Джордж Вашингтон және Мэриленд университеттерінің профессоры, азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмектер сапасын санитарлық бақылау басқармасының (Food and Drug Administration, FDA) вакцина бөлімі директорының ғылым жөніндегі орынбасары Константин Чумаков АҚШ нарығына шығуға рұқсат алған вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігін зерттеуге қатысып жатыр. Ғалым коронавирус инфекциясының алдын-алу үшін полиомелитке қарсы пайдаланылатын тірі вакцинаны қолдануды ұсынған. Жақында бұл вакцина Нью-Йорк пен Балтимордағы Мэриленд медицина мектебі жанындағы адам вирусологиясы институтының базасында адамның иммундық тапшылық вирусын алғаш ашқан ғалымдардың бірі Роберт Галлоның жетекшілігімен клиникалық зерттеуден өткізілмек.
Константин Чумаков Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында коронавирусқа қарсы вакцина дайындау процесі неге ұзаққа созылатынын, қандай профилактикалық дәрі-дәрмек түрлері барын және басқа ауруларға қарсы вакциналардың COVID-19 вирусын жеңуге қалай көмектесуі мүмкін екенін айтып берді. Ол сұхбатта айтқаны FDA басқармасының ресми позициясы емес, өз жеке ой-пікірі екенін ескертті.
Азаттық: Жаңа коронавирус инфекциясына қарсы вакцина дайындауға қанша уақыт кетуі ықтимал екенін есептесек, орташа алғанда екі жыл шығады. Бұл уақыттың көп бөлігі вакцианы жасап шығаруға емес, оны сынақтан өткізуге кетеді екен. COVID-19 вирусына қарсы вакцина дайындағанда клиникалық және оған дейінгі зерттеу кезеңдерінің кейбірін өткізбей, процесті жылдамдатуға болмай ма?
Константин Чумаков: Екі жыл – бәрі жақсы болса ғана іске асатын оптимистік болжам. Әдетте вакцина дайындауға идея пайда болған сәттен бастап есептегенде он жыл не одан да көп уақыт кетуі мүмкін. Осы уақыт ішінде зерттеу жүргізіп, вакцина дайындаудан бөлек, препаратты әуелі жануарларға, кейін еріктілер тобына салып, иммундық жүйенің инфекцияға реакциясын тексереді. Тек осыдан кейін ғана үшінші, шешуші кезеңде вакцинаны көп адамға салып, қанша адамда инфекцияға қарсы қорғаныс қабілеті түзілетінін, қанша адамға инертті плацебо препараты берілетінін салыстырып көреді.
Осыдан кейін вакцина дайындау процесі басталады. Оның өндірісін жолға қою да көп уақыт алады. Компания қаржылай тәуекелге барып, өндіріс процесін клиникалық зерттеулер жүріп жатқан кезде бастаса, уақыт ұтуға болады. Бірақ уақыт үнемдеу үшін клиникалық зерттеулерден бас тартуға болмайды. Өйткені ағзада вакцинаға қарсы антиденелердің пайда болуы олар міндетті түрде инфекциядан қорғайды дегенді білдірмейді. Кейде антиденелер науқастың жағдайын жақсартудың орнына, аурудың асқынуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан клиникалық зерттеулерден бас тарту қауіпті. Екі жыл – бұл процестің барынша жылдам режимдегі жұмысына кететін уақыт.
Азаттық: Вакцинаны бірнеше аптада дайындап шығаруға болады деп уәде бергендер де бар. Мысалы, Израильде осындай мәлімдеме жасалды.
Константин Чумаков: Бұл жай сөз ғана. Қазір иммундық жүйенің инфекцияға реакциясын туғызатын препаратты вакцина деп атап жүр. Бірақ бұл препарат жоғарыда аталған зерттеу кезеңдерінен өтпеген. Иммундық жүйе реакциясын туғызған препараттың бәрі бірдей пайдалы бола бермейді. Мұндай препарат пен вакцинаның арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Мұндай препаратты вакцина деп атау үшін оның қауіпсіз, тиімді екенін және адамды инфекциядан қорғайтынын дәлелдеу керек. Препарат иммундық жүйе реакциясын туғызып, бірақ адам ауруынан жазылмаса, оның несі вакцина?
Азаттық: COVID-19 вирусына қарсы вакцина дайындап шығару процесі қалай жүріп жатыр?
