"Ресей ЕАЭО шартын бұзды". Қырғызстанда жанармай қымбаттап жатыр

Көрнекі сурет.

Қырғызстанда бір жылда жанармай екі есе қымбаттап, азық-түлік пен негізгі тауар бағасы да өскен. Қырғызстанға жанармайды жеңілдікпен сатып келген Ресей қыркүйекте экспорт баж салығын қайта енгізді. Кей сарапшылар бұған мұнай көлемінің азаюы әсер етті десе, енді бірі шешімнің саяси астары барын айтады.

ЖАНАРМАЙ БАҒАСЫ КҮРТ ӨСТІ

25 қыркүйекте Бішкектегі "Газпромнефть-Азия" жанармай станцияларында ең өтімді Аи-92 маркалы бензин литрі 56,4 сомға (1 АҚШ доллары шамамен 84,5 сомға тең) сатты. Бір жыл бұрын оның бағасы 32,3 сом болған. Ал дизель отыны бір жылда 24,2 сомнан 51,4 сомға дейін қымбаттады.

Қырғызстанда жанармай бағасы көктемде өсе бастаған. Ал қыркүйекте Ресей экспортқа шығаратын жанармайға баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Қырғызстан жанармайдың көп бөлігін Ресейден алады.

Жогорку кеңеш депутаты Емил Токтошев Ресей бензиннің көтерме бағасын өсіріп, Еуразия экономика одағы (ЕАЭО) шартын бұзып отыр дейді.

Жогорку кеңеш депутаты Емил Токтошев.

– Онсыз да қымбаттап жатқан жанармайға баж салығын енгізу бағаны одан әрі өсіріп жіберуі мүмкін. Ресей соны көздеп отыр. Біздің билік Ресей үкіметімен келіссөз жүргізген. Бірақ келісе алмады. ЕАЭО-ға кірген кездегі жеңілдік шарты сақталмай отыр. Елімізге жанар-жағармай тек Ресейден келеді. Әзербайжан, Иран, Түркіменстанмен келісіп, солардың нарығымен жұмыс істеу керек еді. Ресейге мөлиіп отырдық, кейін осындай жағдайға тап болдық. Негізі, шикі мұнайды сатып алып, Қырғызстан зауыттарында өңдесек ішкі қажетімізді өтеуге болар еді. Ал қазір қолдан кедергі жасап отыр. Еркін нарыққа шықпасақ, тәуелді болып қала береміз, – деді депутат.

Қазір Қырғызстанда Аи-92 және Аи-95 маркалы бензин литрі 57,5-62 сом тұрады. Бұл Ресейдегі бағадан 2-3 сомға қымбат.

Елге сырттан әкелінетініне қарамастан, жанармай Ресейдегіден арзан болатын. Қырғызстан мұнай трейдерлері қауымдастығының дерегінше, Ресей жанар-жағармайға экспорт баж салығын енгізген соң, Қырғызстанда бензин мен дизель тағы қымбаттауы мүмкін.

ЭКСПОРТТАУШЫ ЕЛДЕРДІҢ ТАРИФ САЯСАТЫ

Қырғызстан мұнай трейдерлері қауымдастығы атқарушы директоры Қанат Ешатов жанармай қымбатшылығын әлемдегі үрдіспен байланыстырады.

– Мұнай экспорттайтын негізгі елдер бағаны көтерді. Былтыр жыл аяғында бекітілген бюджеттерде Brent маркалы мұнай баррелі 70 долларға дейін көтеріледі деп көрсетілді. Былтыр баға 50 доллар шамасында болды. Сосын олар өндіретін мұнай көлемін азайтып, бағаны өсіре бастады. Біз өңдеуші зауыттың бағасына сәйкес болжам жасаймыз, – дейді депутат.

Апта басында әлем нарығында Brent маркалы мұнай баррелі 76,7 долларға жетті. Сарапшылар мұның себебін өндірістің қайта жанданып, сұраныс артуымен түсіндіреді.

"МҰНАЙ – САЯСИ ҚЫСЫМ ҚҰРАЛЫ"

Кей сарапшының сөзінше, Ресей мұнай баррелі 120-130 доллар тұрған кезде де экспорт бағасын өсіре қоймаған. Тіпті Ресейдің өзінде де баға шарықтап жатқанда, Қырғызстанда ондай қатты өсім байқалмаған.

Депутат Сайдулла Нышанов бұл мәселенің саяси астары бар дейді.

Жогорку кеңеш депутаты Сайдулла Нышанов.

– Ресей бізге жанармайды қымбатқа сатады. Жеңілдік лимитінен асырғанымызды желеу етіп, баж салығын қайта енгізді. Бізбен қандай да бір жайт бойынша келісе алмаса, мигранттар мәселесін немесе жанар-жағармай жеткізу проблемасын айта бастайды. Себебі жанар-жағармай қымбаттаса, бәрі қымбаттайды. Бұл – аса шетін мәселе. Олар қандай да бір мәселені басшыларымыз арқылы шешкісі келсе, осылай қысым көрсетеді, –дейді депутат.

