ҚАЗАҚСТАНҒА ПАЙДАСЫ БАР МА?
Ұлыбританиялық Economist журналының "Блогтар" айдарында Қытайдың жаңа Жібек жолы бастамасы жолында орналасқан транзит елдерге бұл жобаның ықтимал пайдасын талдаған M.L. деген автордың "[Бір белдеу – бір жол] бұл елдерге не береді?" деген мақаласы жарияланды.
Бұл жобаның ауқымы орасан зор. Economist келтірген кей есептерге сәйкес, қазірге дейін Қытай 71 елге (оның ішінде Польшадан бастап Пәкістанға дейін бар) коммерциялық шарттармен қоса, жеңілдік шарттармен 900 миллиард доллардан көп несие бөлген. Жобалардың көбі жұмысын бастаған. Қазақстан Қытаймен шығыс шекарасында аса ірі Қорғас құрлық портын ашты. Каспий теңізіндегі теңіз порттары ұлғайып, "Шығыс-Батыс" темір жол және автомобиль трассалары жаңартылып жатыр.
"Қонақ үйлер, өнеркәсіп немесе бөлшек сауда саласы үшін жаңа автомагистральдің, темір жол қатынасының немесе порттың экономикалық артықшылықтары бар екені түсінікті. Мұндай мүмкіндіктер көрші елдер арасындағы сауда-саттықты оңайлатуы тиіс. Қазақстан мен Өзбекстан мұның игілігін қазірдің өзінде көріп отыр. Ал жаңа әрі керемет инфрақұрылымдық жобалар үшін несие алып, оларды төлеу үшін қаржы табуға бас қатырмай немесе Батыс инвесторлары мен көп жақты ұйымдардан белгілеген шарттарға бағынбай несие алу бұл елдердің үкіметтеріне де ұнайды" деп жазған блог авторы.
Оқи отырыңыз: "Бізде – "Бір жол", сіздерде – "Нұрлы жол"
Бірақ бұл жобаның транзит елдерге беретін нақты пайдасына қатысты әлі күмән бар. Мақалада "Қытай жобаларға жергілікті халықтың қатысу мүмкіндігін шектеп, өз жұмысшыларын апарып жатқаны" айтылған.
"Қытайдың тауар тасымалы үшін арзанырақ маршруттарды пайдалануына жол бермеу үшін транзит елдер сауда тарифтерін ең төмен деңгейде ұстауға тырысуы мүмкін. Бірақ бұл кірісті ұлғайту мүмкіндігін шектейді. Транзит елдер өздерінің іске қосыла бастаған өндірістік секторлары Қытайдың құн түзу тізбегіне қосыла алады деп үміттенеді. Мысалы Қытайда шығарылған машина бөлшектері Қазақстанда жиналуы мүмкін. Бірақ бұрынғы Совет одағында болған елдердің өндірістік секторлары бәсекеге қабілетсіз. Ал кәсіпорындар білікті жұмыс күшінің жоқтығына шағынады" деп жазады блог авторы.
Деректі фильм: Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?
Your browser doesn’t support HTML5
Мақалада транзит елдердің сыртқы қарызының көптігі ең үлкен қауіптердің бірі ретінде айтылады. Егер "Бір белдеу – бір жол" жобасына құйылған инвестицияның кірісі негізсіз болып шықса, бұл елдерге Қытайдың несиесін жабу мен инфрақұрылымдарға техникалық тұрғыдан қызмет көрсету шығындарын төлеу қиын болып, екі жақтың қатынасын нашарлатып жіберуі мүмкін" деп жазады автор.
ТРАМПТЫҢ САЛЫҚТАРЫ
Америкалық Washington Post газеті "Трамптың кірістері туралы декларацияны көру қазір тіпті маңызды болып тұр" деген мақала жариялады. Онда автор көптеген уәделеріне қарамастан салық декларациясын әлі күнге дейін жарияламаған президент Дональд Трамптың кірістерін ашу мақсатында АҚШ-та жүргізілген кампания туралы жазған.
"Журналистер Трамп жобаларын зерттеген сайын бұрынғы Совет одағынан шыққан олигархтармен байланысы бар екені анықталады. Егер сізді Трамп жайлы жаңалықтар қызықтырмайтын болса, онда сіз Trump Soho жобасымен қазақстандықтардың байланысы, Трамптың Грузиядағы сәтсіз жобасы немесе Торонтода сәтсіздікке ұшыраған мұнарасы жайлы білмейсіз. Бұл бірнеше мысал ғана. Мұның бәрі Трамп пен оның достары бизнесті қалай және кімдермен жүргізді деген беймаза сұрақтар туындатады" деп жазған Washington Post.
Америкалық McClatchy сайты жүргізген әрі Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов отбасыныңАҚШ президенті Дональд Трамптың екі бизнес серігімен байланысы барын көрсеткен зерттеу туралы Азаттық бұған дейін жазған. McClatchy зерттеуіндегі мәліметке сай, Храпунов отбасының кем дегенде бір мүшесіне АҚШ-та ықтияр хат алу үшін елдегі әуежайларға биометрикалық машиналар орнатуға инвестиция құйған. Оған Trump Organization ұйымының бұрынғы аға кеңесшісі Феликс Сейтер мен оның бизнестегі әріптесі Дэниэль Ридлофтың көмектескен.
"МАРТИРОСЯН ЫҢҒАЙЛЫ ҚАРСЫЛАС ПА?"
Америкалық LA Times газеті "Головкин мен Мартиросян жекпе-жекке шығады" деген мақаласын жариялады. Басылым 31 жастағы Мартиросянның 2016 жылдың 21 мамырынан бері рингке шықпағанын жазады. Головкин мен америкалық Ванес Мартиросян мамырдың 5-і күні кездеседі.
LA Times газеті "Сауль Канело Альваресті шеттету шешімі бокстың дамуына оң әсер етеді және күмәнді сұрақтарға жауап беруге көмектеседі" деген екінші мақаласында өтпей қалған Головкин-Альварес кездесуі туралы жазған. Мексикалық Сауль Альварес мамырдың 5-і күні Головкинмен кездесу керек еді. Ол допинг дауына ілініп, алты айға бокстан шеттетілді.
Газеттің жазуынша, IBF (Халықаралық бокс федерациясы) Головкин чемпиондық атақтарын қорғау үшін украиналық Сергей Деревянченкомен кездесу керек деп міндеттеген. IBF Головкин Деревянченкомен жекпе-жекке шықпаса чемпиондық атағынан айырылатынын хабарлаған. Бірақ кейін боксшы мен ұйым бұл кездесу туралы келісімге келді.
Guardian газеті "жұртты нокаутқа қарық қылған қазақстандық жойқын жұдырық иесі Головкин жаңа кездесуіне дайындалып жатыр" деп хабарлады.
Басылымның жазуынша, "егер Головкин ұйым ұсынған кандидат украиналық Сергей Деревянченкомен жекпе-жек өткізбей екі жыл рингке шықпаған әрі соңғы шайқасында жеңіліп қалған онша қауіпті емес Мартиросянмен жұдырықтасса, IBF титулынан айырылып қалуы мүмкін".