Ливанның LBCI телеарнасының алдын ала мәліметі бойынша, Бейрут қаласындағы портта Rhosus кемесімен жеткізілген 2750 тонна аммоний селитра жарылған. Жарылыстан жүзден аса адам мерт болып, 4 мыңнан аса адам жараланды. Телеарна дерегінше, бұл кеме портта 2014 жылдың қыркүйегінен бері тұрған. Кеме жүкті Грузиядан Мозамбикке апара жатқан. Кейін Ливан билігі “кеме портқа ақы төлемеді” деп, жүкті қоймаға түсірген. Кеме сонда қалған. Молдовия туымен жүрген бұл кеме Ресейдің Хабаровск тұрғыны, бизнесмен Игор Гречушкинге тиесілі. Ол 2014 жылы экипаж мүшелерін тастап кеткен. Азаттықтың Сибир Реалии сайты осы кеменің экс-капитаны Борис Прокошевпен сұхбаттасты.
– Бұл кемеге шамамен 2013 жылы келдім. Ол кезде Одесса қаласында тұратын едім. Жұмыс агенттіктердің бірі маған Росос кемесіне капитан болу жайлы ұсыныс жасады. Бұл кемеде бұрын да төрт айдай жұмыс істегем. Ол кезде кеме кипрліктерге тиесілі еді. Кейін мен кеткенде кемені Игорь Гречушкин алды. Артынша маған Рососта қайта жұмыс істеуге шақырды. Ойланып, иесі орыс қой деп келісім бердім. Кездескенде бәрі жақсы көрінді. Кейін кеме Түркияда біраз тұрды. Қарасам, бүкіл экипаж жиі ауысады. Күдіктене бастадым. Капитаннан не болып жатыр деп сұрасам, “бәрі жақсы” дейді. Ол капитан оңбаған болып шықты. Экипаж мүшелерінің ақша төленбеген соң кетіп жатқанын айтпады. Кейін өздері де кемеден кетті. Артынан бұрын жұмыстан шыққандар Халықаралық теңізшілер кәсіподағын шақыртқанын, оларға төрт ай ақша төлемегенін білдік. Бұл туралы экипажға ештеңе айтпады. Олар кеткендерін бізге “Мозамбикке баруымыз керек, бірақ ол жақ алыс, барғымыз келмейді” деп түсіндірді. Ал маған бәрібір еді. Мозамбикке барсам барам, көп ақша табармын деп ойладым.
– Қандай жүк апару керек еді?
Аммоний нитраты, селитра. Тыңайтқыш. Түркиядан Грекиядағы Пирейге бардық. Рейдте тұрып, жанармай құйып, рейске керекті заттарға тапсырыс бердік. Гречушкин бәріне қол қойды. Азық-түлік, керек заттарға тапсырыс келгенде ол өзі келіп, ақша жоқ деп кейін қайтарды. Бізді Пирейден Бейрутқа жіберді. Бейрутта палубада тағы жүк бар деп, соны алуды тапсырды. Бірақ ол тапқан жүкті палубаға қою мүмкін емес еді. Жүк өте ауыр жол көліктері екен. Бір машинаны қойып едік, кеменің люгі майысып қалды. Екінші көлікті қойсақ кеме ортасына түсер еді. Кеме ескі ғой. Жүкті тиеуден бас тарттым. Ол маған айғайлап дауыс көтеріп… Оған суреттерді жібердім. Бірақ оған бәрібір болды. Біз жүкті алмай қойдық. Ол бізді Кипрдің Ларнака қаласына шақырды. Бірақ Ливан билігі порт төлемін бермедіңдер деп кемеге арест қойды. Қанша сұрағанын білмеймін. Команда Гречушкиннің бұрынғы экипажға төлемегенін біліп, ешқайда бармаймыз деп отырып алды. Бірақ экипажды келістіріп, Кипрге баруға болар еді. Бірақ бізді Бейруттан жібермеді. Команданың жартысы Ливаннан шығып кетуге мүмкіндік алды. Мені, бас мехиникті, үшінші механикті және боцманды жібермеді. Біз Бейрутта 11 ай жаттық. Бір тиын ақша жоқ. Тамақ та әпермеді. Қиын жағдайға тастады деп айтуға болады. Бізді порт тамақтандырды.
- Ол кезде қай елдің азаматы едіңіз?
- Ресейдің азаматы едім. Ал Украинада тұрақты тұруға рұқсатым болған.
- Ресей билігіне қайырылдыңыз ба?
