«Қазақи қиял» көрмесіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тілеуберді Бинашевтің (сол жақта) 23 скульптурасы қойылған.
Тілеуберді Бинашев жасаған скульптуралардың көбі ұғым, идеялардың архетипі болып келеді. Мына бір қола мүсін - ана образының, қазақ аналарының архетипі.
Бұл скульптура - қазақ санасындағы «жұт» ұғымының архетипі. Мүсіннің атауы да «Жұт». Бұл скульптура қасірет-қайғыны бейнелейді.
Далада жүрген көшпенділер боран соққанда түйені ықтайды. Мына скульптура сондай жағдайды көрсетеді. Туындының атауы - «Пана».
Қазақ көшпенділерінің жеті қазынасы - ақылды әйел, жүйрік ат, бүркіт және сырттан ит, қару мен қақпан, қазан. «Жеті қазына» скульптурасы.
«Көкпар» скульптурасы.
«Қайғы» туындысы. Идея Қарахан мен Айша Бибі аңызынан алынған. Айша Бибі жылан шағып өлген дейді.
Бұл скульптураның атауы – «Қиял». Ол көрменің «Қазақи қиял» атауымен ұштасып жатыр. Бұл туынды Тілеуберді Бинашев шығармашылығын түсінудің кілті болуы да ғажап емес. Көне балбалға сүйеніп, ойға шомған адам сұлбасы. Балбалдың қыр жағында - ежелгі петроглифтер. Балбалдар көне түркі мәдениетінің нышаны ретінде мүсінші шығармашылығының «тірегіне» айналған. Ол - балбал жасаушылардың ізбасары. Егер бұл мүсінге басқаша қарайтын болсақ, «халықтың ежелгі дәуірлерден келе жатқан бай мәдени мұрасы - адамның сүйеніші» деген ойды ұққандай боламыз.
«Қиял» скульптурасының қырынан түсірілген суреті.
Тілеуберді Бинашев «Тақыр» скульптурасының жанында тұр. Тақыр – шөл және шөлейт даладағы жер бедері. Скульптура жиегінде адам, ағаш және тасбақа бейнеленген.
Әр замандағы ұрпақтар дүниетанымындағы ерекшелік «Ата мен немере» скульптурасында бейнеленген. Жас ұрпақтың болмысы оның басындағы компьютер мониторы (планшет болуы да мүмкін) арқылы көрсетілген. Ал қарияның дәстүрлі мәдениет өкілі екені білініп тұр. Ол ғасырлар қойнауына үңілгендей төмен қарап отыр. Ал немересі болашаққа көз жібергендей аспанға қарайды.
Бұл скульптура 1982 жылы жасалған. «Шымкент сырасы» деп аталады. Оны көрген көрерменнің жүзіне күлкі үйіріледі. Тілеуберді Бинашевтің шыққан жері - Шымкент.
Тілеуберді Бинашевтің шығармашылығымен қатар мұнда оның қызы Гүлфия Мелдештің төрт туындысын көруге болады. Ол да скульптор. Гүлфия Азаттық тілшісіне өзінің «Теңсіздік» скульптурасының ер-азаматтарға арналғанын айтты. Туынды астарында еркекті қалай сүйсең де ол басқамен кетеді деген ой жатқан сияқты. Көрермендер бұл туындыға жиі назар аударды. Жұрт оның қасында суретке де түсіп жатты.
Тілеуберді Бинашевтің көрмесі суретші Жайық Күшікбаевтың «Парыз» көрмесі орналасқан залда өтті. Екі көрме де бір күнде ашылды. Жайық Күшікбаевтың көрмесіне 80-нен астам картина қойылған. Олар негізінен Іле Алатауының, Қапшағай, Аралдың пейзаждары. Кейбір суреттер бір орында жылдың түрлі маусымында салынған. Мәдениеттанушы Евфрат Мамбековтың пікірінше, оның бұл талпынысы француз импрессионисті Клод Моненің еңбектерін еске түсіруі мүмкін. Моне шөмеле мен теректің, Руан соборының, құмыраның бірнеше суреттерін салған еді.