Коронавирустан қаза тапқандар саны 200-ден асты. ДДСҰ төтенше жағдай жариялады

Рим әуежайынан Қытайға ұшатын рейске тіркелу кезегінде тұрған жолаушы. 31 қаңтар 2020 жыл.

Қытай билігінің 31 қаңтардағы дерегі бойынша, коронавирустан қаза болғандар саны 213 адамға жетті. Ресми Пекин елде 9692 адам вирус жұқтырғанын, 102 мың адам вирус жұқтырды деген күдікпен бақылауға алынғанын хабарлады. Ухань қаласынан тараған вирусты жұқтырғандар Қытайдың барлық аймағында, соның ішінде Шыңжаң мен Тибетте де, тіркелген.

30 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Осыдан соң ДДСҰ вирустың таралуын тоқтатуға қаржы бөліп, дертпен күресуге тікелей араласады. Енді Қытай және вирус тараған елдер ДДСҰ шешімдері мен ұсыныстарын толық орындауы тиіс.

Вирус шыққан Ухань қаласының көшесін дезинфекциялап жүрген адамдар. 30 қаңтар 2020 жыл.

ДДСҰ халықаралық жолаушылар тасымалына, сапарларға, сауда-саттыққа шектеу қоюға негіз жоқ деп санайды. Ұйым басшысы Тедрос Аданом Женевадағы баспасөз мәслихатында «біздің халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялау шешіміміз – Қытайға деген сенімсіздік вотумы емес. Осыны түсінгендеріңіз абзал» деді.

ДДСҰ басшысы Пекин вирусты ауыздықтау үшін қажетті жұмыстар жүргізеді деп санайды.

«Егер вирус денсаулық сақтау саласы әлсіз елдерге тарап кетсе, ол елдердің қандай зардап шегетінін білмейміз. Осы бізді қатты алаңдатып отыр» деді Аданом.

31 қаңтардағы дерек бойынша, Уханьнан тараған вирус әлемнің 21 елінде – Ресей, Жапония, Таиланд, Сингапур, Австралия, Малайзия, Корея, Франция, Германия, АҚШ, Вьетнам, БАӘ, Канада, Италия, Ұлыбритания, Үндістан, Шри-Ланка, Непал, Филиппин, Камбоджа, Финляндияда – тіркелді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Қазақстанда 31 қаңтардағы есеп бойынша, 41 адам коронавирус күдігімен ауруханада жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өткен брифингте қазақстандық инфекционист Динагүл Баешева хабарлады.

"31 қаңтардағы дерекке сай, 66 адам қызуы көтеріліп, жедел респираторлық вирустық инфекция (ОРВИ) шағымымен ауруханаға жатқызылды. Кейін 25 адам ауруханадан шығарылды. Қазір 41 адам ауруханада. Ауруханаға түскендерден анализ алып, Алматыдағы аса қауіпті инфекцияларды тексеретін ұлттық ғылыми орталыққа тексеруге жіберіп жатырмыз. Алматыдағы орталық ПЦР тәсілімен коронавирусты анықтай алады" деді ол.

Ел билігінің мәлімдеуінше, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар ресми түрде тіркелмеген.

Видео: Алматы мен Нұр-Сұлтан дәріханаларында медициналық маска тапшы

Your browser doesn’t support HTML5

Алматы мен Нұр-Сұлтан дәріханаларында медициналық маска тапшы

31 қаңтарда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтандағы брифингте коронавирусқа байланысты Қазақстан Қытайдан бөлек, басқа елдермен шекарада, әуежайларда, теңіз жолдарында санитарлық тексерісті күшейтетінін мәлімдеді.

"Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Қытайда 10 мыңнан астам қазақстандық бар. Оларды әуе рейсімен қайтарамыз. Бұрын Қытайдан Қазақстанға билет алып қойғандар елге қайтып келуі тиіс. Біз оларға шектеу қоймаймыз. Үкімет Қытайдағы азаматтарымызды чартерлік рейспен қайтару жағын ойластырып жатыр" деді министр.

Нұр-Сұлтан 29 қаңтардан бастап Қытаймен автобус қатынастарын шектеген. 1 ақпаннан бастап Қазақстан мен Қытай арасында пойыз, 3 ақпанда әуе рейстері тоқтайды. Нұр-Сұлтан Қытай азаматтарына виза беруді де уақытша доғарды.

Қазақстан Қытаймен шекараны жабу туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Нұр-Сұлтан егер екі елмен шекараны толық жауып тастаса, Қытайда жүрген қазақстандықтар кері қайта алмай қалады деген уәж айтады. Сыртқы істер министрлігінің дерегі бойынша, вирус ошағы саналатын Қытайдың Ухань қаласында қазақстандық 98 студент бар. Билік Қытаймен студенттерді Уханьнан шығару жағын ақылдасып жатқанын хабарлады. Уханьда жұмыс бабымен я саяхаттап жүрген қазақстандықтардың қанша екені белгісіз.

Ал Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Қытай билігінің Уханьда оқып жүрген өзбекстандық студенттерді эвакуациялауға рұқсат бермегенін мәлімдеді.

Ресей үкіметі Қытаймен шекараны жауып, бұл елдің азаматтарына виза беруді тоқтатты. 31 қаңтарда Ресей билігі елде екі адам коронавирус жұқтырғанын хабарлады. АҚШ өз азаматтарына Қытайға бармауға кеңес берді.

Австралия, Оңтүстік Корея, Сингапур және Жаңа Зеландия алдағы екі аптада Қытайда жүрген барлық азаматын эвакуациялап алатынын хабарлады. Пәкістан билігі ДДСҰ кеңесінен кейін Қытайдағы азаматтарын елге эвакуацияламайтынын жеткізді.