Бірнеше әйгілі футболшы жарақаттанып қалды

Англия құрамасының белді ойыншысы, жартылай қорғаушы Фрэнк Лэмпард жарақаттануына байланысты Еуро-2012 туриріне қатыса алмайды. Лэмпардтың "Барселона" мен "Челси" кездесуіндегі соғылған голға қуанып тұрған сәті. Барселона, 24 сәуір 2012 жыл

Испания мен Англия құрамаларының белді ойыншылары Лэмпард пен Фабрегас жарақаттанып қалды. Олардың енді чемпионатқа қатысуы екіталай. Ал букмекерлер Испания жеңеді деп бәс тіге бастады.

Жарақаттанып қалуына байланысты Испания құрамасының тағы бір белді ойыншысы Сеск Фабрегас Еуропа чемпионатына қатыспауы мүмкін. Оның саны жарақаттанған. Испания құрамасының сапында осыған дейін Карлос Пуйоль, Давид Вилья жарақат алып, жарысқа қатыспайтындықтарын мәлімдеген.

ЖАППАЙ ЖАРАҚАТТАНУ

Бұдан бөлек, «Челси» командасы мен Англия құрамасының жартылай қорғаушысы Фрэнк Лэмпард та жарақатына байланысты Еуропа чемпионатына бармайды. Лэмпардтың да сан етіне жарақат түскен. Оның орнын «Ливерпуль» ойыншысы Джордан Хендерсон басты.

«Бұл біздің команда үшін қатты соққы болды. Дәрігерлер қазір Лэмпардтың алаңға шығуына болмайды деп отыр. Фрэнк іріктеу жарысында біздің команданың белді ойыншыларының бірі болған. Біз үшін де, ол үшін де бұл жарақат ауыр тиді» деді УЕФА сайтына сұхбат берген Англия құрамасының бас бапкері Рой Ходжсон.

Давид Вильяның 2010 жылғы әлем чемпионатында гол соққан сәті. 29 маусым 2010 жыл


Ал Ресей мен Италия арасындағы ойында Джанлуиджа Буффон иығын жарақаттап алды. Қазір Италия құрамасының дәрігерлері қақпашыны толық тексеруден өткізіп, жарақат аса қауіпті емес деген шешімге келген.

Команданың терапевт-дәрігері Энрико Кастеллаччи RAI Sport агенттігіне: «Буффон алдағы уақытта бізден дәрігерлік көмек алады. Жарақаты жеңіл, жарыс басталғанға дейін командаға қосылады» деп мәлімдеді.

БОЛЖАМДАР

Еуропа чемпионаты басталмай жатып футболшылар мен спортшылар өз болжамдарын айтып жатыр. Мәселен, Голландия құрамасының ойыншысы Уэсли Снайдер: «Биылғы біріншіліктің финалына Испания мен Голландия құрамасы шығады» деп болжап отыр.

Ал Испания құрамасының шабуылшысы Хуан Мата «Еуроспорт» арнасына берген сұхбатында, Еуро-турнирде Испания мен Англия жеңіске жетуі мүмкін депті.

Шахматтан биылғы әлем чемпионатында жеңіске жеткен үндістандық Вишванатан Ананд Испания екінші рет қатарынан Еуропа үздігі атанады деп ойлайды. «Биылғы жарыста Испанияны қолдаймын және олардың жеңісіне сенемін» депті шахматшы «Еуроспорт» арнасына берген сұхбатында.

Ал Испания құрамасының ойыншысы Хави Италия құрамасынан қауіптенеді. «Бұл команданың ойын жүйесі мықты» деген Хави.

БУКМЕКЕРЛЕР ИСПАНИЯНЫ ФАВОРИТ ДЕП ТАНИДЫ

Британиялық William Hill букмекерлік кеңсесінің Еуро алдында жария еткен болжамы бойынша, биылғы чемпионатта Испания – фаворит. Ал екінші және үшінші орынға Германия мен Голландия шығуы мүмкін. Ширек финалға аталған үш командадан бөлек Италия, Англия, Франция, Португалия және Ресей шығады-мыс. Украина, Ховрватия. Швеция, Грекияның жеңіске жетуге мүмкіндігі аз. Букмекерлік кеңсе мамандары: «Польша, Дания, Ирландия, Чехияға бәс тігудің қажеті жоқ, олар биылғы чемпионаттың аутсайдерлері» деп есептейді. ТМД аймағындағы букмекерлік кеңселер де Испания биылғы чемпионатта үздік шығады деп болжайды.

ТМД аймағындағы букмерлік кеңселердің әр командаға берген коэффиценттері:

Испания 3.60
Германия 3.75
Нидерланд 7.50
Англия 10.00
Франция 13.00
Италия 15.00
Ресей19.00
Португалия 19.00
Украина 41.00
Польша 51.00
Хорватия 51.00
Чехия 51.00
Ирландия 67.00
Грекия 67.00
Швеция 67.00
Дания 81.00