Халықаралық валюта қорының болжамы: карантин әлем экономикасына қалай әсер етеді?

Карантин режимі енгізілген Алматы көшесіндегі адамдар. 14 сәуір 2020 жыл.

Еуропаның бірқатар елі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус пандемиясының шарықтау шегі әлі алда деген ескертуіне қарамастан, бұған дейін азаматтар мен бизнеске қатысты енгізген шектеулерді жеңілдете бастады. Ал Халықаралық валюта қоры әлем мемлекеттері, оның ішінде Қазақстан экономикасына арналған болжамын жариялады.

Әлемде қоғамдық денсаулықты қамтамасыз ету мен коронавирустық пандемиядан зардап шеккен экономиканы қалпына келтіру арасындағы тепе-теңдікті сақтау туралы талас тоқтар емес. Ал Халықаралық валюта қоры биыл әлем экономикасын 1930 жылдары болған Ұлы дағдарыспен тең қиындықтар күтіп тұрғанын айтады.

Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл әлем экономикасы пандемия мен инфекцияның таралуын тежеу мақсатында енгізілген шектеу шараларының кесірінен үш пайызға қысқарады.

"Әлем ауқымды оқшаулау режиміне көшті. Мұндай дағдарыс бұрын-соңды болмаған" дейді қордың бас экономисті Гита Гопинат.

ЕУРОПА

Халықаралық валюта қорының дерегінше, Еуроаймақ экономикасы жеті жарым пайызға қысқарады. Бірқатар Еуропа мемлекеті біртіндеп қалыпты тіршілігіне оралу үшін, бұрын енгізілген кей шектеудің күшін жоя бастады. Басқа мемлекеттер бұл мәселеде барынша мұқият болуға тырысып, бұл процесс бірнеше аптаға созылуы мүмкін деп мәлімдеді.

Коронавирустық инфекциядан көп зардап шеккен мемлекеттерде әлі де күн сайын жүздеген өлім фактісі тіркеліп жатыр. Бірақ қатаң оқшаулау шарасының арқасында ауыр халдегі науқастар мен вирустан көз жұмғандар саны тұрақтала бастады. Жалпы алғанда, Еуропада қазірге дейін коронавирустық инфекциядан 80 мың адам көз жұмған.

Алты аптаға созылған оқшаулау шарасынан кейін сәуірдің 14-і күні Италия болашақта халық арасында ара қашықтық сақтау ережесін қолдану мүмкіндігін байқап көру үшін, бірнеше бизнес субъектісіне (оның ішінде кітап дүкендері мен химиялық тазалау қызметі бар) кәсібін ашуға рұқсат берді. Бірақ елдің 21 мыңнан астам адам қайтыс болып, төтенше жағдай режимі енгізілген көп бөлігі мамырдың 3-не дейін жабық күйінде қалады.

Милан көшесінде кетіп бара жатқан адам. Италия, 16 наурыз 2020 жыл.

Австрия да жекелеген салалар қызметін жандандыруға кірісті. Сәуірдің 13-і күні пандемиядан қатты зардап шеккен мемлекеттердің бірі Испания құрылыс пен өндіріс саласында істейтін азаматтарға жұмысқа шығуға рұқсат берді. Испания халқы бірнеше апта толық оқшаулау режимінде отырғаннан кейін, елде соңғы кезде жаңадан вирус жұқтырғандар мен инфекциядан көз жұмғандар саны күрт кеміген.

Франция президенті Эммануэль Макрон елдегі карантин мамырдың 11-не дейін жалғасатынын мәлімдеді. Францияда COVID-19 вирусынан қайтыс болғандар саны 16 мыңға жақындап қалды. Еуропа экономикасының қозғалтқышы саналатын Германия да жақын уақытта вирусты тоқтату үшін енгізілген бірқатар шектеудің күшін жояды.

АҚШ

АҚШ президенті Дональд Трамп ел экономикасын қалпына келтірумен айналысатын арнаулы комиссия құрылатынын мәлімдеді.

Соңғы үш аптада АҚШ-та оқшаулау шаралары, бизнестің жабылуы мен саяхатқа енгізілген шектеулердің кесірінен 17 миллион адам жұмыссыз қалған. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, АҚШ экономикасы биыл 5,9 пайызға қысқарып, 2021 жылы бұл көрсеткіш 4,7 пайызға дейін өседі.

Триллиондаған доллар инвестиция құйылғанына қарамастан, экономикалық дағдарыс жалғасып жатыр. Бұл инвестициялар болашақта кез келген өсімге кедергі болатын бюджет тапшылығын туғызды.


Трамп әкімшілігі мамырдың 1-іне елдегі кей шектеу шарасының күші жойылатынын хабарлады. Штат губернаторларының көбі АҚШ президентінің ескертуіне байланысты наразылық білдіріп жатыр. Сәуірдің 13-і күні баспасөз конференциясы кезінде Трамп "бүкіл" билік өз қолында екенін, штаттарға шектеулерді жеңілдету бойынша бұйрық бере алатынын айтқан. Ол бұйрықты орындамаған әкімшіліктер бұл әрекетінің саяси салдарын көреді деген.

Бұл мәлімдеменің соңы наразылыққа ұласып, губернаторлардың бірқатары президент сөзін жоққа шығарған. Президентке қарсы пікір айтқандардың қатарында Нью-Йорк қаласының мэрі Эндрю Куомо да бар. Ол сәуірдің 14-і күні CNN-ге берген сұхбатында "Төтенше жағдай режимі сені патшаға айналдырмайды" деді. АҚШ-та 603 мың азамат коронавирус жұқтырып, 26 мың адам инфекциядан көз жұмған.