Коронавирусқа қарсы препарат сынақтан өткізуге дайын болған кезде елде инфекцияның таралуы тоқтап, науқас саны вакцинаның адамдарды аурудан қорғау қабілеті мен тиімділігін дәлелдеп, тиісті қорытынды шығаруға жеткіліксіз болуы мүмкін.
Константин Чумаков: Өндірісі көп шығынды қажет етпейтін қарапайым вакциналар клиникалық зерттеуден өтіп жатыр. Бірнеше апта ішінде қауіпсіздікті тексеруге арналған бірінші кезеңнің қорытындысы қолға тиеді. Осыдан кейін бұл вакциналардың аурудан қорғау қабілетін тексереміз. Оның жауабы жылдың соңына қарай шығады. Біз өте қарапайым мәселеге кезігуіміз мүмкін. Қазір коронавирус тез тарап жатқанына қарамастан, науқас саны көп емес. Вакцина мен плацебоның (қандай да бір анық емдік қасиеті жоқ препарат) әсерін салыстыру үшін клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінде вакцина салдырған және салдырмаған мыңдаған адамды сынақтан өткізу керек болады. Бұл ұйымдастыру жағынан қиын әрі қымбат процесс. Мысалы, Израильде алты аптадан соң коронавирусқа қарсы препарат сынақтан өткізуге дайын болған кезде елде инфекцияның таралуы тоқтап, науқас саны вакцинаның адамдарды аурудан қорғау қабілеті мен тиімділігін дәлелдеп, тиісті қорытынды шығаруға жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай кезде вакцинаны сынақтан өткізу мүмкін емес. Эбола вирусы кезінде осыған ұқсас жағдай болды. Эболаға қарсы вакцина сынақтан өткізуге дайын болған кезде, аурудың өршуі басылды. Адамдарды клиникалық зерттеуден өткізуге мүмкіндік болмағанда, жануарларға жүргізілген зерттеу қорытындылары негізге алынады. Сынаққа қатысқан жануардың иммундық жүйесі әлгі ауруға адамның иммундық жүйесімен бірдей реакция білдірсе, онда вакцинаны адамдарға салып көрместен, бірден қолданысқа шығарады. Коронавирусқа қарсы вакцина да осындай жағдайда шығарылуы мүмкін.
Азаттық: Вакцинаны АҚШ немесе Израиль дайындап шығарса, ол дүниежүзіндегі өзге елдерге жете ме?
Константин Чумаков: Иә. Өндіріс иесі вакцинаны дүниежүзіне шығарғысы келсе және препарат жағдайы орташа мемлекеттердің қазынасы көтеретіндей бағамен сатылса, әрине, күллі әлемге жетеді.
Азаттық: Вакцина тегін бола ма?
Константин Чумаков: Әрине жоқ! Әлемде тегін ештеңе жоқ. Мәселе осы шығындарды кім өтейтініне байланысты. Мемлекет вакцина шығынын өз мойнына алса, науқас препаратты тегін алады. Бірақ бұл жағдайда да вакцинаны сатып алуға салық төлеушілердің ақшасы жұмсалады.
Азаттық: Вакцинаның қандай түрлері бар?
Константин Чумаков: Вакциналар бірінші кезекте тірі және өлі деп бөлінеді. Тірі вакцина – адамдарға салынатын әлсіз вирустан дайындалған препарат. Вакцина вирусы адам ағзасына түскенде көбейіп, иммунитет реакциясын туғызады, бірақ науқасты ауыртпайды. Қызылша, полиомиелит, шешек ауруларына қарсы вакциналар осы топқа жатады. Тірі вакциналардың тиімділігі жоғары, өйткені олар табиғи инфекция жағдайын туғызып, иммундық жүйе оған қарсы толық күреседі. Мұндай иммунитет мықты болады.
