Әлемнің ең үздік суреттері

Сан-Паулудағы (Бразилия) қарттар үйінде медбике 85 жастағы Роза Лузия Лунардиді құшақтап тұр (5 тамыз, 2020 жыл). Роза бес айда алғаш рет адаммен құшақтасты. Коронавирус індеті өршігендіктен, 2020 жылдың наурызынан Бразилияда қарттар үйіне кіруге тыйым салынды. Мұндай үйлердің қызметкерлеріне тұрғындарға жақын баруға мүмкіндік берілмеді. Viva Bem қарттар үйіндегі «құшақтауға арналған перде» сағынғандардың мауқын басуына қайта мүмкіндік берді.

Фото авторы, жылдың үздік фотографы — Мадс Ниссен.

«Хабиби» фоторепортажынан бір сурет. Палестинаның Кобар ауылындағы үйде ілініп тұрған Наел әл-Баргутидің киімі. Әл-Баргутиді Израильге қарсы операция кезінде, 1978 жылы тұтқындаған. Ол 2011 жылы түрмеден шығып, үйленгенімен, 2014 жылы оны тағы да қамап, өмір бойы түрме жазасына кесті. Әйелі Иман Нафи оның барлық затын өз орнында сақтап қойған. Әл-Баргути 40 жылдан астам уақытын түрмеде өткізді. Бұл Израиль түрмелерінде отырған палестиндіктер ішіндегі ең ұзақ мерзім.

Жылдың ең үздік фоторепортажы, авторы — Антонио Фаччилонго.
 

COVID-19 дертінен көз жұмды деген адамның пластикпен оралған мәйіті.  Индонезиядағы аурухана. 2020 жылғы 18 сәуір.

«Жаңалықтар» категориясы бойынша екінші орын, авторы — Джошуа Ирванди.

Езид әйелі Лейла Талу Ирактағы үйінде суретке түсіп отыр (9 қыркүйек, 2019 жыл). «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымында екі жыл күң болған ол бетін бүркемелейтін осы киімді екі жарым жыл тастамай киген.

«Осы заманның мәселелері, фоторепортаж» категориясы бойынша екінші орын, авторы — Майя Аллеруццо.

Өртке оранған үйінің алдында отырған Арег (2020 жылғы 25 қараша). Қарашада Әзербайжан мен Армения бейбіт келісімге қол қойған соң бұл аймақ Әзербайжанның бақылауына өтті. Көшуге мәжбүл болған тұрғындардың кейбірі үйлерін өртеп кетті.

«Жаңалықтар» категориясы бойынша бірінші орын. Авторы — Валерий Мельников.

«Бейрут портындағы жарылыс» фоторепортажынан бір сурет. Оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп жүр (2020 жылғы 4 тамыз). Оқиға орнында онға тарта өрт сөндіруші қаза тапты.

«Шұғыл жаңалық, фоторепортаж» категориясы бойынша бірінші орын, авторы — Лоренсо Тугноли.

Спортшы боулдерингтен жарысқа дайындалып жатыр, Германия (15 қыркүйек, 2020 жыл), Боулдеринг – жартасқа өрмелеудің бір түрі, спортшы ешқандай сақтық құралынсыз қысқа, бірақ өте ауыр жолды жүріп өтеді. Пандемия кезінде Мюнхендегі спортзалдар жабылып, спортшылар жаттығатын басқа орын іздеуге мәжбүр болды.

«Спорт» категориясы бойынша бірінші орын, авторы— Адам Претти.

Американың әуе шабуылы кезінде қаза тапқан генерал Қасем Сулейманиді жоқтап, Тегеран мешітінде жылап тұрған әйелдер. 2020 жылғы 5 қаңтар.

«Жаңалықтар» категориясы бойынша үшінші орын, авторы — Нюша Таваколян.

 

Балшықта өмір сүретін аңыздағы мақұлық дулганч кейпіне енген Семен мен Степан есімді егіз бала. «Бэйбэрикээн кемпір және оның бес сиыры» фильмінің түсірілімі. Саха, Ресей (2019 жылғы 9 тамыз).

«Осы заманның проблемалары, фоторепортаж» категориясы бойынша бірінші орын. Авторы — Алексей Васильев.