ҚАЗАҚСТАН

Халықаралық валюта қоры мұнай өндіретін мемлекеттер, оның ішінде мұнай бағасының төмендеуі мен карантин шараларының кесірінен қиын жағдайда қалған Қазақстан экономикасын күрделі кезең күтіп тұрғанын айтады.

Қор дерегінше, әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі жағдай келесі жылдары сәл ғана жақсарып, экспорттан түскен табысын диверсификацияламаған мұнай өндіруші мемлекеттерге (Қазақстан осы топқа кіреді) қатты әсер етеді.

Экономист Қасымхан Қаппаров: Экономикалық дағдарыс әлеуметтік сипатқа алуы мүмкін (орыс тілінде)


Халықаралық валюта қоры сарапшыларының пікірінше, бұл жағдай "мемлекеттер ішіндегі вирус жұқтыру, әлемдегі қаржылық қиындықтар мен сыртқы нарықтағы сұраныстың азаюы" салдарынан туады.

Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2020 жылы мұнай секторын күніне 10 миллион баррельге жетуі мүмкін тұтыну коллапсынан туған "сұраныстың төмендеуі" күтіп тұр деп есептейді. Сарапшылар бұл жағдайды нарықтағы мұнайдың 60 пайызын пайдаланатын көлік секторына пандемияға байланысты енгізілген шектеулерден келген кері әсермен байланыстырады.

Халықаралық валюта қоры ақпан айының ортасынан наурыз айының ортасына дейін күрт төмендеген мұнай бағасы жақын уақытта көтерілмейтінін айтады. Осы уақыт ішінде мұнай шикізаты 65 пайызға немесе мұнайдың бір баррелі 40 долларға арзандаған. Қордың бағалауынша, 2020 жылы мұнайдың бір баррелі 35 доллар, ал 2021 жылы 38 доллар болады. 2023 жылға дейін мұнай бағасы 45 долларға көтерілгенімен, 2019 жылғы орташа бағасына (61 доллар/баррель) жетпейді.

Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, Қазақстан экономикасы 2,5 пайызға қысқарып, 2020 жылы тұтыну бағасы 1,7 пайызға, бюджет тапшылығы үш пайызға, жұмыссыздық деңгейі 4,8-ден 7,8 пайызға өседі.

Сәуірдің 9-ы күні Дүниежүзілік банк те әлемдік экономика туралы болжамын таныстырды. Банк Қазақстанның жалпы ішкі өнімі кемі 0,8 пайызға қысқаруы мүмкін деп есептейді. Дүниежүзілік банк есебіне сәйкес, елдегі жалпы ішкі өнімнің үштен бірін қамтамасыз ететін екі ірі қала — Нұр-Сұлтан мен Алматының карантинге жабылуынан экономикалық жағдай қиындауы мүмкін.

Дүниежүзілік банктің болжамынша, коронавирус ары қарай өңірлерге тарап, сыртқы экономикалық орта нашарласа, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі "2020 жылы үш пайызға" қысқарады. Экономистердің пікірінше, мұндай сценарий елдегі кедейлік деңгейін өсіреді.

Қазақстанда сәуірдің 14-і күні президент жарлығымен төтенше жағдай режимі мамырдың 1-не дейін ұзартылды. Бірнеше қала мен облыс толық жабылған. Бұл шаралар қоғамда екіұшты реакция туғызып отыр. Азаматтардың көбі кей тұтыну өнімдерінің дүкен сөрелерінен жоғалып, тауар бағасының өсуіне, азаматтардың жұмысы мен табысынан жаппай айырылуына әкелген шектеулерге қарсы наразылық білдіріп жатыр.

Карантин сәуірдің соңына дейін созылды. Жұрт не дейді?

Your browser doesn’t support HTML5

Карантин сәуірдің соңына дейін созылды. Жұрт не дейді?


Осыған дейін билік өкілдері экономикалық қиындықтарды жеңілдету үшін Ұлттық қордың ақшасын пайдаланып, сыртқы нарықтан үш миллиард доллар көлемінде қарыз алатынын айтқан.

ПАНДЕМИЯ

Денсаулық сақтау саласының мамандары ауру белгілері байқалмайтын науқастарды анықтау үшін халықты коронавирустық инфекцияға арналған тестен өткізу деңгейін арттырып,ауруханадағы төсек орындарын көбейтіп, науқаспен байланыста болған азаматтарды тауып, карантинге жабу жұмысын ауқымды түрде жүргізу керегін айтады.

Сарапшылар халық өзара ара қашықтық сақтауды, бактерияға қарсы гельдер пайдаланып, маска киюді жалғастыруы керек деп есептейді.

Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, әлемде 1,97 миллион адам коронавирустық инфекция жұқтырып, 125 мың адам қайтыс болған.

Вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Сарапшылар бұған әлем елдерінің саясаты, халықты жаппай тестен өткізу мүмкіндігінің жоқтығы, кей үкіметтің шынайы ақпаратты жасырын ұстауы сияқты себептер әсер етіп отыр деп есептейді.

Сарапшылар болжамына сәйкес, пандемиядан көбіне халқы тығыз орналасқан, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау жүйесі нашар дамыған елдер көбірек зардап шегеді.