Батыс санкциясына Ресейдің төтеп берері күмәнді

Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 16 қараша 2012 жыл.

Украинадағы дағдарыс Ресей мен Батыс елдерінің арасын нашарлатып, Мәскеуге қатаң шаралар қолдану жайы айтыла бастады. Экономикалық санкциялардың салдары екі жаққа да білінеді, бірақ одан Ресей көбірек зардап шегеді дейді сарапшылар.
«Қырғиқабақ» соғыс аяқталғалы бері Шығыс пен Батыстың ең шиеленіскен қарсыластығы үдеп барады. Еуропа мен АҚШ Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсы тұруға дайындалып жатыр. Алайда бұл жолы басты қарулары танк емес, банк болмақ.

Еуропа Одағы (ЕО) мен АҚШ Ресейге қарсы көздеген экономикалық санкцияларын бірыңғайластаруға күтпеген әзірлікпен кірісті. Олар тіпті Иранға қарсы пайдаланатын қатаң шараларын қолдануға да дайындық білдіріп отыр.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри наурыздың 10-ы күні Мәскеуге қарсы санкциялардың «шынымен де жылдам» іске асырылуы мүмкін екенін ескертті. Ал Германия канцлері Ангела Меркель наурыздың 13-і күні "Ресей саяси және экономикалық орасан шығындарға бас тігіп отырғанын" айтты.

Бұл Ресейдің жаһандық экономикаға жан-жақты интеграцияланғанына және оған

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Лондон, 14 наурыз 2014 жыл.

қарсы санкциялар Батыстың өзіне де айтарлықтай шығын боларына қарамастан орындалып жатыр. Сарапшылар "Еуропаның Ресей табиғи газына тәуелділігін ескергеннің өзінде, Ресейдің Батысқа батыра қолданатын қарсы шараларға бару қабілеті көпшілік күткеннен төмен" дейді.

Еуропа – Ресей мұнайы мен табиғи газының басты рыногы. Одан түскен кіріс Ресей бюджетінің әлі де қомақты бөлігін құрап келеді. Бұған қоса ресейлік компаниялар үшін – мемлекеттік бақылаудағы я жекеменшік болсын – негізгі қаржыландыру көзі Батыс банктері болып отыр.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ НАРЫҚҚА ТӘУЕЛДІЛІК

Вашингтондағы Петерсон халықаралық экономика институтының аға ғылыми қызметкері Эндерс Эсландтың айтуынша, Ресейдің қаржы орталығы – Лондон, қазір Ресейдің дүниежүзілік қаржы жағдайына тәуелділігі аса жоғары.

– 2008 жылдың күзінде байқағанымыз, Ресейдің қор рыногы 2008 жылдың мамырынан қазан айына дейін 80 пайыздан кем емес көрсеткішке төмендеді, - дейді сарапшы.

Bloomberg мәліметтеріне сәйкес, 2013 жылы ресейлік компаниялар Батыс банктерінен 58 миллиард доллар несие алған. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 38 миллиард долларды құраған. Қарызға берілуі керек 8 миллиард долар жайындағы келіссөздер туралы The Moscow Times газеті: «Украинаға қатысты қайшылықтарға байланысты бұл келіссөздерге үзіліп кету қаупі төніп тұр» деп жазады.

Сонымен қатар дағдарыс туындағаннан бері Ресей қор нарығының күрт төмендеуі капиталдандыруы шектеулі компаниялар үшін қарызды осы уақыттан қымбаттатып отыр. Ал қарыздарды сақтандыру құны әлден өсіп барады.

ОФФШОРЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР

Вашингтондағы Global Financial Integrity үкіметтік емес ұйымы өткен айда жариялаған баяндамасында Ресей экономикасы Батыстың салықтан бас сауғалайтын мүмкіндіктерімен тығыз байланыста екенін жазған.

Симферополь қаласындағы ПриватБанк ғимараты алдында кезекте тұрғандар. 15 наурыз 2014 жыл.

