Ирандағы наразылықтың ауқымын нақты сипаттау қиын. Себебі елді 1979 жылғы Ислам революциясынан бері басқарып келе жатқан қазіргі билік ақпарат кеңістігін қатаң бақылап отыр. Бірақ Ирандағы сайттардың бірі Тегераннан 50 шақырым батыста орналасқан Карадж қаласында шеруге шыққан бір адамның қаза болғанын хабарлады. Оған көшеде өтіп бара жатқан көліктің ішінен белгісіз біреу оқ атқан деген болжам бар.
Your browser doesn’t support HTML5
Елдегі наразылық шарасы күшейіп, риалдың құны күннен-күнге әлсіреп жатқанда АҚШ Иранға қарсы жаңа санкция салды. Тамыздың 7-і күні күшіне енген АҚШ санкцияларының алғашқы кезеңінде Иранға қатысты қаржы транзакциялары тоқтатылады. Санкцияның екінші кезеңі 2018 жылы қарашада күшіне енеді және ол кезде мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарға шектеу қойылады. Франция, Германия мен Ұлыбритания сыртқы істер министрлері және Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы істер жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини Вашингтонның Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісімнен шығуына байланысты өкініш білдірген.
НАРАЗЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫ ҚАЙДА ӨТІП ЖАТЫР?
2017 жылдың желтоқсаны мен 2018 жылдың қаңтарында Иранның 80-ге жуық қаласында билікке қарсы ірі наразылық шаралары өткен. Қазіргі наразылық қыстағы шерумен салыстырғанда кең тарала қойған жоқ.
Шерудің интернетте тарап жатқан видеоларының көбі ел астанасы Тегеран мен сол қаланың айналасынан түсірілген. Бірақ бұл шеру Мешхед, Исфахан, Шираз, Эштехард, Шахин-Шехр сияқты ірі қалаларда да өтіп жатыр. Альборз уәлаятының орталығы Карадж, Казвин уәлаятының орталығы Казвин, Маркази уәлаятының орталығы Арак, Мазендеран уәлаятының орталығы Сари, Кум уәлаятының орталығы Кум тұрғындары да наразылық шарасына қосылды.
ШЕРУГЕ ҚАНША АДАМ ШЫҚТЫ?
Иран билігі шеру туралы ақпарат таралып кетпеу үшін мемлекеттік БАҚ-ты қатаң бақылап, әлеуметтік желілерді, ұялы байланыстарды бұғаттап тастады. Сондықтан шеруге қанша адамның шыққанын дәл басып айту қиын. Бірақ Ирандағы қазіргі наразылық шарасына жүздеген адам қатысқан. Шеруге шыққандардың басым бөлігі – ерлер, бірақ наразылардың қатарында әйелдер де бар.
Көшеге шыққандар елдегі экономикалық жағдайдың қиындап кеткеніне наразы және бұл шеру саяси рең алып барады. "Карадж қаласында шеруге шыққан адамды атып кетті" деген хабар наразылық шарасының күшейе түсуіне себеп болды.
ШЕРУШІЛЕР НЕ ДЕЙДІ?
Шеруге шыққандар елдегі экономикалық жүйенің әлсіреп кеткенін және саяси жүйені сынайды. Олар Ирандағы экономикалық мәселелерге қатысты қазіргі билікті кінәлайды. Наразылар биліктен "Хамас" және "Хезболла" сынды террорлық топтарды қаржылай қолдауды доғаруды талап етеді. Халық қыс мезгіліндегі наразылық кезінде де осы шетелдік қарулы топтарды қаржыландырғаны үшін Тегеранды сынаған.
Азаттық радиосының Иран қызметіне түскен және әлеуметтік желіде тараған видеолардан мынадай ұрандарды естуге болады:
"Инфляция мен қымбатшылыққа өлім".
"Біліксіз шенеуніктерді қаламаймыз".
"Өміріміз Газа мен Ливан үшін емес, Иран үшін құрбандыққа шалынсын".
