Қансыраған адамдар, қираған ғимараттар, қою түтін. Ауыр апаттан кейінгі Бейрут

4 тамыздағы жарылыстан қаладағы біраз ғимарат қирап, бүлінді. Терезелер шағылды.

Қызыл крест ұйымының Ливандағы бөлімшесінің мәліметінше, қаза тапқандардың көбі үйінді астында қалған. Қала ауруханалары зардап шеккендерді қабылдап үлгермей жатыр. Билік қаза тапқандар саны өсуі мүмкін дейді. Себебі үйінді астында қалып қойғандарды іздеу әлі жалғасып жатыр.

Жарылыс болған сәт.

Жарылысқа не себеп болғаны белгісіз. Ал елдің премьер-министрі Хассан Даибтың сөзінше, Бейрут портында заңсыз сақталған 2750 тонна аммоний нитраты жарылған.

Диаб жарылысқа жауаптылар қатаң жазалатынын айтты. “Жарылысқа кінәлілер жауапсыз қалмайды” деді ол.
Суретте: Жарылыстан қираған автокөліктер.
 

Елдің қауіпсіздік кеңесінің басшысы Аббас Ибрахим “бірнеше жыл бұрын тәркіленген жарылғыш материалдар қоймада сақталған” деді.

Жергілікті телеарналар жарылысқа порттағы дәнекерлеу жұмыстары да әсер етуі мүмкін деді.

Жарылыстан көп ғимарат қирады. Оның арасында Қазақстанның Ливандағы елшілігінің ғимараты да бар. Қазақстан консулы “аздап жараланған”. Сыртқы істер министрлігі елшілікке тіркелген 113 қазақстандық аман деп хабарлады. Ливанда БҰҰ бітімгер тобының арасында 120 қазақстандық әскери де бар.

Елде 5 тамыз қаралы күн деп жарияланды. Билік жарылысты ұлттық деңгейдегі апат деп сипаттады.

АҚШ президенті Дональд Трамп жағдайға күдікпен қарап, жарылыс шабуыл болуы мүмкін деді.
 

Жарылыс Ливан үшін өте қиын шақта болды. Елде экономикалық дағдарыс. Бұған қоса, жарылыс БҰҰ-ның трибуналында "10 жыл бұрын Ливанның экс-премьері Рафик Харириді өлтірді" деп айыпталған төрт адамның соты қарсаңында болды. Төрт айыпталушы да "Хезболла" тобының мүшесі. Олар өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарады. Сот шешімі жұма шығуы тиіс.

"Хезболла" жарылысқа қатысымыз жоқ деп мәлімдеді.

Ел билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан, әлем елдерінен көмек сұрады.

Қызыл крест ұйымы жүзден астам адамды іздеу жалғасып жатқанын хабарлады.

Бейрут әкімдігі шамамен 200 мыңдай адам үйсіз қалғанын мәлімдеді.

Қала соғыстан кейінгі жағдайға ұқсайды.

Түркия, Ұлыбритания, Иран, Малайзия, Кипр Ливанға көмек қолын созуға дайын екенін мәлімдеді.

Мерт болғандар арасында шетелдіктер де бар. Австралия мен Филиппин кем дегенде бір-бір азаматының қаза тапқанын хабарлады.

Бейрут қаласында шамамен 300 мыңнан 2 миллионға дейін адам тұрады. Кейінгі 90 жылда қалада халық санағы өтпеген.