Өлі вакциналардың "өлтірілген вакцина" деген екінші атауы бар. Вирусты өлтіріп немесе оның иммунитет реакциясын туғызатын бір бөлігін ғана қолданған кезде вакцинаны осылай атайды. Өлі вакцина қолдан өсіріліп, формалинмен өлтірілген вирустан жасалады. Осы өлі вирусты адамға салады. Адам ағзасында вирусқа қарсы антидене түзіледі. Олар вирусты залалсыздандыра алса, адамда қорғаныш қабілеті пайда болады. Кейде вирустың тазартылған антигенін, яғни, иммундық жүйеге әсер ететін ақуызды қолданады. Ол да гендік-инженерлік жолмен дайындалады. Одан бөлек, вакцинаны қорғаныш антигенінің емес, оны кодтайтын геннің негізінде дайындайтын технология бар. Бұл ДНК немесе РНК-ның бір бөлігі болуы мүмкін. Мұндай препарат ДНК- немесе РНК-вакциналар деп аталады. Осындай ДНК немесе РНК-ны адамның бұлшық етіне салса, олар ағзада ақуыз бөле бастайды. Ағза оған жауап ретінде антиденелердің түзілуіне әсер ететін антиген бөледі. Бұл жеңіл технологиялардың бірі, өйткені ДНК мен РНК өндіру көп күшті қажет етпейді. Ағзаға салынған ДНК мен РНК-ның кері әсері жоқ. Олар улы емес және қауіпсіз. Бұл шынымен тез жүзеге асатын процесс. Мұндай "вакцинаның" алғашқы үлгісін екі-үш күнде дайындауға болады. Мұнда вакцина сөзін тырнақшаға аламыз, өйткені бұл әзірге тек ДНК немесе РНК препараты ғана. Оны вакцинаға айналдыру үшін ұзақ уақыт сынақтан өткізу керек. Бұл вакцина өндірісіндегі жаңа әрі болашағы зор технология. Бірақ әзірге лицензия алған бір де бір РНК-вакцинасы жоқ. Яғни, бұл вакциналардың шынымен ағзаны қорғайтыны дәлелденбеген. Олар тірі вакциналармен салыстырғанда, бір ғана ақуызға әсер етіп, біртекті антидененің ғана бөлінуіне ықпал жасайды. Бұл антиденелердің қаншалықты тиімді екені белгісіз.
Азаттық: Коронавирус инфекциясына туберкулезге қарсы вакцина (БЦЖ) көмектесуі мүмкін деген ақпарат тарады. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?
Константин Чумаков: Бұл рас және мұны күтпеген жаңалық деуге келмейді. БЦЖ вакцинасын өткен ғасырдың басында екі ғалым – Альбер Кальмет пен Камиль Жерен жасап шығарған. Вакцина солардың атымен БЦЖ (BCG – Кальмет-Жерен бациласы) деп аталады. Ғалымдар 20-ғасырдың жиырмасыншы жылдарында вакцинаның тек туберкулезден ғана емес, басқа көп аурудан қорғайтынын білген. Мұндай қасиет қызылша, полиомелит сияқты басқа ауруларға қарсы тірі вакциналарда да кездеседі. Олар иммунитетті белгілі бір вирусқа қарсы дайындаудан бөлек, табиғи иммунитетті нығайтады. Ағзада арнаулы антиденелердің бөлінуі бірнеше күннен екі аптаға дейін уақыт алады. Арнаулы антиденелер – белгілі бір вирусты өлтіретін ақуыздар. Ауруды жеңетін де солар. Бірақ ауру жаңа басталып, ағза арнаулы антиденелер бөліп үлгермеген кезде инфекцияға қарсы табиғи иммунитет күреседі. Табиғи иммунитет – ағзадағы бөгде заттарды молекула деңгейінде ажырата алатын механизмдер жиынтығы. Бактериялар мен вирус молекуласының құрылымы адам мен сүтқоректілер ағзасындағы жасушаларға ұқсамайды. Табиғи иммунитетіміз болмаса, біз ешқандай ауруға қарсы тұра алмас едік. Табиғи иммунитет бактериялар мен вирустарға қарсы толық күресе алмаса да, ауру жұққан кезден бастап, арнаулы антидене бөлінгенше ағзаны инфекциядан қорғайды. Кез келген тірі вакцина табиғи иммунитетті күшейтіп, инфекциялық ауруларды жеңіл өткеруге көмектеседі. Сондықтан туберкулезге қарсы вакцинаны коронавирусқа қарсы қолдану үшін Еуропа мен Австралияда зерттеу басталды. Әзірге зерттеу қорытындысы жарияланбағанымен, ғалымдар арасында үміт күттіретін ақпараттар айтылып жүр.
