегі үйімнің түбіндегі «Родина» кинотеатрында кинорежиссер Владимир Бортко сайлауға әлдебір қатысы бар бірдеңе түсіріп жатты. Екеуміз жолығып қалып, ол тағы бір округ бос екенін айтып, сайлауға түсуді ұсынды. Сөйтіп, мүлде ойламаған жерден сайлауға түсіп, депутаттар құрамынан бір-ақ шықтым.
Мен қазір елге белгілі адамдар – Владимир Чуров пен Игорь Артемьев жұмыс істеген экология жөніндегі комиссияға мүше болдым. Орталық сайлау комиссиясының қазіргі жетекшісі Владимир Чуров – өте қарапайым, жұртқа елеусіздеу, ештеңемен ісі жоқ адам еді, ал қазір антимонополия қызметі басшысы болып отырған Игорь Артемьев мінезі тіктеу, онысын жұрттан жасырмайтын жан болатын. Санкт-Петербург мэриясының Путин жолдас басқаратын сыртқы байланыс жөніндегі комитетіне жұрттан бұрын ауысып алғаны Владимир Чуровтың келешегі үшін тиімді болып шықты.
– Ленсовет депутаты Марина Салье депутаттар жүргізген тексеруден кейін Владимир Чуров та, Игорь Артемьев те КГБ-ға жұмыс істегені анықталды деп айтқан еді. Бұл туралы бірдеңе білесіз бе?
1993 жылғы оқиғалардан кейін Собчактың қызметіне қатысты тексеруге қатысқанмын.
– Мұны 1993 жылы Ленсоветті қуып таратқаннан кейін Марина Салье мен өзге депутаттармен кездескен кезде білдім. Бұл тақырыпқа қатысты әңгімелерден хабардармын, бірақ депутат кезімде ондай тексеру жайлы естімеппін.
– Владимир Путиннің Санкт-Петербург мэриясының сыртқы байланыстар жөніндегі комитетін басқарған тұстағы қызметіне қатысты Марина Салье жүргізген тексеруге қатысыңыз болды ма?
– Жоқ, қатысым болған жоқ. 1993 жылғы оқиғалардан кейін Анатолий Собчактың қызметіне қатысты тексеруге куәгерлердің бірі ретінде қатысқанмын. Заңсыз жекешелендіру әрекеттерінің 5-6 эпизодына, оның ішінде Спасск-Преображенский ғибадатханасының түбіндегі, үйім тұрған жерге таяу маңдағы бір ғимаратқа қатысты түсініктеме бергенім есімде.
– Ленсовет депутаты болған кезіңізде Владимир Путинмен сөйлескен кездеріңіз болды ма?
–Ленсоветке дейін ағылшын тілінің арнайы курсын бітіріп, бірнеше швед фирмасында жұмыс істегендіктен, онымен талай жолыққанмын. Онымен Ленсовет төрағасының халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары ретінде мамандығыма байланысты кездескенмін. Қазір «Владимир Владимировичпен 57 кездесу» деген кітаптың қолжазбасын әзірлеп қойдым. Биыл желтоқсанда редакциямызға 25 жыл толады. Егер әлдебір қосымша қаражат табылып жатса, шығып қалар.
– Әлгі кездесулер жайлы айтып бересіз бе?
– Ол кездесулерде ешқандай сенсация жоқ. Олар физик болып істеген, Финляндия мен Швецияда жұмыс істеп, Ленинград, кейін Петербург нарығына швед инвестициясын, швед бизнесмендерін, швед тауарларын тартумен айналысқан кездегі байланыстарыма қатысты кездесулер болатын.
– Сол заманның оқиғаларын талдар болсақ, КГБ елдегі билік басына жоспарлы түрде келді ме, әлде бұл жұрт үшін күтпеген жайт болды ма?
Жұлып алғандай: «Ақша жасау керек! Елге де, жұртқа да!» деді.
– Меніңше, мұны алдын ала жоспарлаған сияқты. Менің қолымда кейбір фактілер бар. Солардың бірін келтіруіме болады. Ол кез Ленсовет мүлде қолдамаған путч заманы болатын. Мен әлгі путчты Совет одағын сақтап қалудың амалы деп санап, Гатчина түбінде тұрған Псков дивизиясының алдынан шықтым. Олармен кездесіп, сөйлестік те тарадық. Псков дивизиясы кері бұрылды, мен де қалаға қайттым. Бір апта, әлде екі аптадан кейін Ленсоветтің дәлізінде Путин жолығып қалды. Жанымызда қалғып отырған гардеробшы әйелден өзге ешкім жоқ болғандықтан, ол еркін сөйлеуге қолайлы сәт болатын.