Мәселен, жалпы ішкі өнімі небары 23 миллиард долларды құрайтын Кипр - Ресей инвестицияларының бір әрі көзі, әрі құйылатын жері. Баяндамада «Кипр – Ресей қылмыскерлері үшін ақшаның ізін жасыратын басты механизм» делінген.

- 2011 жылы Ресейдің астыртын экономикасы жалпы ішкі өнімінің 35 пайызын құрады. Ресми жалпы ішкі өнім 1994 жылдан бері күрт өсті. Осы себепті де оның үлесі төмендегенімен, абсолютті шкаласы аса ауқымды болып отыр, - дейді Global Financial Integrity ұйымының жетекші экономисі және аталмыш баяндаманың авторы Дев Кар.

Халықаралық валюта қорының мәліметінше, Ресейдегі ең ірі инвесторлар мен Ресей инвестицияларын қабылдаушылар тізіміне Нидерланд, Британиялық Виргин аралдары, Багам аралдары және Люксембург кіреді.

Бұл транзакциялардан Батыстың қаржы құрылымдарына аса қомақты пайда түседі. Ал осы пайдаға ие болатын қаржыгерлер - әдетте айтарлықтай саяси ықпал жасай алатын тұлғалар. Осы жайт кейбір шолушыларды, оларға қоса Ресей президенті Владимир Путинді де Ұлыбритания мен Германия сияқты елдер қатаң санкцияларға қарсы болады деген пікірде қалдыруы мүмкін.

– Ресей элитасы 15, 20, 30 жыл бұрын Еуропаның истеблишментінен бұрынғы құпия қызмет, әскери барлау офицерлері және де Совет Одағын бөлшектеуге үлесін қосқан адамдар деп сескенсе, енді дәл осы элитаның қазір Ресейді тонауға көмектесіп жатқанын біледі. Себебі олардың ақшаларын Батыста орналастыруға көмектесетін – британ банкирлері, француз заңгерлері және неміс есепшілері, – дейді британ журналисі, «Әлжуаз империя: Ресей Владимир Путинді қалай сүйіп, одан қалай жеріді» кітабының авторы Бен Иуда.

Бірақ соңғы күндердегі Вашингтонда және Еуропа астаналарында болған талқылар бұндай пікірлерді жоққа шығарған сияқты. Наурыздың 11-і күні Еуропалық парламент жалған компанияларға жол бермеу шараларын көпшілік дауыспен қолдады. Енді корпоративті бенефициарлардың есімдері жария болуы керек.

ЕСЕПШОТТАР АШЫҚТЫҒЫ

Global Financial Integrity ұйымының өкілі Кларк Гаскойн осы талпыныстардың басты қозғаушы күші Ұлыбритания екенін айтады.

- Ұлыбритания қазан айында нағыз иелері жайлы ақпараттың жария тізімін жасайтынын мәлімдеген. Қазір ол осы бағыттағы шаралардың жетекші күші болып отырған Ұлыбритания осы бастаманы 100 пайыз қолдайды, - дейді ол.

Экономист Эсланд жаңа санкциялар қолданбай-ақ, ақша жасыруға қарсы бұрыннан бар ережелерді қатаң орындаса, бұл есепшоттар Ресей бизнесмендерінің және олармен байланысқан мемлекеттік лауазымды тұлғалардың осал тұстарына айналатынын айтады.

- 2012 жылы Кипрде дағдарыс басталғанда, кейбір салымшылардың ақшаларын өзге

Ресей мен Украина шекарасындағы Курск облысында орналасқан газ тарату станциясында.

елге алып кетпегені айтарлықтай таңданыс тудырған еді. Әңгіме ресейліктер мен украиналықтар жайында болатын. Ақырында олардың көбі мемлекеттік қызметкерлер екені анықталды. Оларға банк есепшоттарын ашуға тыйым салынатын болғандықтан, ақшаларын өзге елге орналастыра алмаған екен, - дейді Эсланд.

Оның айтуынша, Ресейдің көптеген мемлекеттік компанияларының шенеуніктерге Ресей экономикасын тонауға беретін мүмкіндіктеріне қарап, оларды "ұйымдасқан қылмыстық синдикаттар" деп сипаттауға болады.

