Атамбаев адвокаттарының шағымын көшпелі сот қарады. Процесс қыркүйектің 4-і күні Атамбаев қамауда отырған мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында өтті.
АТАМБАЕВ ҚАМАУДА ҚАЛДЫ
Адвокаттар Первомайский аудандық сотының Атамбаевты 26 қазанға дейін қамауда қалдыру туралы шешіміне арызданған. Сот алдында Атамбаев өзінің жақтастары – Әсел Кодуранова, Ирина Карамушина және Карамат Орозовамен (бәрі парламент депутаты) жолыққаны да белгілі болды.
«Алмазбек Шаршенович өзін қамауға алу заңсыз деп айтады. Бұл – заңгерлердің ғана емес, қоғамның пікірі. Адвокаттар шағым түсірді, сот қанағаттандырмады. Отырыс сот залында өтуі керек еді. Бірақ бұл тәртіп бұзылды. Өкінішке орай, мемлекет заң шеңберінен шығып кетті» деді Орозова.
Алмазбек Атамбаев ісіне қатысты барлық сот отырысы мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында өтіп жатыр. Оның қорғаушылары отырыс кезінде заң бұзылғанын айтады. Олар «сот Атамбаевты қоғамға қауіпті қылмыскер ретінде көрсетуге тырысып жатыр» деп есептейді.
Ал Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Курманбек Осмоновтың сөзінше, «елде көшпелі сот бұрыннан бар тәжірибе» дейді. Ол Азаттықтың Қырғыз қызметіне қандай жағдайда іс сот залынан тыс жерде қаралатынын айтып берді.
«Адамды қамауға алғанда қылмыстың деңгейі, сотталушының қоғамға қаупі, жеке басы ескеріледі. Сондықтан мұндай шаралар дұрыс. Сот қылмыстық істе емес, уақытша қамауға алуды қарап жатыр. Көшпелі сот Атамбаевтың, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өтіп жатыр» деді Осмонов.
КҮДІК ТУДЫРҒАН МЕШІТ ҚҰРЫЛЫСЫ
Адвокаттар Атамбаевты изолятордан үйқамаққа ауыстыруға тырысып жатқан сәтте Қырғызстанда онымен қатысты тағы бір дау шықты. Қыркүйектің 3-і күні Қырғызстан басылымдары Алмазбек Атамбаевтың Бішкекте cалдырған «7 сәуір шейіттері» мешіті бұғатталғанын хабарлаған. Бірақ кейін бас прокуратура мешіт бұғатталмағанын, бірақ Атамбаев мешіт құрылысына қаржыны қайдан алғаны тексеріліп жатқанын хабарлады.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшілері Бішкектегі Атамбаев салған мешітке барып қайтты. Мешіт ашық, халық намаз оқуға келіп жатыр. Мешіт имамы Әблішукур Нарматов желідегі парақшасында мешіт қызметіне шектеу қойылмағанын жазды.
Бішкектегі «7 сәуір шейіттері» мешіті биыл сәуірде ашылған. Ашылу салтанатына Атамбаевтың өзі қатысып, мешітті салуға достары көмектескенін айтқан.
«Мешіт салған жер 25 жыл жеке меншігім болды. Осы жерді де даулап, мемлекеттің жеріне мешіт салды деп жүрмесе болғаны. Мешіт астына салынған гранит алаңнан әкелінген жоқ. Оны достарымның көмегімен әкелдім. 1989 жылы фирма аштым. Содан бері Бішкекте бірнеше гектар жерім болды» деді Атамбаев.
Бес мың адам сиятын мешіт екі гектар жерге салынған. Құрылысы аяқталған соң Қырғызстан діни басқарамасына берілген.
АТАМБАЕВҚА ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР
8 тамызда Қырғызстанның күштік құрылымдары Кой-Ташта жүргізген екінші операциядан кейін елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстады.
Кейін елдің күш құрылымдары Атамбаевқа "тәртіпсіздіктер ұйымдастыру", "заңсыз қару айналымы", "тергеуге кедергі жасау", "кепілге адам алу", "кісі өлтіру" және "адам өлтіруге оқталу" баптары бойынша 14 айып тағып, қамауға алған.
Биыл мамырда Қырғызстан парламенті бұрынғы президентке тиіспеушілік туралы заңға өзгертулер енгізген. 27 маусымда парламент Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған.
Видео: Атамбаев пен Жээнбековтің егесіне не түрткі болды?
Your browser doesn’t support HTML5
Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. 2017 жылғы қазанда өткен сайлауда өзін қолдайтын билік партиясының кандидаты Сооронбай Жээнбеков президент болып сайланып, қызметін кіріскенде Атамбаев оған батасын берген.