Бішкектегі сыртқы істер министрлерінің "Еуропа одағы – Орталық Азия" форумы Қазақстанда билікке қарсы наразылық шарасын ұйымдастыру талпынысын күшпен басып жатқанда, Қырғызстанда қазіргі билік пен экс-президент Алмазбек Атамбаевтың арасындағы тартыс күшейген сәтте өтті.
Еуропа одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясат бойынша жоғарғы өкілі Федерика Могерини шілденің 7-сі күні Бішкекте Азаттыққа берген сұхбатында Орталық Азияда демократиялық өзгеріс енгізу "қиын процесс" болатынын айтты.
"Пікір қайшылықтары мен келіспеушіліктер барын жасырмаймыз. Бірақ біз бұл елдермен келісімді жалғастырып, қолдап, кейбір жағдайларда медиа өкілдеріне мүмкіндік жасаймыз" деді ЕО өкілі.
Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар Орталық Азия елдерінің билігін "адамдардың бейбіт митингіге шығу және сайлау құқығын жиі бұзады, сөз бостандығын шектеп, соттардың жұмысына араласады" деп жиі сынайды. Могерини Бішкектегі форумда Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлігімен бұл мәселелерді көтеріп, қамауда отырған белсенділердің жағдайын сөз еткенін айтты.
Соңғы айларда Қазақстанда билікке наразылық күшейіп тұр. 9 маусым кезектен тыс президент сайлауы өткен күні полиция билікке қарсы наразылыққа шыққан мыңдаған адамды ұстады. Халық билік жүйесін өзгертуді, әділ сайлауға жол ашуды талап еткен. Елдегі сайлауға, билікке қарсылыққа қарамастан Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз деп танылды. Тоқаевты кандидат ретінде елді отыз жылдай басқарып, президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған. Халықаралық бақылаушылар сайлау кезінде заң бұзу фактілері болғанын айтып, полицияның наразылыққа шыққандарды жаппай ұстауын сынады. Жергілікті бақылаушылар да сайлау учаскелерінде бюллетеньдерді топтап тастау фактілері мен алдын ала белгіленген бюллетеньдер жайлы айтса да, сот олардың арызын қанағаттандырмады.
Шілденің 6-сы күні де Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Шымкентте, Ақтөбеде полиция ҚДТ қозғалысының (елде қызметіне тыйым салынған) жетекшісі Мұхтар Әблязов митингіге шақырған жерге келген жүздеген адамды жаппай ұстады. Полиция адамдарды ұстау кезінде күш қолданды.
Видео: Алматыда полиция жүзге жуық адамды ұстады. 6 шілде 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық тілшілері Федерика Могериниден "Қазақстандағы адамдарды жаппай ұстау оқиғасы Бішкектегі форумда сөз болды ма?" деп сұрады.
- Бұл мәселені үнемі көтереміз. Біздің айтарымыз: ел билігі адам құқығы стандарттарын дамытуға тырысып, адамдардың пікірін еркін айтуға және сөз бостандығына кепілдік беруі тиіс. Біз бұл мәселелер жайлы ылғи айтып келеміз. Мемлекет пен биліктің адам құқығын қорғау арқылы инвестиция тартуға, елдің халықаралық аренадағы беделінің артуына зор мүмкіндігі бар, - деді Могерини.
Қазақстан ішкі істер министрлігі шілденің 6-сы күні нақты қанша адамның ұсталғанын айтпады, бірақ ведомство полиция адамдарды ұстағанда "өздерін заңға сай әрекет етіп, арнайы құралдар қолданбағанын" мәлімдеді.
Видео: Қолшатырлы адамдардың кедергісі. Нұр-Сұлтан, 6 шілде 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстан Конституциясы халыққа қарусыз бейбіт шеру, жиын, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыруға құқық береді. Бірақ 1995 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт жиын, митинг, шеру , пикет және наразылық шарасын ұйымдастыру шарты туралы қаулы қабылдаған. Заңмен теңестірілген қаулыға сай, азаматтар митинг, шеру немесе наразылық шарасын ұйымдастыру үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс.
Қазақстанда билікке сын айтылуы мүмкін митингілерге рұқсат алу қиын. Жергілікті әкімдіктер "митинг өткізуге бөлінген аймақта басқа шара өтетінін немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын" айтып, белсенділердің өтінішін кері қайтарады. Билік "рұқсат берген митингіні" ғана заңды деп есептейді.
БІШКЕКТЕГІ ФОРУМДА НЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ?
Могерини соңғы уақытта Өзбекстан адам құқығы бойынша бір қадам алға жылжығанын атап өтті. ЕО өкілінің сөзінше, Өзбекстан билігі "аймақтағы жағдайды жақсартып, елде ауқымды реформа жасауға тырысып жатыр".
Өзбекстанды ұзақ жылдар басқарған Ислам Каримов өмірден өткен соң оның орнына келген Шавкат Мирзияев діни сенімі мен саяси көзқарасына байланысты түрмеге қамалған жүздеген адамды қамаудан босатты.
Могерини Бішкекке келерден бір күн бұрын, 6 шілдеде Ашғабатқа барып, Еуропа одағының өкілдігін ашқан. Түркіменстандағы ЕО өкілдегі толыққанды делегация статусына ие болып, елдегі жағдайды бақылайды. Бұған дейін Ашғабатта Түркіменстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынас офисі ғана жұмыс істеген.
Могерини Азаттыққа берген сұхбатында ЕО Орталық Азиядағы бес елдің астаналарындағы өкілдіктері арқылы "елдердегі жағдайларды толық бақылап отыратынын" айтты.
Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымының өкілі Рейчел Денбер Могериниден Ашғабатқа барғанда Түркіменстан билігімен елдегі адам құқығы жағдайын ашық талқылауды сұраған.
Могерини Бішкекте Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен адам құқығымен қатар аймақтағы энергетика мәселесін де талқылаған.
Еуропа одағы, АҚШ, Ресей және Қытай мұнай мен газ қоры мол Орталық Азияға ықпал етуге тырысады. 1990 жылдары Батыс елдері Түркіменстаннан Еуропаға газ құбырын тартуды ұсынған. Жоспар бойынша, бұл құбыр Ресейді айналып өтуі тиіс еді. Бірақ бастама аяқсыз қалды. Түркіменстан – табиғи газ қоры бойынша әлемде алдыңғы қатардағы елдердің бірі.
Могерини Бішкекте министрлермен энергетика ресурстарын Еуропаға жеткізу жобаларын жеке талқыламағанын айтты. ЕО өкілінің пайымдауынша, Еуропа мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына басқа державалардың да әсері бар.
"Орталық Азия елдерінен не Еуропа одағымен, не басқа елдермен қарым-қатынас орнатыңдар деп талап ете алмаймыз. Аймақтағы елдер бізбен де, басқа державалармен де серіктес бола алады" деді Могерини.