Бұған дейін Қырғызстанда акциз бағасы төмен еді. Баж салығы болмаған. Бұл жанармайды Ресейдегіден де арзан бағаға сатуға мүмкіндік берген.

Депутат Сайдулла Нышанов үкімет әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын ұстап тұратын саясат жүргізе алмады дейді.

– Наурызда жанар-жағармай бағасы 60 сомға өсуі мүмкін деп ескерттім. Сондықтан ертерек қор жинап, шара қабылдау керек еді. Сұраныс артса, баға да өседі. Соған дайындалып, бірдеңе істеу керек еді. Бірақ үкімет құлақ аспады. Билік келіссөз жүргізіп, алдағы үш айдың болжамын білсе ғой дейсің. Қазір Қазақстанда бензин бізге қарағанда 15 сомға арзан. Бізде қатты қымбаттады. Көршілеріміз экономикамыздың өсуіне мүдделі емес. Олар бізге жанар-жағармайды қымбатқа сататыны, шектеу енгізетіні, ал өзгесіне жеңілдік беретіні белгілі ғой, – дейді депутат.

БАСҚА ЕЛДЕРДЕ ҚАЛАЙ?

Мемлекеттік монополияға қарсы агенттік ЕАЭО-қа мүше елдердегі жанар-жағармай бағасына талдау жасады. Ең арзан баға Қазақстанда (34,5 сом), ең қымбаты Арменияда (78 сом) деп айтылды.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты. Көрнекі сурет.

Ведомство директоры Кеңешбай Тайлақовтың сөзінше, нарықтағы жағдай жанар-жағармай қоры мен икемді тариф саясаты арқасында тұрақты болып тұр.

– Ресейдің өзінде көтерме баға 100 пайыз өсті. Бізде баға бұрынғы қордың арқасында өспей тұр. Әйтпегенде, Аи-92 маркалы бензин бағасы 57 сом емес, 65 сом болар еді. Қырғызстанда баға Беларусь, Армения, Өзбекстан, Тәжікстанға қарағанда тұрақты. Олардағыдай тапшылық жоқ. Қазақстан мұнайды өзі өндіреді. Соның өзінде ішкі нарықта бағаны экспорттың арқасында ұстап тұр. Бірақ шектеулер кесірінен дизель тапшы болып, Ресейден қымбатқа сатып ала бастады. Сондықтан баға саясатында абай болу керек. Егер бізде де сондай шектеулер болса, бізге жанар-жағармайды ешкім жеткізбейді. Ал баж салығын алып тастаса, баға тек 1,25-1,5 сомға азаяды. Бекітілген лимит бойынша, біз Ресейден әлі 60 мың тонна отынды баж салығынсыз экспорттай аламыз. Ол біткен соң үкімет қайтадан келіссөз жүргізе бастайды, – дейді монополияға қарсы агенттік басшысы.

Қазір Беларусьте жоғары маркалы бензин литрі 70,38 сом тұрады. ЕАЭО-ға кірмейтін Өзбекстан өзі өндірген бензин литрін 61 сомнан сатып жатыр. Ал экспорттан келген жанармай 66 сом тұрады. Мұндай деректі әлем бойынша жанар-жағармай бағасын күн сайын жариялап тұратын globalpetrolprices.com сайты хабарлаған.

Беларусь астанасы Минскідегі жанармай станциясында тұрған адам. Көрнекі сурет.

ТӘЖІКСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Тәжікстан да жанар-жағармайды Ресейден баж салығынсыз сатып алады. Бірақ онда бір литр бензин бағасы 75-76 сом (87-90 цент) болып тұр.

– 2014 жылы Тәжікстан мен Ресей жанар-жағармайды баж салығынсыз алу жайлы келісімшартқа отырған. Оған сәйкес, Тәжікстан Ресейден 1 миллион тонна бензин, дизель отынын, авиакеросинді квотамен ала алады. Соған қарамастан, Тәжікстанда баға жоғары. Тамызда тағы қымбаттады. Ресейдің өзінде жанар-жағармай бағасы өсіп жатыр. Мұнай қымбаттады. Оның үстіне, Ресей Тәжікстанға отынды доллармен сатады. Қазір баж салығынсыз сату келісімі күшін жойған жоқ. Жыл сайын тұтыну балансын келіскен соң, келісімді ұзартып отырады, – деді Азаттықтың Тәжік қызметінің экономика шолушысы Абдулло Ашуров.

Қырғызстан жылына 1 миллион 300 мың тонна жанар-жағармай тұтынады. Оның 90 пайыздан астамын Ресейден алады. Қырғызстанға Ресей мұнайын импорттайтын "Газпромнефть-Азия" және "Роснефть" секілді негізгі компаниялар да Ресейге тиесілі.

Азаттықтың Қырғыз қызметі материалынан аударылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қырғызстанда бензин бағасы Ресейден де қымбат болып тұр "Үш сағаттан бері тұрмыз". Қазақстан оңтүстігінде жанармай тапшы"Машина сумен жүрмейді... Бензин бағасы өссе бәрі қымбаттайды"