Коронавирус әлем экономикасын тұралатты. Уханьнан бастап Бавария мен Мичиганға дейінгі өндіріс орындары қаңтарылып, миллиондаған адам жұмыссыз қалды. Енді азық-түлік мәселесі не болады?
Коронавирус індетінің салдарынан оқшауланып, құлпынай жеп отырсыз ба?
Шамасы, қолыңыздағы құлпынайды шалғайдағы бір ферма өсірген шығар. Бәлкім үйіңізден мыңдаған шақырым жердегі ірі кәсіп иесінің өнімі болар? Оны мигранттар қолмен теріп, өзге аймақтан, тіпті бөтен елден жөнелткен болуы мүмкін.
Бірақ әлемде коронавирус пандемиясы жалғаса берсе, үстеліңізде құлпынай тұра ма? Нан ше? Макарон мен сұйық май ше?
Коронавирус қазірдің өзінде әлем экономикасын дағдартты. Уханьнан Бавария мен Мичиганға дейінгі өндіріс орындары қаңтарылып, миллиондаған адам жұмыссыз қалды.
Енді біз жеп жүрген азық-түлік пен жеміс-жидек қайдан келеді?
Климаты жайлы ауылда тұрсаңыз, жейтін азығыңызды бақшаңыздан я саяжайыңыздан жинап аларсыз. Ал егер қалада тұрып, дүкеннен нан, сүт, кеспе сатып алып жүрсеңіз, онда сіз жаһандық азық-түлік тасымалына тәуелдісіз.
Біз жейтін жеміс-жидекті теретін адам ауырса, не карантинде жатса не болады? Картоп пен пиязды қорапқа салып, көлікке тиейтіндер жұмысын істей алмай қалса ше? Ұн тартылмаса, наубайханаға жеткізілмесе, нан пісірілмей, дүкендерде сатылмай қалса не болады?
Алдағы уақытта әлемде азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін бе?
Белфасттағы Куинс университетінің профессоры Крис Эллиот Twitter парақшасында "Пандемия әлемдегі азық-түлік тасымалын жаппай кідіртеді" деп жазды.
Коронавирус әлемдегі азық-түлік тасымалына қалай әсер етеді? Талдап көрейік.
ҚАЗІР НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?
Наурыздың ортасында кейбір елдерде індет бәсеңдей бастағанымен көп елде одан әрі үдей түсті.
Жаһандық азық-түлік тасымалына қауіп төнгені анық болды.
БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас экономисі Максимо Каллен мақаласында "Ұзаққа созылған пандемия фермер, ауыл шаруашылық мекемесі, өңдеуші, жеткізуші, сатушы сияқты түрлі салаларды қамтитын азық-түлік тасымалына жылдам қиындық келтіруі мүмкін" деп ескертті.
Кейбір жерлерде жұрттың әбігерге түсіп, жаппай азық-түлік қорын жинауы да тамақ қорын қорын түгесіп, тақырға отырғызуы мүмкін.
Сәуірдің басында БҰҰ-ның және бір ұйымы – Әлемдік азық-түлік бағдарламасы жұрттың алаң көңілін басуға тырысты.
Олар сәуірдің 3-індегі есебінде "Негізгі дәнді дақылдардың әлемдегі нарығында қор жеткілікті, ал баға қымбат емес" деп жазды.
"Әзірге іркіліс аз, азық-түлік тиісті деңгейде тасымалданып жатыр, ал нарықтар салыстырмалы түрде тұрақты" деді Азық-түлік бағдарламасының ресми өкілі Элизабет Бирс.
"Алайда ірі импортерлар негізгі азық-түлік өнімдерінің еркін ағынына сенуден қалса, азық-түлік тасымалында іркіліс болуы ықтимал" деді ол.
Тұтынушылардың өмір салты өзгергендіктен өнеркәсібі дамыған елдердің болашағы тіпті бұлыңғыр. Өйткені дамыған елдердің азық-түлік тасымалы бұзылып жатыр.
"Әңгіме қазірдің өзінде құбылып жатқан азық-түлік тасымалының түбірімен өзгеруінде болып тұр" деді АҚШ-тың Тафтс университетіндегі Фридман мектебінің азық-түлік саясаты және халықаралық бизнес профессоры Джеймс Тиллотсон.
КІМГЕ ҚАУІП КӨП?
Дамыған ірі елдердің үлкен қалалар мен қала маңындағы аудандарда шоғырланған тұрғындары үшін азық-түлік тасымалы тым күрделі, сондықтан оларға қауіп көп.
Ал өнеркәсібі онша дамымаған, халқының көбі ауылда тұратын елдердегі азық-түлік тасымалы қарапайым. Жұмыртқа мен сүтті қораңыздағы мал мен құстан алмасаңыз да, жақын маңдағы фермадан сатып аларыңыз анық.
Бидай, жүгері, соя сияқты өзге азық-түлік түрлері үлкен көлемде, көбіне шалғай аудандардан жеткізіледі. Демек мұнда тасымал тізбегіне қауіп көбірек.
Бұған аштық болады деп қорқып, әдеттегіден әлдеқайда көп қор жинап жатқан байбаламшыл сатып алушылар факторын қосыңыз. Мысалы, Мәскеудің кейбір азық-түлік базаларында қарақұмық мүлде таусылды деген ақпарат шықты.
