Екі шымыр бір-бірін ала алмады

Хорват Марио Манджукичтің Италияға гол соққан сәті. Познань, 14 маусым 2012 жыл

Италия мен Хорватия құрамалары арасындағы кездесу 1:1 есебімен аяқталды. С тобындағы командалардың тағдыры тек шешуші кезеңде ғана анықталады. Азаттықтың сарапшылар құрамасы матч туралы ойларын айтты.
Польшаның Познань қаласындағы "Мейски" стадионында өткен кездесудегі есепті италиялықтар ашты. Айып добын тепкен Пирло 39-минутта тамаша гол соқты. Алайда 72-минутта хорват Манджукич есепті теңестірді.

Бапкер Бауыржан Сәрсекенов ойын тартысты болды дейді.

- Италия жақсы ойын көрсетті. Өткендегі ойынға қарағанда бүгін осы команданың қимылы, ұмтылысы көңілімнен шықты. Құрама қатарында ұрпақтар ауысты, бұрынғылардан тек Пирло, Буффон, Кассано ғана қалды. Оның үстіне бапкер де жаңа. Ал хорваттар біріккен ойын көрсетті. Бірінші ойында бәрі арттарына жалтақтап ойнады, ал бүгін ұпай қажет болғандықтан тартыс көп болды, - дейді ол.

Жанкүйер Бабыр Бәйменов ойын тең өтті деп санайды.

- Әрбір командада көшбасшы ойыншы болса, бүгінгі ойындағы Италия құрамасының сөзсіз көшбасшысы Пирло деп айтуға болады. Ол ойыншы жас емес, бірақ тәжірибе әрқашан да нәтижесін береді. Пирло бүгін соны дәлелдеді. Ал хорваттар бірінші ойынмен салыстырғанда өте сауатты ойнады. Келесі турда олар Испания құрамасына бұдан да артық қарсылық көрсететін сияқты, - деді ол.

Пирло соққан айып добы Хорватия қақпасына кіріп барады. Познань, 14 маусым 2012 жыл


Бабыр Бәйменов «хорват бапкері екінші таймда ойын тактикасына ұтымды өзгерістер енгізді» дейді.

- Бірінші таймда хорваттар оң қапталмен тек Срна арқылы шабуыл жасаған болатын. Ал екінші таймда олар екі қапталдан кезек-кезек шабуыл жасады. Гол болған сәтте де олар сол қапталмен әрекет еткен еді. Бірақ бүгінгі ойында ерекше көзге түскен ойыншы болған жоқ. Тек Пирлоның айып добын орындағаны көңілімнен шықты, - деді жанкүйер.

Спорт шолушысы Ержан Көшкінбай "хорваттарға өткен турдағы жеңіс жағымды әсер етті" дейді.

- Бапкер Славен Биличтің тактикасы жақсы, ол екінші таймда қажетті ойыншыларды алмастырды. Бапкердің мақсаты осы кездесуді тең есеппен аяқтау болатын, олар өз дегендеріне жетті. Ал Италия құрамасы қолда тұрған үш ұпайдан айырылып қалды, - деді ол.

Маман бас төреші тарапынан ешқандай қателіктерді байқамағанын айтты. «Бірақ қапталдағы төреші екі мәрте италиялық ойыншының ойыннан тыс қалғаны туралы шешімді дұрыс жасамады» деді шолушы.

Хорватия құрамасының бас бапкері Славен Билич. Познань, 14 маусым 2012 жыл


- Бас төреші Роберт Уэбб соңғы екі ойында да өзіне сенімді екенін көрсетті. Бірақ, меніңше, ол ойыншыларға тым қатал қараған сияқты. Ол хорваттардың шабуылын бірнеше мәрте негізсіз тоқтатты, - деді Бабыр Бәйменов.

Жаттықтырушы Бауыржан Сәрсекеновтің ойынша, «Италия құрамасында келесі кезеңге өту мүмкіндігі бар».

- Меніңше, бұл топта Ирландия - аутсайдер. Италия сол команданы ұтып, бес ұпай алып, келесі кезеңге шығуы ықтимал. Ал Хорватияның тағдыры Испаниямен ойында шешіледі. Бірақ екі командада да мүмкіндік бар, - деді бапкер.

Ержан Көшкінбай да командалардың болашағы келесі турда шешіледі деп санайды.

- Бұл топтағы үш команда да бес ұпай алуы мүмкін. Ондай жағдайда мәселені доп айырмашылығы шешеді, - дейді ол.

Хорват жанкүйерлері Италия-Хорватия матчы кезінде. Познань, 14 маусым 2012 жыл


Ал Бабыр Бәйменов «хорваттардың келесі кезеңге өтуі екіталай» деді.

- Келесі турға Испания мен Италия шығады деп ойлаймын. Себебі Испания Ирландияны жеңсе, Италия да сол команданы ұтады. Ал испандар хорваттардан басым түседі, - деді ол.

37 мың адам сыятын стадионда жанкүйерлер екі мәрте ойын алаңына тұманды шашкаларды лақтырды. Сол себепте бас төреші ағылшын Роберт Уэбб ойынды кідіртуге мәжбүр болды.

- УЕФА тарапынан бұл ойын қатты сынға ұшырайтын шығар. Өйткені өткендегі ресейлік жанкүйерлердің осындай қылығы үшін команданы келесі Еуропа біріншілігінде алты ұпайдан айыру туралы сөздер айтылып жатыр. Осы ойыннан кейін хорват футболшылар өз жанкүйерлеріне риза бола қоймас. Себебі УЕФА-ның осы мәселе бойынша шара қолданатыны анық, - деді Бабыр Бәйменов.

Ал Ержан Көшкінбай мұны назар аударуға тұрмайтын жағдай деп бағалады.

Италия футболшылары гол соққан Пирлоны құттықтап жатыр. Познань, 14 маусым 2012 жыл


Бауыржан Сәрсекенов «бұл - ішіп алған адамдардың қылығы» дейді.

- Жанкүйерлер фанатик болып кеткен. Мен талай елге барып көрдім ғой - олар ойынға беріліп, осындай қылық жасайды. Алайда бұл ұйымдастырушылардың қателігі емес, тек кей адамдар өздернің тәртіпсіздігін көрсетеді, - деді ол.

Ал Facebook әлеуметтік желісінде Еуро-2012 туралы белсенді түрде пікір білдіріп жүрген журналист Еренғайып Қуатайұлы "Ирландия жанкүйерлерінің мәдениеті ресейліктерге үлгі болса игі!" деп жазады.