Ұлыбритания компаниясы мен Facebook дауға қалды

Көрнекі сурет.

Ұлыбританиялық Cambridge Analytica зерттеу компаниясы 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауы кезінде Facebook әлеуметтік желісіндегі 50 миллион адамның жеке деректерін пайдаланып, Дональд Трамптың жеңіске жетуіне көмектесті деген күдікке ілінді.

Facebook қолданушыларының жеке бас деректерін Трамптың сайлау штабы жалдаған ұлыбританиялық компанияға заңсыз түрде берді деген айыпқа қалған Александр Коган есімді Кембридж университетінің зерттеушісі "жоқ жерден кінәлі болғанын" айтады.

Саяси жарнама жасаумен айналысатын ұлыбританиялық Cambridge Analytiса компаниясы 50 миллион Facebook қолданушының жеке деректерін ұрлап, қоғамдық ойды өзгертуге тырысты деген айыпқа ұшырады. Бұрын Cambridge Analytiса компаниясында жұмыс істеген Крис Уайли апта басында мәлімдеме жасап, зерттеу орталығы миллиондаған адамның желідегі деректерін заңсыз пайдаланғанын жария еткен. Бұл компанияның қызметін 2016 жылы АҚШ-та өткен президент сайлауы кезінде Дональд Трамптың штабы пайдаланған.

Крис Уайли.

Уайли "Facebook бұл деректер туралы білді және ешқандай шара қолданбады" дейді. Facebook бұл айыпты жоққа шығарып, Cambridge Analytiса компаниясын желіде бұғаттап тастады. Зерттеу компаниясы да Уайлидің айтқандарымен келіспейді.

Facebook-тің мәлімдеуінше, Cambridge Analytiса деректерді Кембридж университетінің қызметкері Александр Коганнан алған. Коган "Thisismydigitallife" ("Бұл - менің диджитал өмірім") атты мобильді қосымша шығарған. Осы қосымша арқылы Facebook қолданушыларының жазбаларын сараптап, олардың психологиялық портретін жасаған. Facebook оны қолданушылардың жеке бас деректерін Cambridge Analytiса компаниясына рұқсатсыз берді деп кінәлайды. Коган заңсыз әрекет жасамағанын айтады.

Ол: "Facebook пен Cambridge Analytiса мені кінәлі етіп көрсеткісі келеді. Біз заңды түрде жұмыс жасап жатырмыз деп ойладық" деді ол BBC-ге наурыздың 21-і күні.

Журналистер арнайы зерттеу кезінде Cambridge Analytiса компаниясының директоры Александр Никстің дауысын жасырын жазып алған. Никс компаниясының Трамптың жеңісіне зор үлес қосқанын айтып мақтанған. Cambridge Analytiса наурыздың 20-ында оны жұмыстан шеттетіп, Никстің айтқандарын "орталықтың құндылықтарына сай келмейді және бұл - заң бұзушылық" деп атады.

Лондондағы Cambridge Analytica компаниясының ғимараты.


Ал Коган: "Cambridge Analytica компаниясы деректерді ұлғайтып көрсетті және бұл деректер Трамптың кампаниясына көмектескеннен гөрі зиянын тигізді" дейді.

Коган Совет Одағы кезінде Молдовада туған және жеті жасқа дейін Мәскеуде тұрған. Кейін АҚШ-қа көшіп кеткен. Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде жұмыс істеп, зерттеу жұмыстары үшін Ресейдің мемлекеттік гранттарын алған.

Осы шудан кейін Facebook-тың қор биржасындағы акциялар құны екі күннің ішінде 50 миллиард долларға арзандап кетті. Әзірше бұл дауға қатысты Facebook-тың иесі әрі негізін қалаушы Марк Цукерберг үн қатпай отыр.