"КАФЕ МЕН ДҮКЕНДІ НЫСАНА ЕТКЕН"
Украинаның Харьков облысы Купянск ауданы Гроза елді мекеніне Ресей күштері зымыранмен шабуылдаған. Салдарынан 50 адам сол жерде қаза тауып, қатты жараланған тағы бір адам ауруханада жан тапсырған. Құрбан болғандар арасында кәмелетке толмаған бір бала бар. Бұл туралы Украина ішкі істер министрі Игорь Клименко хабарлады.
Ондаған адамның қаза табуына байланысты Харьков облысында үш күндік аза тұту жарияланды.
Харьков облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Олег Синегубовтың айтуынша, Ресей әскері атқан зымыран Купянск облысы Гроза ауылындағы кафе мен дүкенге түсіп жарылған. Шабуыл бейсенбі күні жергілікті уақытпен сағат 13:15 шамасында жасалған. "Қиранды астынан шабуылдан қаза тапқан 6 жасар бала табылды" деп жазды ол.
Игорь Клименконың сөзіне қарағанда, марқұм болған адамды еске алуға ауылдастары бейсенбі күні жиналған кафеге зымыран түскен. "Бұл ауылда барлығы 330 адам тұрады. Еске алу шарасына әр үйден бір-бір адамнан келген", – деді Клименко.
Ол "алдын ала ақпарат бойынша, "Искандер" ракетасымен атқан болуы мүмкін" деп жазды.
"АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАРТЫСЫН ЖОҚ ҚЫЛДЫ"
Ресей күштері Украинаға басып кірген 2022 жылғы 24 ақпанға дейін Гроза ауылында 500-ге жуық адам тұрған.
Жарылыс болған жерде жұмыс істеп жүрген журналист Мария Малевскаяның "Настоящее Время" арнасына айтуынша, ол жергілікті әкімшілік өкілдерінен қиранды астында онға жуық адам қалған болуы мүмкін деп естіген. Ресей Украинаға басып кіргеннен бері ауылда жүзге жуық адам қалған, яғни "бір сәтте ауыл халқының жартысын жоқ қылды" деді Малевская.
Бұған қоса ол жергілікті тұрғындардан естігенін бөлісті: ауыл тұрғындары осыдан бір жылдай бұрын қаза тапқан, сүйегін жақында тауып, кім екені анықталғаннан кейін арулап қайта жерленген әскери қызметкерді еске алуға жиналған екен, сол кезде тұтқиылдан шабуыл жасалған.
"БІР СӘТТЕ ЕҢ КӨП АДАМ ҚАЗА БОЛҒАН ОҚИҒА"
Харьков облыстық әскери әкімшілігі басшысының орынбасары Елена Шаповал бейсенбі күні Гроза ауылына жасалған шабуыл, Ресей Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғыс ашқалы бері бір мезетте ең көп адам қаза тапқан оқиға болды деп мәлімдеді.
Журналистер Гроза ауылына шабуыл Украина президенті Владимир Зеленский Испанияда Еуропаның саяси саммитіне қатысып жатқан тұста жасалғанына назар аударған.
Президент Зеленский telegram-арнасында жариялаған постында Ресей әскерінің шабуылын айыптап, оны нысанаға кім алынғанын "біле тұра жасалған теракт" деп атады.
"Ресейдің террорын тоқтату керек. Ресейге санкцияларды айналып өтуіне болысып отырғандар – қылмыскерлер. Ресейді әлі күнге дейін қолпаштап келе жатқандардың бәрі зұлымдықты қолдайды. Мұндай және осыған ұқсас басқа терактілер Ресейге бір ғана мақсатқа керек: ол өзінің геноцидтік басқыншылығын жаңа қалыпты нәрсе ретінде күллі әлемге таңғысы келеді. Өмірді қорғап жатқан бізге қолдау білдірген әр жетекшіге, әр халыққа алғысымды білдіремін!", – деп мәлімдеді Зеленский.