"Диктаторға өлім келсін".
"Жауымыз жанымызда жүр. Олар "біздің жауымыз - Америка" деп өтірік айтады".
"Ирандықтар талаптарыңды айтыңдар".
"Полиция, бізді қолдаңдар"
"Хезболлаға - өлім".
"Хаменеиге өлім келсін".
"Молдалар, жоғалыңдар".
"Қорықпаңдар, біз біргеміз".
БИЛІКТІҢ РЕАКЦИЯ ҚАНДАЙ?
Иранның жоғарғы рухани басшысы аятолла Әли Хаменеи мен ел президенті Хассан Роухани наразылық шараларына қатысты қандай да бір мәлімдеме жасамай үнсіз отыр. Ал өткен аптаның соңында елдің ішкі істер министрі Рахмани Фазли "шеруді Иранның сыртқы жаулары ұйымдастырып отыр" деп мәлімдеді. Бұл – Тегеранның елдегі кез-келген шеруге қатысты айтатын үйреншікті сөзі.
"Әлеуметтік толқуларды ұйымдастыру - Иранның жауларының қарсыласу әдістерінің бірі. Олар осы арқылы Иранға әсер еткісі келеді. Олар 50-ден 200-ге дейін адам жиналса, елдегі жағдай нашарлап жатыр деп ойлайды" деді Фазли.
Куәгерлердің бірі шеру кезінде елдің күштік құрылымдары көзден жас ағызатын газ қолданып, наразыларды таратуға тырысқанын айтты. Кейбір ақпарат құралдары шеруге шыққандарды полицияның ұстағанын жазды. Бірақ қанша адамның қамалғаны туралы дерек жоқ.
Шахин-Шехр қаласында наразылыққа шыққандардың бірі Азаттықтың Иран қызметіне күштік құрылымдар пейнтбол оқтарын қолданғанын айтты.
- Олар мотоциклмен жүріп, әйел, ер, кәрі адам деп қарамай пейнтбол оқтарымен ата бастады. Біз жарақаттанбас үшін басымызды қорғауды ғана ойладық, - деді наразылардың бірі.
Оқи отырыңыз: Роухани ирандықтардың шетелдік БАҚ-қа сенетініне "таңғалды"
Карадж қаласының Реза есімді тұрғыны ВВС сайтының Парсы қызметіне полицияның наразылыққа шыққандарды ұрғанын, химиялық сұйық зат қолданғанын айтты.
- Олар әйеліме шабуыл жасап, соққыға жықты. Әйелімді арашалауға тырысып едім, мені де ұрды. Қолдарында таяқ, көзден жас ағызатын газ да болды. Газды бізге ғана қолданды ма, әлде барлық адамға қолданды ма оны айта алмаймын. Бізге газ шашқан соң көзіміз көрмей қалды, - деді ол.
Кейбір бақылаушылар Ирандағы қазіргі наразылық биыл қыста болған шерудің жалғасы деп санайды. Соңғы уақытта ирандықтар ауызсудың жетіспеуі мен ауаның ластануына қатысты да жиі шағымдана бастады. Сарапшылардың пайымдауынша, Ирандағы бұл наразылық ел билігі үшін үлкен мәселе туғызбайды, бірақ Иранның орта табы шеруге қосылса, бәрі өзгеріп кетуі мүмкін.
"Бұл шеруде нақты мақсат, лидер жоқ. Сондықтан дәл қазір елде наразылық өршиді деп айту қиын" дейді Иранда түрмеде отырып шыққан саяси белсенді Бахман Амоеи The New York Times газетіне берген сұхбатында.
Заң профессоры Касем Шолех Саари Ирандағы шеру жалғаса береді деп болжайды.
- Билік бұл қозғалысты ауыздықтай алмайды. Өйткені халықтың наразылыққа шығуына түрткі болған саяси-экономикалық мәселелерді билік шеше алмайды, - деді заңгер Азаттықтың Иран қызметіне.