Ресейлік лауазымды тұлғалар кез келген санкцияға қарсы шара барын ескерткен еді. Бірақ шын мәнінде, Мәскеудің экономикалық қарсы шара жасау қабілеті шектеулі болып шығуы мүмкін.

Ғаламдық қуат нарығындағы өзгерістер, әсіресе АҚШ-тың табиғи газ өндірісінің күрт өсуі Еуропаның Ресей табиғи газынан толығымен бас тартуына жол ашып беруі мүмкін.

«МӘСКЕУ ӨЗ ШАРАЛАРЫНАН ӨЗІ ЗАРДАП ШЕГЕДІ»

Оксфордтағы энергетикалық зерттеулер институтының жетекші қызметкері Джонатон Стерннің айтуынша, Ресейдің ғаламдық экономикаға интеграцияланғаны соншалық, Батыс санкцияларын қолдана қалған жағдайдың өзінде, Мәскеу Еуропаға жіберетін газын оңайлықпен тоқтата алмайды.

- Еуропаның газсыз қалай күн көретінінен бұрын оған дейін не болатын қарастырып көрелік. Біріншіден, ресейліктер орасан шығынға ұшырайды. Газ сатпағандықтан ғана емес, бастысы - келісімшарттарды бұзғаны үшін. Бұл - еуропалықтар Ресей газынан бас тартпай, керісінше ресейліктер газ жеткізуді тоқтатып тастаған жағдайдағы сценарий. Газ мәселесіне келгенде көпшіліктің ұмытып кететіні - ол біреу қалаған-қаламағандықтан тоқтатылмайды. Бұл - арбитражы бар және қыруар айыппұл төлететін міндетті халықаралық келісім-шарттармен бекітілген, - дейді Стерн.

Санкциялар соғысы аяқталған соң да Мәскеу ғаламдық экономикаға қайта интеграциялануы үшін, беделін қалпына келтіру үшін өзі келтірген залалды өтеуі керек болады.

Бұған қоса, Еуропа мен Ресей арасында ұлғайған алшақтық ЕО-ның қуат мәселесінде Ресейге тәуелділігін жоюдағы талпыныстарын жылдамдатады.Оған қоса Еуропалық парламенттің осы аптада ақша ізін жасыруға қарсы қолданған шаралары секілді қадамдарына жаңа қарқын береді. Санкциялық араздықтан кейін Ресей ғаламдық экономикада әлдеқайда тиімсіз орын алады.

«ПУТИН ШЫҒЫННАН ҚОРЫҚПАЙДЫ»

Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға қатысты әрекеттеріне қарасақ, оның бұл мәселелерді елер-елемесі түсініксіз. 1995-2000 жылдары Ұлыбританияның Ресейдегі елшісі болған, қазір Chatham House институтының қызметкері

Bloomberg Markets журналының мұқабасындағы Владимир Путиннің суреті. Нью-Йорк қор биржасы, 3 наурыз 2014 жыл.

Эндрю Вуд Путин Украинаға қатысты шешім қабылдағанда эмоция жетегінде кеткенін айтады.

- Бұнда шамадан тыс эмоциялық мазмұн байқалады. 2012 жылдың мамырында қайта оралғалы бері, Путин бұқаралық насихатқа көп сүйенетін болды. Әсіресе прогрессивті электоратқа қарағанда консервативті электоратқа көп жүгінетіні байқалады. «Даурықпа патриотизм» жемісін беріп, Путин қысқа мерзімді қолдауға ие болып отыр, - дейді маман.

Вудтың пікірінше, Путин қыруар шығын шегуге дайын болуы да мүмкін. Сарапшы санкциялар банк қаржыландыруына араласу сияқты деңгейде жүре берсе, Ресей экономикасына зор ықпал етуі мүмкін екенін айтады. "Алайда олар Путиннің беталысына әсер ететін-етпейтіні – бөлек әңгіме" дейді Вуд.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған - Әзина Мақұлжан).