Әділін айту керек, ұдайы «сіз» дегеннен танбайтын әрі аса ұқыпты ол бұл жолы да сыпайылығына басып «Степаныч, мұныңыз не?! Сізді қамап қоюлары мүмкін еді ғой!» деді. Сосын еркін сөйлесуге болатынын сезді-ау деймін, жұлып алғандай: «Ақша жасау керек! Ақша жасау керек! Қазір ақша жасайтын кез! Елге де, жұртқа да!» деді де, жөніне кетті. Өзім қолдаған (мұны жасырмаймын) путчтан соң шамамен бір-екі аптадан кейін екеуміздің арамызда осындай кездесу болған.
– Сонда, Владимир Путиннің нысапсыз байлыққа ұмтылуы сол кездің өзінде байқалды ма?
– Ол кезде байқалған жоқ. Кейін Анатолий Собчак губернаторлыққа таласып, сайлауда Владимир Яковлевтен жеңіліп қалған кезде әлдебір кездесуде мен Владимир Путиннен: «ал, енді қайда барасың?» деп сұрағанымда, «Бір жерден орын табылар. Мысалы, таксопарктің директоры» деп қалжыңдап, қолын сілтей салған. Яғни, ол кезде оның белгілі бір есебі мен жоспары болған жоқ. Меніңше, оны кейін КГБ алып шыққан сияқты.
КГБ Ресей билігі басына жоспарлы түрде келді деуімнің негізі бар. Путчке қатысты тағы бір жайтты келтіргім келеді. Мен Ленсовет депутаты ретінде КГБ кезекшісіне қоңырау соғып, тиісті шара қолдануын талап еттім. Ленсоветтегі әлгі кездесу кезінде Путин «Не бүлдіргенсіз, Степаныч? Ана жаққа телефон соғыпсыз ғой... Қамап қойса қайтесіз!» деді. Яғни, сол кездің өзінде КГБ путчистердің жағында болып, билік пен заңды режимді қолдамаған екен.
Бірақ 1993 жылы төңкеріс болған кезде Ленсоветті қуып тарату үшін Анатолий Собчак депутаттар отырған залға кіргені есімде. Ол Ленсоветті «Халық қалауы Брежневтің конституциясынан үстем!» деген сөздермен таратты. Неге екені есімде жоқ, бірақ сол сәтте Собчактың жанында Олег Басилашвили болды. Ал кейін 1993 жылғы оқиға кезінде вице-губернатор әрі Александар Руцкойдың көмекшісі Щербаковтың кабинеті есігіне мөр басып, Путиннің жауып жатқанын көрдім. Мұның бәрі, оның ішінде путч та КГБ-ның мұқият әрі алдын ала жоспарланған акциясы болған сияқты. Мүмкін, путчистердің түпкі ниеті таза болған шығар, бірақ КГБ бәрін алдын ала ойластырып қойған еді.
– Николай Степанович, сіз Анатолий Собчакпен талай рет жеке жолыққан адамсыз. Қалай ойлайсыз, ол маңайындағы біртіндіп билікті иемдене бастаған КГБ қызметкерлерін байқамайтын аңғал жан болғаны ма, әлде байқаса да үндемей, жағдайды өзгерту үшін еш шара қолданбады ма?
Мұның бәрі, оның ішінде путч та КГБ-ның алдын ала жоспарланған акциясы болған сияқты.
– Меніңше, ол көпке дейін мұны түсінбеген сияқты. Собчакты алғаш Руднев көшесінде тұратын анамның үйінің жанында итпен серуендеп жүріп жолықтырдым. Әлгі көше мен Собчак тұратын Кустодиев көшесінің арасы ен жатқан алаңқай болатын. Бір күні Собчакпен әлгі алаңқайда алғаш рет кездесіп қалдым. Бұған дейін оны теледидардан ғана көргенмін. Маған ол өте қарапайым, тіпті киіміне дейін жұпыны көрінді. Жұлығы қисайып, өкшесі қажалып кеткен бәтеңкесін көріп, қайран қалдым. Сөзге де сараң болды. Ол пластмасса екі стақан мен бір шиша шығарып, екеуміз таныстық.