Бұл жағдай кейбір елдердің өз азаматтарын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін оны сыртқа экспорттауға шектеу қою туралы шешім шығаруына мәжбүр етті.
Күріштің ірі экспортеры саналатын Вьетнам мен Үндістан күрішпен қоса басқа да өнімдерді сыртқа сатуға шектеу қойды.
Әлемдегі ең ірі бидай экспортерларының бірі саналатын Қазақстан да бұл азық-түлік түрін сатуды шектеді. Бұдан бұрын ел үкіметі пияз, қант, күнбағыс майы және тіпті жергілікті қарттар үшін аштықтан сақтанудың белгісі саналатын қарақұмық сияқты өнімдерді сыртқа сатуға тыйым салды.
Дәнді дақылдың әлемдегі ең ірі экспортеры – Ресей өткен айда қарақұмық, күріш, сұлы үлпегі сияқты өңделген дәнді дақылдарды сыртқа сатпайтын болды.
Тасымалдың азаюы әлем деңгейінде бағаны өсіріп жіберді.
Тиллиотсонның айтуынша, соңғы апталарда Бостон аймағында жұмыртқа бағасы үш есе қымбаттаған.
Бағаның өсуі, тасымалдың шектелуі қара базарға үлкен мүмкіндік берді. Осы аптада Қырғызстан полициясы сыртына “цемент” деп жазылған қаптарға салынып, заңсыз жолмен шетке жөнелтіліп жатқан ұнды тәркіледі.
Белсенділер, ғалымдар және әлемдегі ең ірі азық-түлік компанияларының басшылары сәуірдің 9-ында жасаған үндеуінде алдағы айларда жаһанда азық-түлік тапшылығы кесірінен аштыққа ұшырайтындар күрт көбейеді деп дабыл қақты.
Әлем елдерінің басшыларына жазған хатында олар "Қазір сауда тасымалын ашық әрі сенімді ететін өте маңызды да жауапты шақ туды" деп мәлімдеді.
Олар азық-түлік экспорттаушыларды халықаралық нарықтарға тасымалды тоқтатпауға шақырды әрі халықтың аштыққа ұшырауы мүмкін деген осал топтарына қамқор болуға, жергілікті өнім өндіруді дамытуға үндеді.
ӨНІМДІ КІМ ЖИНАЙДЫ?
Сарапшылар өнімді теріп, қаптап, жөнелту ісіне де қауіп төніп тұрғанын ескертті. Оның себебі – терімшілерді коронавирустан қорғайтын киім-кешек жетіспейді немесе жүріп-тұруға тосқауыл қойылып, фермалар жабылып қалғандықтан диқандар егіс алқаптарына жете алмай қалған.
Fitch Solutions тобының тәуекелді зерттеу бойынша сарапшысы наурыздың 25-і күнгі есебінде "Өнім өндіруге төніп тұрған басты қауіп – ферма жұмысшыларының денсаулығы және егістегі жұмыс күші санының азаюы" деп жазды.АҚШ-тың ауыл шаруашылығындағы жұмыс күшінің басым бөлігі – мигрант. Бұл елдегі азық-түлік және ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін ең ірі штат – Калифорния десек, оның басшылығы инфекцияны таратпау үшін "үйден шықпау" ережесін енгізді. Бұл фермадағы жұмыс күшіне әсер етті.
Еуропада да жағдай осыған ұқсас. Көктемгі егіс жұмыстары басталды, ал фермалар егін егетін, құлпынай сияқты жеміс-жидек пен көк-сөкті теретін жұмысшы таппай дал болып отыр. Еуропа одағы шекарасын жауып тастағандықтан, сырттан келетін мигрант жұмысшылардың жолы кесілген.
"Қазір көкөніс өсірушілер көктемгі егіс кезінде іште және далада жұмыс істейтін жұмыс күшін қажет етіп отыр. Бір жерде өте көп адамның топтасып жұмыс істейтінін де білеміз, сондықтан олар өздерін және айналасындағы адамдарды қорғауға мән беруі керек" деді Сербия фермерлер қауымдастығының президенті Стоян Маринкович Азаттықтың Балқан қызметіне берген сұхбатында.
"Ерте ме, кеш пе, коронавирус бәсеңдеп, жүріс-тұрыс пен сауда-саттыққа қойылған шектеу алынады, сөйтіп азық-түлік тасымалының тізбегі бұрынғы қалпына қайтып оралады" дейді сарапшылар.
Ол кезде басқа мәселе туындайды: шкафта, қоймада, тоңазытқышта тұрған артық азықты не істеу керек?
"Адамдардың тамақты көп сатып алып жатқаны тамақты көп жеп жатқаны деген сөз емес, олар жай ғана қор жинап қойды. Жағдай қалыпқа келгенде тұтынушылардың үйінде қалбырдағы тамақ пен дәретхана қағазы көп қалып қояды, олар көп уақыт ештеңе сатып алмайды" дейді Джонс Хопкинс университеті Кэри бизнес мектебінің операциялық менеджмент бойынша сарапшысы Гокер Эйдин.