Делидің мұсылмандар көп тұратын ауданында халық бірнеше айдан бері оқтын-оқтын билік ұсынған Азаматтық беру актісіне қарсылық білдіріп жүрген.
Былтыр 11 желтоқсанда қабылданған жаңа заңда Пәкістан мен Бангладеште тұратын мұсылман дінін ұстанбайтын босқындар мен мигранттарға жедел түрде Үндістан азаматтығын беру қарастырылған. Бұдан бөлек, жаңа актіге сай, елде тұратын мұсылмандар билікке Үндістан азаматы екенін дәлелдеуі тиіс. Өздерін үнді азаматы екенін дәлелдей алмаған мұсылмандар елден депортацияланады. Сыншылар мен БҰҰ бұл актіні «мұсылмандарға қарсы заң» деп атаған. Биліктің жаңа заңы мұсылмандардың ашу-ызасын тудырып, наразылыққа шығарды.
Өткен аптаның ортасында биліктегі «Бхаратия Джаната Парти» хиндилердің ұлттық партиясының лидерінің бірі Капил Мишра халықты Азаматтық беру актісіне қарсылық білдіріп жатқан мұсылмандарға қарсы наразылыққа шақырған. Осыдан соң жексенбі, 23 ақпанда Делидің мұсылмандар тұратын ауданында қақтығыс басталып, жанжал бірнеше күнге созылды.
Халықаралық ақпарат агенттіктердің жазуынша, қақтығыс кезінде хиндилер тас, темір лақтырып, «сатқындарға өлім» деп айғайлаған. Мұсылмандар тұратын аймақтардағы базарлар мен мешіттер өртенген. Агенттіктер таратқан видеолардан адамдардың мешіттерді бүлдіріп, құрандарды өртеп жатқанын көруге болады.
Жанжал шыққан аймаққа арнайы жасақ пен полицейлер кіргізілгенімен, шабуылдаушылар оларға бағынбаған.
Екі тарап қақтығысқа бір-бірін айыптайды. Үндістан билігі қақтығыстан 32 адамның қаза болғанын, құрбандар арасында мұсылмандар да, хиндилер де барын мәлімдеді. Бір полицияның да көз жұмғаны хабарланды. Жараланған 200-ден астам адамның арасында журналистер, полицейлер де бар.
Бейсенбі, 27 ақпанда қақтығыс сәл басылған. Билік жағдай тұрақталғанын мәлімдеді. Бірақ аймақта шиеленіс әлі бар, күзет күшейген. ВВС арнасының хабарлауынша, қақтығыстан соң мұсылмандар үйін тастап кетіп жатыр.
Қазір Делидегі ауруханаларда жанжалдан зардап шеккендерге толып қалған.
Дели аймағының министрі (әкімі) Кеджривал Арвинд жағдайды реттеуге бұйрық берді. Ал бірнеше күн бойы үнсіз болған Үндістан премьер-министрі Нарендрда Моди 26 ақпанда Twitter желісінде жұртты сабыр сақтауға шақырып, полиция жағдайды реттейді деп мәлімдеді.
Билік қақтығыс болған жерлердегі және сол аймаққа жақын маңдағы мектептерді, қоғамдық орындарды жапты. Жұрттың топ болып жиналуына тыйым салды.
Елдегі оппозиция Дели аймағының министрін (әкімін) «қақтығысты баса алмады» деп айыптап, оның оставкаға кетуін талап етіп жатыр.