Ол кезде ЛОМО, «Позитрон» сияқты мекемелерде жұмыс істеп жүріп, қызмет бабымен чекистермен араласуға тура келетін. Олардың ішінде әрқилы жандар болды. Адал адамдар да болды, бірақ ондайлардың көбі сыртқы барлауда жұмыс істегендер еді. Ал «ішкі нарыққа» қызмет істегендер кімнің болсын ізіне түсіп, аңдудан тайынбайтын. Дөрекі тілмен айтқанда, олар көшедегі кез келген жүргіншіні үгіттеп, тиісті адамның үстінен арыз жазуға тартуға тырысатын.
Путин Германиядан қуылып (немесе ол жақтан кетіп қалған, нақтысын білмеймін) Лениград университетіне келген кезде Собчак қазір мен «алаңқайдағы кездесулер» деп атаған бірнеше кездесуге қатысты пікірін күрт өзгертті. Екеуміз 3-4 рет жолықтық. Әлгі кездесулер кезінде ол көп әрі әдемі сөйлегенімен, өзін қарапайым ұстайтын. Оның бірінші әйелінен туған қызын танимын. Қазір қайда екенін білмеймін. Өте қарапайым бойжеткен, әкесі сияқты ол да заңгер ғой деймін. Ал 1993 жылы айтқан «Халық қалауы Брежневтің конституциясынан үстем!» деген сөздері, нақтысын айтқанда, оны сертінен тайдырды. «КГБ мафиясы» ақыры оны бәрібір өз тұзағына түсірді. Бұл – жеке пікірім. Бала-шағасы, әйелдеріне, Путинге деген қатынасына қарағанда, оның мінезі жұмсақ адам болған сияқты...
– Ал оның қазасы туралы не ойлайсыз? Анатолий Собчактың өліміне қатысты күдіктеріңіз бар ма?
Әйелі «өз ажалынан өлген жоқ» деген еді, бірақ кейін ол бұл пікірін өзгертті.
– Ондай күдігім бар. Өйткені әлгі санаулы кездесулердің бірінде Собчак «құдай екеумізге де мықты денсаулық беріп жарылқапты, сондықтан мына өмірде көп шаруа атқаруға тиіспіз» деген мағынада қалжыңдаған болатын. Оның денсаулығы шынымен мықты болатын, мұны жақсы білемін.
Оның науқастанып немесе тұмауратып жүргенін бір рет те көрген емеспін, әрдайым сергек жүретін. Бірақ ол қайтыс болып, Калининградтан әйелі келген алғашқы күндер ойымда мәңгіге жатталып қалды. Әйелі «өз ажалынан өлген жоқ» деген еді, бірақ кейін ол бұл пікірін өзгертті.
– Оның өлімі әлдекімдерге тиімді болды деп ойлайсыз ба? Тиімді болса, кімдерге? Не үшін?
– Ал тергеуге ілігіп, қылмыскер ретінде айыпталған оны бүкіл заң мен моральға қайшы әрекетке барып, шетелге әкету кімге тиімді болар еді? Біреулерге тиімді болған сияқты. Собчакты сотқа жеткізбеу үшін, оның барлық байланыстары ашылып қалмас үшін шетелге алып кетті.
– «Путин ісі» мен Владимир Путин мен оның командасына кіретін адамдардың аты-жөні аталған Марина Салье жүргізген тексеру туралы екі іс те жалпақ жұртқа мәлім. Бірақ жұртқа белгісіз мұндай өзге де істер бар деп ойлайсыз ба?
Собчакты сотқа жеткізбеу үшін, оның барлық байланыстары ашылып қалмас үшін шетелге алып кетті.
– Бұлай ойлауға депутат кезімде вокзалда кездесіп қалған бір адаммен арада болған кездейсоқ әңгіме негіз болады. Әлгі кісінің (ол өзі тергеуші) айтуынша, оның тобындағы тергеушілер СССР-дің шетелдегі бүкіл мүлкі туралы материал жинаған. Ол «бірақ Борис Ельцин немесе оның айналасындағы адамдардың бірі Владимир Путинге шетелдегі дүние-мүлікті жинауды тапсырғаннан кейін тексеру жұмыстарымызды сол сәтте тоқтатып тастады» деген еді. Ал бұл аз ақша емес, триллиондаған доллар. Іс жабылып, тергеу бригадасын таратып жіберген. Сонымен бәрі біткен. Кезінде СССР жер жүзінде есепсіз байлық жиғаны белгілі ғой. Бұл Владимир Путин аттаған сатының бірі болды. Меніңше, оған әлгі мұраға қатысты бүкіл жайтты анықтап, ел пайдасына жинау жүктелген. Ал оның бәрі қайда кеткенін анықтау келешек ұрпақтың еншісі болатын сияқты.
Мақаланы орысшадан аударған - Айжан Оралғазина.