"Қаһарман Роналду" Португалияны жартылай финалға шығарды

Португалия капитаны Криштиану Роналду.

21 маусым күні Еуро 2012 чемпионатының алғашқы ширек финалы өтті. Португалия құрамасы Чехияны 1: 0 есебімен жеңді. Азаттық сарапшылары чех қорғанысының тас қамал болып тұрып, бір-ақ мәрте сыр бергенін айтты.
Варшавадағы "Национальный" стадионында өткен кездесудің алғашқы таймы екі тараптың да шабуылдарына толы болды. Алғашқы минуттарда чехтар белсендірек болса, кейін португалдықтар ойынды толығымен өз қолдарына алды. Ал Чехия қарымта шабуылдарға назар аударды. Португалдықтар сапында бірқатар ойыншылар есепті ашуға мүмкіндік алғанымен, таблодағы көрсеткіш өзгермеді.

Екінші тайм да дәл сондай қалыппен жалғасты. Тек жарақат алып қалған Поштиганы алмастырған шабуылшы Угу Алмейда 57 минутта гол соқты, алайда оның ойыннан тыс қалғанын дұрыс байқаған қапталдағы төреші голды санамады.
Ойындағы жалғыз голды Криштиану Роналду 79 минутта баспен соқты. Оған дейін оның тепкен добы екі рет бағанаға тиіп қайтқан еді.

Кездесудің қалған бөлігінде чехтар есепті теңестіруге тырысты, бірақ Руй Патрисиу қорғаған қақпаға шынайы қауіп төнуіне португалдық қорғаушылар жол бермеді.
Португалия - осы біріншіліктегі алғашқы болып жартылай финалға жолдама алған команда.

Ойынға Уэбб бастаған ағылшын төрешілер қадағалау жасады.

Осыған дейін командалар 11 мәрте кездескен екен. Әр құрама төрт мәрте жеңіске жетсе, үш рет тең есеппен тарқасыпты.

КӨП ГОЛ СОҒЫЛМАЙТЫН КЕЗЕҢ

Спорт шолушысы Ержан Көшкінбай ойынның көпшілік ойлағандай өткенін айтты.

- Чехия ширек финалға ойда жоқта шыққан команда. Бүгін олар қолдарынан келгендерін жасады. Қорғанып бақты, бірақ Португалия құрамасы сапында матчтың тағдырын шеше алатын ойыншы табылды. Ол - Криштиану Роналду. Бірнеше мәрте тырысып, ақыры өз дегеніне жетті. Меніңше Португалияның жеңісі заңды, себебі Чехия ештеңе көрсеткен жоқ. Бірде бір рет қақпаға дәл соққы бағыттамады, - деді шолушы.

Оның сөзінше, Еуропа чемпионаты сияқты маңызды турнирлердің плей-офф кезеңінде аса көп голдар соғыла қоймайды.

- Ары кетсе 2-3 гол соғылады. Одан артық емес. Ал 1:0 деген есеп ең жиі кездесетін нәтиже. Себебі командалар қорғанысқа көп назар аударады. Егер бүгін Чехия шабуылда мықтырақ болғанда, Португалия қорғаунға мәжбүр болар еді. Сондықтан ертеңгі матчтар да осындай жолмен дамитын сияқты.

Ержан Көшкінбайдың айтуынша, Чехия құрамасы ойынның негізгі бөлігі мен қосымша 30 минутты тең нәтижемен аяқтауға және пенальти сериясына үміт артты. Себебі оларда Петр Чех сияқты мықты қақпашы бар.

- Жалпы Чехияның қорғаныс шебі дұрыс ойнады. Ал Португалия көбіне алыстан соққылар бағыттап отырды. Бірақ бәрі бір сәтте өзгерді. Одан басқа чехтардың қорғанысында ешқандай қателік бола қойған жоқ, - деді ол.

"ӨЗІМШІЛ ЖҰЛДЫЗДАР"

"Қаламгер-Медиа" орталығының директоры, жанкүйер Жанарбек Әшімжан да Чехия құрамасы ойынның тең нәтижемен аяқталуын қалады деді.

- Бүгін кемінде екі гол салынады деп есептеген едім. Бірақ чехтардың ойынның алғашқы жиырма минутында ойынды өз қолдарына алғаны португалдықтарды састырып жіберді. Тек бірінші таймның жарытсынан кейін ғана Португалия өз ойынын таба бастады, - деді жанкүйер.

Оның айтуынша, португалдықтар ойын барысында қателіктерге бой алдырды.

- Португалия құрамасындағы «жұлдызды» ойыншылар өзімшілдікке көп беріліп қойды. Әйтпесе бүгін кемінде 3-4 гол салынатын еді. Жекелеген жағдайларда әріптесіне пас бермей, өздері гол салғылары келді. Олар командалық ойын көрсетпеді. Мысалы, Нани қанша мәрте Криштиану Роналду ұтымды орында тұрса да, допты оған бермеді, Алмейда да қақпаға өзі соққы бағыттады. Мейрелеш болса, бүгін мүлдем ойын көрсете алмады. Бұл жеңіс тек Криштиану Роналдудың жанкештілігі арқасында мүмкін болды. Екі мәрте бағанаға тиіп, өзі жоқ жерден баспен гол салып кетті. Сондықтан бүгінгі ойынның негізгі қаһарманы Роналду деп ойлаймын, - деді ол.

«Бүгінгі ойынға сарапшылардың барлығы португалдықтардың айқын басымдығымен өтеді деген болжам жасаған еді» деді Жанарбек Әшімжан.

- Алайда олар қателесті. Чехтар қарымта шабуылға иек артты, Петр Чех допты алған бетте қарсыластардың жағында жүрген Барошқа асырып отырды. Олар осы әрекет арқылы тең есепке қол жеткізуді қалады. Алайда ол жүзеге аспады. Ал 94 минутта португалдық қорғаушы қателесіп қалды. Петр Чех қақпаны тастап, бұрыштама добы берілетін кезде португалдықтардың айып алаңына кетіп қалған еді. Егер қорғаушы қателеспесе, ол бос тұрған қақпаға допты әуелетіп жіберсе болар еді, - деді жанкүйер.

Оның айтуынша, чехтар мен португалдықтардың ойын тактикасы хылдам қарымта шабуылға арналғандықтан ойын қызық болды.

- Чехия осыған дейінгі ойындардың барлығында гол соғып отырды. Поляктарға да, орыстарға да, гректерге де. Олар өзге командалар сияқты допты қабылдаған бетте сол доптан құтылуға тырысса, ойын іш пыстырарлық деңгейде болар еді. Екі команданың да тактикасы өзін ақтады деп ойлаймын, - деді ол.