Фатима ұлы екеуі балыққа ау құрып жатыр, Йемен (12 ақпан, 2020 жыл). Фатимның тоғыз баласы бар, олар балық аулап күнелтеді. Соғыс кесірінен ауылы қирап қалса да, Фатима мұнда қайтып оралып, жаңа тіршілік бастап, тырманып жатыр. Хусит бүлікшілер (шииттер) мен суннит арабтар коалициясы арасындағы қақтығыс 2014 жылы басталған. ЮНИСЕФ-тің болжамы бойынша, бұл «әлемдегі ең үлкен гуманитарлық дағдарысқа» алып келді.

«Осы заманның проблемалары» категориясы бойынша бірінші орын. Авторы — Пабло Тоско.

Ольга Северинец күйеуінің уақытша қамау изоляторынан шыққан сәтін күтіп тұр. Минск, Беларусь (22 маусым, 2020). 

«Шұғыл жаңалық» категориясы бойынша екінші орын, авторы — Надя Бужан.

Саид Рамин достарымен көлге түсіп жатыр (9 қыркүйек, 2020 жыл).  Кедергіден секіру спортының шебері, ирандық Рамин жеті жыл бұрын жарыс кезінде жұлынын  зақымдаған.

«Фоторепортаж» категориясы бойынша үшінші орын. Авторы — Ферештех Эслахи.

 

Теңіз арыстаны Калифорния жағалауындағы суда респираторды тамашалап тұр (19 қараша, 2020 жыл).

«Қоршаған орта» категориясы бойынша бірінші орын, авторы — Ральф Пейс.

Авраам Линкольнның құлдарды босату прокламациясы құрметіне орнатылған ескерткішті құлату бойынша дауласып тұрған ер мен әйел. Вашингтон, АҚШ. (2020 жылғы 25 маусым).

«Шұғыл жаңалық» категориясы бойынша бірінші орын. Авторы — Эвелин Хокстин.

Окопта демалып жатқан солдат. Армения шекарасы (31 қазан, 2020 жыл).

«Осы заманның проблемалары» категориясы бойынша үшінші орын, авторы — Вагинак Казарян.

Қонақ бөлмеде ұшып жүрген Олли есімді кептер, Влардинген, Нидерланды (30 сәуір, 2020 жыл).  Пандемия кезінде оқшауланып жатқан фотограф отбасына екі жабайы кептер бауыр басып кеткен. Үйдегілер қос кептерге Олли және Долли деген ат қойған.

«Табиғат, фоторепортаж» категориясы бойынша бірінші орын, авторы — Джаспер Дест.

Грекиядағы босқындар лагерінде жаттығу жасап отырған Доре Мотонатембе (26 наурыз, 2019 жыл).

«Ұзақ жоба» категориясы бойынша үшінші орын, авторы— Ангелос Тцорцинис.

Қорапқа салынған реборн қуыршақ жаңа ата-анасына жіберілмек (29 сәуір, 2015 жыл). Қорапта туу туралы куәлік пен сәби киімі бар. Әдетте қуыршақты жаңа сатып алған адам үшін бұл қорапты ашу – өте маңызды сәт. Шын балаға өте ұқсайтын, әрқайсысы ерекше етіп жасалатын мұндай қуыршақ 90-жылдардан бері шығарылады.

«Ұзақ жоба» категориясы бойынша екінші орын, авторы — Каролина Йондерко.

Ротшильд жирафын арнайы жасалған баржамен Кенияның батысындағы су басқан Лонгичаро аралынан әкетіп барады (3 желтоқсан, 2020 жыл). Ротшильд – жирафтың ең ұзын түрі, оның тұрқы 6 метрге жетеді. Құрып біту қаупі төніп тұрған жануар түрі. Лонгичаро бір кездері түбек болған, Баринго көлі суы көтеріліп, түбек аралға айналды.

«Табиғат» категориясы бойынша бірінші орын, авторы— Ами Витале.

Өртенген орманда өліп жатқан бұғы (13 тамыз, 2020 жыл), Бразилиядағы Пантанал ауданының үштен бірі өртке оранды.

«Қоршаған орта, фоторепортаж» категориясы бойынша бірінші орын, авторы — Лало де Алмейда.