Донецкіде өткен Еуропа чемпионатының D тобындағы алғашқы ойында Франция мен Англия тең түсті – 1:1. Екі команда матч соңына қарай барынша сақ жүрді. «Азаттықтың» сарапшылары ойын нәтижесі заңды болғанын айтады.
Есепті Англия құрамасы ашты. 30 минутта Джеррард айып добын әуелете тастап еді - Лескотт оңтайлы сәтте қапы қалмай баспен соқты. Француз қақпашысы Льорис жақыннан қатты ұрылған допқа тосқауыл бола алмады.
Ал 39 минутта Франция есепті теңестірді. Рибериден пас алған Насри 22 метр жерден гол соғып кетті. Ойын барысында алаңдағы шөптің ылғал, тайғанақ екені байқалып тұрды.
"ЗАҢДЫ НӘТИЖЕ"
Матч кезінде Франция құрамасы қарсыластарының қақпасына 22 рет қауіп төндірсе, ағылшын футболшылары 5 мәрте Льорис қақпасын нысанаға алыпты. Доп иелену көрсеткіші бойынша да Франция алда – 61%.
Спорт журналисі Төлеубек Әділбекұлының айтуынша, бүгінгі нәтиже заңды.
Ағылшындардың әр шабуылы аяқсыз қалып жатты. Шабуылды аяқтайтын ойыншы Уэйн Рунидің орны ойсырап тұрды.
Бұған қоса, Төлеубек Әділбекұлы «Алаңда Дэнни Уэлбек, Окслейд-Чемберлен бапкер үмітін ақтамады» деген пікірде.
- Ағылшындардың әр шабуылы аяқсыз қалып жатты. Шабуылды аяқтайтын ойыншы Уэйн Рунидің орны ойсырап тұрды. Бұл ойынның нәтижесіне қарамастан, екі команданың да ширек финалға шығуға мүмкіндігі сақталып тұр.
«ФРАНЦИЯ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕР МҮМКІНДІКТІ ЖІБЕРІП АЛДЫ»
Ал төреші Еркін Шәкірұлы матчтың арбитрі Никола Риццолидің жұмысына орташа баға берді.
- Риццоли ойын кезінде бірнеше күдікті шешімдер қабылдады. Атап айтсақ, ойын кезінде көптеген тәртіп бұзушылықтарды ескермеді. Ал жалпы Рой Ходжсон үшін бүгінгі нәтиженің өзі жеткілікті болғандай әсер қалдырды. Франция құрамасы алаңда шабуылдаушы ойын көрсетті. Насри, Бензаме, тіпті қорғаушы Патрис Эвраның өзі шабуылға араласты. Ал Англия енді алдағы уақытта Швеция мен Украинадан қалайда 4 ұпай алу керек,- деді төреші.
Франция құрамасы алаңда шабуылдаушы ойын көрсетті. Насри, Бензаме, тіпті қорғаушы Патрис Эвраның өзі шабуылға араласты.
Спорт комментаторы Рауан Оқастың пайымдауынша, Франция бүгін үш ұпай алуға лайық болғанымен, жеңіске жетер жолды таба алмапты.
- Бүгінгі ойында Францияның жеңісіне сенгендер көп болды. Француздар үшін сәттілік пен дәлдік жетіспеді. Ал ағылшындар алдағы уақытта дәл осындай ойын өрнегін көрсетсе, финалға шығуы екіталай, - деп санайды ол.
"ФИНАЛҒА ДЕЙІНГІ ФИНАЛ"
Футбол жанкүйері Мейірбек Нүрекеев «бұл ойын өте тартысты өтті» деп ойлайды.
- Жанкүйердің көбі бұл ойынға «финалға дейінгі финал» деген баға берген. Матч өте қызықты болды. Бірақ Фрэнк Лэмпард пен Уэйн Рунидің орны ойсырап тұрды. Жалпы, бүгінгі ойында Франция футболшысы Сами Насри мен Англия қақпашысы Джо Хард ерекше көзге түсті.
Ал футбол шолушысы Ермұхамед Мәулен «Джо Хард - бүгінгі ойынның бас қаһарманы» деп есептейді.
- Джо Хард 20 соққыны қайтара білді. Осы ерлігін атап өткен жөн. Алайда бұл ойында Англияның шабуыл шебі осал болды. Эшли Янг пен Дэнни Уэлбек ұтымды шабуыл ұйымдастыра алған жоқ. Бас бапкер Ходжсон шабуылшы Тео Уолкотты алаңға кеш шығарды. Уолкотты «сары майдай сақтамай» ертерек ойынға қосқанда таблодағы есеп басқадай болар еді, - деді журналист.
Англия мен Франция бүгін 30-шы ойындарын өткізіп, 6 рет тең түсіп отыр. Ал қалған матчтарда Англия 16 мәрте жеңіске жетсе, 8 рет Франция басым болған.
Кездесуден кейін қос команданың бапкерлері әлемдік ақпарат құралдарына сұхбат берді.
- Біз бүгін жақсы ойнадық. Шәкірттерім Францияға қарсы дұрыс ойнай білді. Бізге екінші голды соғуға сәттілік жетіспеді. Дегенмен, кездесудің тең нәтижемен аяқталғанына қуаныштымын, - деді Goal.com порталына сұхбат берген Рой Ходжсон.
Франция жаттықтырушысы Лоран Блан да тең нәтижені заңды деп есептейді.