Айтпақшы, болашағы бар тағы бір вакцинаны атап өткен жөн. Полиомиелитке қарсы тірі вакцинаны ата-анам Марина Константиновна Ворошилова мен Михаил Петрович Чумаков зерттеген. Бұл вакцинаны АҚШ-та Альберт Сейбин жасап шығарған. Бірақ америкалық денсаулық сақтау органдары вакцинаға рұқсат бермеген. Өйткені ол кезде елде өлі вакцина қолданылатын, ал тірі вакцинаның қауіпсіздігі күмән туғызған. 1950 жылдардың ортасында әкеме Мәскеуден полиомиелит институтын ашу тапсырылған. Қазір бұл институтқа әкемнің аты берілген. Сол кезде ата-анам бұл мәселені зерттеу үшін АҚШ-қа барған. Олар Сейбиннің жұмысын ұнатып, америкалық ғалымнан полиомелитке қарсы тірі вакцина алып, сынақтан өткізген. Осылай әлемде бірінші болып вакцина өндірісін бастаған. Осыдан кейін Совет одағы бұл вакцинаны жаппай қолданысқа шығарып, АҚШ тірі вакцинаға рұқсат бергенше, полиомелитті жеңіп үлгерген. Ата-анам вакцинаны сынақтан өткізген кезде оның ерекше қорғаныш қабілеті барын түсінген: қауіпсіз вакциналық вирус дені сау балаларда кездесетін басқа вирустардың бәрін ағзадан шығарған. 1970 жылы 60 мың адамға клиникалық зерттеу жүргізген кезде, тұмаудан осы ауру түріне арналған вакцинаға қарағанда полиомелитке қарсы вакцина жақсырақ қорғайтыны анықталған. Анам бұл әсерді жүйелі түрде зерттеген әлемдегі жалғыз ғалым болатын. Бірақ анамның бұл тақырыпта жазған мақаласы ол қайтыс болғаннан кейін бір-ақ жарық көрді. Бұл мақалаға ағылшын тілінде шолу жасалғанымен, ол кезде ешкім идеяны қолдап, ары қарай дамытпады. Өкінішке қарай, оның еңбегі жалғасын таппады. Ал бүгін сол идеяға қайта оралып отырмыз.
Бұл екпе ағзаны кез келген инфекция түрінен өмір бойы қорғайды деп ойлауға болмайды.
Бірақ бұл екпе ағзаны кез келген инфекция түрінен өмір бойы қорғайды деп ойлауға болмайды. Ағзада өмір бойы сақталатын арнаулы антиденелермен салыстырғанда, табиғи иммунитеттің әсері бірнеше апта не айдан кейін жойылады. Бұл осы мақсатта қолдануға ұсынылатын туберкулезге қарсы вакцинаға да қатысты. Көп жыл бұрын БЦЖ немесе полиомиелит вакцинасын салдырған болсаңыз, бұл қазір сізді COVID-19 вирусынан қорғай алмайды. Бұл үшін тағы да вакцина салдыру керек. Эпидемия кезінде БЦЖ, полиомиелит пен басқа тірі вакциналарды қолдану – жақсы идея. Бірақ клиникалық зерттеулерсіз бұл идеяны іске асыруға болмайды. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вакциналарды қолданбас бұрын клиникалық зерттеулер нәтижесін күтуге шақырды.
Азаттық: Франциялық инфекционист маман Дидье Рауль COVID-19 вирусын малярияға қарсы гидроксихлорохин препаратымен (Константин Чумаков препарат атауы көп жерде осылай жазылғанымен, орыс тілінде оны "оксихлорохин" деп атаған дұрыс деп есептейді – ред.) және азитромицин антибиотигімен емдеуді ұсынды. Оның ұсынысын сынағандар көп болды. Сын әділ ме, бұл жайлы не ойлайсыз?