– Путинге ай сайын жағдайымыз түрмедегілерден қиын екенін жаздым. Сотталғандар қашан шығатынын біледі. Ал біз мүлде білмейміз. Жібере ме, жібермей ме, оны да білмедік. Хатымызға “өтініштеріңізді сыртқы істер министрлігіне жібердік” деген жауап алдық. Консулдықтағылар “сені осы жерден әкету үшін Путин арнайы жасақ жіберуі тиіс пе?” деді. Олар адвокат жалдап, сотқа беруге болар еді. Бірақ ештеңе істемеді. Өзіміз жанармай сатып, адвокат жалдадық. Ол Ливан билігін сотқа берді. Себебі Ливан бізді ұстауға құқығы жоқ еді. Біздің келісім-шартымыз да біткен. Кейін сот бізді елден шығуға рұқсат етті.
Your browser doesn’t support HTML5
– Естуімізше, Ливан заңына сай кемені қараусыз қалдыруға болмайды...
– Заңда ондай жоқ. Бірақ олар біреуге кемені қарау үшін ақша төлегісі келмеді. Біз сонда тұрдық. Қаласақ та, қаламасақ та кеме жөндеп, реттеп отырдық. Біз кемемен бірге батып кеткіміз келмеді.
– Гречушкин сіздермен байланысты ма?
– Байланысты. Бар жасағаны – бізге кемеден шыққан соң Одессаға билет қана алып берді.
– Ол сол кезде Кипрде тұрып жатты ма?
- Иә, сол кезде ол Кипрде тұрып жатты. Оның тұрақты тұруға рұқсаты болды. Бірақ өзі Ресей азаматы, Хабаровскіден. Ол жақтан қашан кеткенін білмеймін. Үйге оралғанда оны сотқа беруге тырыстым. Себебі айлықты бермеу Ресейде заң бойынша қылмыстық іске жатады. Хабаровскте сотқа бердім. Бірақ арызды қабылдамады. Ол тұратын жерге, яғни Кипрге барып арыз жазыңыз деді. Байланысқысы келмеді.
– Сізге қанша қарыз?
– Маған 60 мың доллар, аға механикке 50 мың, үшінші механикке 20 мыңдай, боцманға он мың доллар қарыз. Селитраны Батумиде тиеген кезде оған жүкті тасу үшін миллион доллар берген. Бұрынғы капитан солай деп айтты. Кенеттен бір айдан кейін оның ақшасы таусыла қалды. Айтпақшы, егер кемені металоломға өткізсе, 350 мың доллардай шығады. Ол кемені тастап, миллион долларды қалтасына басты.
– Миллионды кім төледі?
– Мозамбиктегі тапсырыс беруші. Басында тапсырыс беруші бәрібір жүкті талап етеді деп уайымдамадым ғой. Сондықтан жүкті апарармыз деп ойладым. Себебі олар тасымалдауға миллион доллар берді. Бірақ сатып алушы мүлдем үнсіз қалды.
– Жүктің тағдыры не болғанын білесіз бе?
– Біз Ливаннан кеткенде жүкті көлік министрлігінің жауапкершілігімен қоймаға апарды. Мұны Бейрутқа барған теңізшілерден білдім. Ал кеме екі-үш жыл бұрын батып кеткен. Cебебі кемеде тесік бар болатын, кірген суды шығарып отыру керек еді. Экипаж болмаса кім тазалайды.
– Қалай ойлайсыз, Гречушкиннен жалақыны талап етуге мүмкіндік бар ма?
– Егер оны қамап, төлемейінше босатпаймыз десе, бәлкім, төлер. Мысалы, Сочиде құрылыс компаниясына пәтер алам деп миллион 250 мың рубль бердім. Пәтер де, ақша да жоқ. Басшысын түрмеге қамады, бірақ ақша қайтармады. Ол түрмеде өлді, бәрі сонымен бітті. Заңгерлерге талай рет қайырылдым. Бұл уақыт жоғалту деп ойлаймын. Қазір ақшам жоқ, зейнетақыға қарап отырмын.
– Бейруттағы жарылыс туралы не ойлайсыз?
– Өздері кінәлі. Кемені арестке қоймай, тез құтылуы керек еді. Жіберіңдер дегенде, барыңдар, ештеңе керек жоқ деп босатуы тиіс еді. Олар портта тұрғандарың үшін ақша төлеңдер деп отырып алды. Енді не болды? Екіншіден, жүкті ешкім іздемесе, демек ешкімге керек емес деген сөз ғой. Сондықтан анаммоний нитратын, тыңайтқышты алып, далаға шашуға болар еді.