Константин Чумаков: Оған қарсы айтылған сынмен келіспеймін. Дидье Рауль мұны өзі ойлап тапқан жоқ. Корей ғалымдарының тәжірибесіне сүйеніп, өзінше жеткізді. Әуелі ғалымдарға оның жаңа препаратты әдеттегіден бөлек зерттегені ұнамады. Одан кейін коронавирусты гидроксихлорохинмен емдеу мүмкіндігі туралы күнделікті брифинг кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп та айтты. Бұл кез келген мәселеге саяси сипат бергенді ұнататын баспасөзде қызу реакция туғызды. Гидроксихлорохин COVID-19 вирусына қарсы тұруға көмектесуі мүмкін. Ол вирусқа қарсы қалай күресетіні жөнінде кемінде үш гипотеза бар. Біріншіден, гидроксихлорохиннің тірі вакциналар сияқты табиғи иммунитет белсенділігін оятатыны бұрыннан белгілі. Вирус жасушаға жұғу үшін сыртқы қабығын шешуі керек. Бұл арнаулы эндосома көпіршіктерінде жүреді. Эндосомада қышқыл орта бар. Гидроксихлорохин эндосомадағы қышқылды азайтып, вирустың сыртқы қабығын шешуіне кедергі келтіреді. Вирусқа қарсы күреске керек механизм осы болуы мүмкін. Гидроксихлорохин жасуша қабығында ионды каналдар түзеді. Бұл мырыш иондарына ішке енуге мүмкіндік береді. Мырыш жасуша ішінде вирусты РНК-ны жоятын ақуыздардың белсенділігін арттырады. Гидроксихлорохиннің мырыш қоспасымен араласқанда тиімділігі артады деген дерек бар. Сондықтан көп тәуелсіз зерттеуде бұл препарат коронавирусқа қарсы көмектеседі деп жазылып жүр (бірақ гидроксихлорохиннің тиімділігі анықталмағаны туралы да зерттеулер бар – ред.). Ол қазір америкалық және шетелдік емханаларда қолданылады, ал баспасөз бен бірқатар саяси қайраткер препаратты сынаған сөзін қайтып алды. Дегенмен гидроксихлорохинды абайлап қолданған жөн. Медициналық көптеген препарат сияқты оның да кері әсері бар. Бірақ препараттан келетін қауіп толық зерттелген (Бразилияда гидроксихлорохиннің улы баламасы хлорохиннің тиімділігін зерттеу жұмыстары препараттың жүрек қызметіне кері әсер етуіне байланысты тоқтатылды. Швеция да сол себепті хлорохинді COVID-19 вирусына қарсы емдік мақсатқа қолданудан бас тартты. Азитромицин антибиотигі хлорохин мен гидроксихлорохиннің кері әсерін күшейтуі мүмкін. Азаттық радиосы емдеу шаралары туралы шешімді тек дәрігер ғана қабылдай алатынын ескертеді).
Азаттық: Бүгінде COVID-19 вирусын емдеуде жасанды антиденелер, ауруды жеңген адамдардың қан плазмасы, вирусқа қарсы ремдезивир препараты мен ВИЧ-ке қарсы емдеу шарасы сияқты әдістердің қайсысы тиімді болады деп ойлайсыз?
Константин Чумаков: Қазіргі кезде дүниежүзінде коронавирусқа қарсы тиімді болуы мүмкін 60 препарат бар. Вирустардың көбею механизмі ерекше, бұл процесс сүтқоректілер жасушасына ұқсамайды. Вирусқа қарсы препараттар осы механизмдерді жоюға арналған. Сондықтан бір вирусқа қарсы жасалған препарат басқа вирустарға қарсы да көмектесуі мүмкін. Кейде аурудың соңғы кезеңдерінде иммунитет өз жасушаларын өлтіріп, жағдайды ушықтырады. Қазір иммунитетті өз жасушаларын өлтіруден сақтайтын препараттар сынақтан өтіп жатыр. Ауруды жеңген адамның қан плазмасында вирусты жоятын антиденелер болады. Сондықтан ол да инфекцияға қарсы күрестің тиімді жолы. Ауруды жеңген адамның қан плазмасын құю 20-ғасырдың 30-жылдарынан бері белгілі және әртүрлі инфекциялар кезінде кеңінен қолданылады.
Азаттық: Жыл мезгілі ауысқан кезде инфекцияның таралуы бәсеңдей ме?
Константин Чумаков: Респираторлық вирустардың таралуына күз бен қыс қолайлы уақыт деп есептеледі. Адамда тұмау вирусына қарсы иммунитет қалыптасқан. Ағза вирусты танымауы үшін, ол жыл сайын мутацияға ұшырап, өзгеруге мәжбүр. Суық кезде вирус ұзақ сақталады, адамдар да оны тез жұқтырады. Осы жағдайлардың әсерінен тұмау маусымдық сипатқа ие. SARS-CoV-2 коронавирусы оған қарсы иммунитеті жоқ ортада пайда болған. Сондықтан оның таралу қарқыны жылдың белгілі бір мезгілінде өршитін тұмауға ұқсамауы мүмкін. Мысалы, қазір Австралияда жаз, бірақ бұл коронавирусқа тежеу болып отырған жоқ. Дегенмен климаты жылы елдерде коронавирус жұқтырғандар аз. Бірақ оған басқа факторлар да әсер етуі мүмкін. Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Жапонияда көшеде маска киіп жүру мәдениеті бар. Бұл инфекцияны шектейді. Оның үстіне, Үндістан, Қытай, Пәкістан, Бангладеш, Африка елдері сияқты климаты жылы мемлекеттердегі гигиеналық жағдай Еуропа мен АҚШ-тағы жағдайға ұқсамайды. Ол жақтағы адамдардың табиғи иммунитеті әртүрлі инфекцияға көп кезігетіндіктен, әбден жаттыққан.
Азаттық: Вирустың біртіндеп жойқындығы бәсең түрге өзгеруі мүмкін бе? Карантин шектеулерін тезірек алуға болмай ма?
Карантин кезінде өзімізде қалыптасқан өзгелерге аса жақындамай, алшақ жүру сияқты дағдылар біразға дейін вирустың таралуына кедергі келтіреді.
Константин Чумаков: Вирустарда уақыт өте келе ажалға апарып соқпайтын, агрессивтігі бәсең түрге өзгеру тенденциясы шынымен бар. Өйткені өлім вирусты тығырыққа тірейді. Өз құрбанын өлтірген вирус ары қарай тарамайды, оның орнын науқасты өлтірмей, бір адамнан екіншісіне жұғып, өмір сүретін басқа вирустар басады. Бірақ дәл қазір карантин шараларын алып тастаса, эпидемия жалғасуы мүмкін. Сондықтан карантин шараларын өте мұқият түрде, біртіндеп алған жөн. Екінші жағынан, карантин кезінде өзімізде қалыптасқан өзгелерге аса жақындамай, алшақ жүру сияқты дағдылар біразға дейін вирустың таралуына кедергі келтіреді. Бұл әдет басқа аурулардың да таралуына жол бермейді. Бұған қоса, адамдарды бойында антидене бар-жоғын анықтау үшін тиісті тексеруден өткізетін шығар. Олардың қорғаныш қабілеті бар болып шықса еш алаңсыз үйреншікті өмірін жалғастыра алады. Көп елде мұндай зерттеулер жүргізіле бастады. Кей жерлерде тексеруден өткен адамдардың 60 пайызының ағзасынан антидене табылды. Бұл өте жақсы жаңалық. Ол көп адамның COVID-19 вирусын жұқтырып, ауырғанын да сезбей жазылып кеткенін көрсетеді. Ауру белгісі байқалмайтын мұндай жағдай өзге көп вирустық инфекция кезінде де кездеседі. Сондықтан қазірдің өзінде көбімізге қауіп төніп тұрған жоқ деп үміттенуге болады.
Азаттық: Бұл әңгімемізден COVID-19 вирусының дамуы туралы болжамдар пессимистік емес, оптимистік сипатта деген қорытынды жасауға бола ма? Біріншіден, пандемия толқыны бұған дейін адамзат алғаш рет кезіккен Эбола немесе өзге инфекциялар сияқты табиғи себеппен өздігінен тоқтауы мүмкін. Екіншіден, егер айталық, күзде COVID-19 вирусының екінші толқыны басталса, оған дейін вакцина немесе өзге емдеу амалы табылып, дәрігерлер жинақтаған тәжірибесіне сүйеніп, инфекциямен бұрынғыдан жақсырақ күресуі мүмкін бе?
Константин Чумаков: Адамдар шыны ыдысты жартылай бос я жартылай толы көретін екі топқа бөлінеді. Қытай, Оңтүстік Корея сияқты елдерде эпидемия аяқталуға таяса, АҚШ пен Еуропа сияқты өзге елдерде өршіп тұр, ал Жапония мен Ресей тәрізді кей елдерде енді басталды. Әрине, әлі мыңдаған не миллиондаған адам вирус жұқтырып, одан жазылып шығады. Бірақ адамзат "испан тұмауы" сияқты бұдан да сұмдық пандемияларды бастан өткерген. Қазір біздің қолымызда мүлде басқа құралдар мен мүмкіндіктер бар. Бүкіл ғылыми қауымдастық бұл мәселені шешу үшін түрлі бағытта білек сыбана жұмыс істеп жатыр. Вакцина да, инфекциядан болатын өлімді барынша азайтуға септесетін тиімді препараттар да табылатынына еш күмән жоқ. Жұмыс қызу жүріп жатыр, егер алдағы апталарда немесе айларда біз үміттенгендей нәтижелер шықса таңғалмаймын. Әзірге бұлардың бәрі дәріханалар мен ауруханаларға қашан түсетінін дөп басып айту қиын. Бірақ ол күн пессимистер ойлағаннан ерте келеді деп сендіргім келеді.