Биыл интернетте адамды қорқытатын не күлдіретін талай видеоклип жарияланды. Солардың назарды көп аударған он шақтысын тамашалаңыз.
1. «Шайтан бала»
«Шайтанның баласы» туралы қорқынышты фильмді әлеуметтік желі арқылы жарнамалауға тапсырыс алған мамандар Нью-Йорк көшелерінде өтіп бара жатқан жүргіншілердің зәресін ұшырды.
2. «Бақыт»
Америкалық рэп әнші Фаррел Уильямстің "Happy" (Бақыт – ред.) атты әнінің клипі көпшілікке ұнағаны сондай, ол Газа секторынан бастап Ямайка мен Малайзияға дейін түрлі қызықты да көңілді видеоклиптердің саундтрегіне айналды. «Бақыттың бар екенін білсең, қол шапалақта» деген сөздері бар бұл ән көп елдердехит болды. Бұл әннің ырғағы тіпті жан-жануарларды да елітті. Австралиялық иттердің қатысуымен түсірілген клипті интернетте 10 миллионға жуық адам қараған.
Бірақ тегерандық музыканттар бұл әннің Happy In Tehran («Тегерандағы бақыт») деген ирандық нұсқасын шығарған кезде Иран билігі оны жақтырмай қалды. Иран соты клипке түскен алты қыз-жігітті дүре соғу және бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім әлі орындалған жоқ, бірақ видеоклиптің продюсері біраз уақыт абақтыда отырып шықты. Иран сотының бұл шешімі халықаралық қауымдастықтың наразылығын туғызды.
3. «Өрмекші ит»
Поляк жігіті Сильвестр Вардеганың YouTube-тегі бұл видеосы жүрегінің түгі бар адамдарға арналған. Ол Чика есімді итіне өрмекшінің «костюмін» кигізіп, көшеде қаннен-қаперсіз жүрген адамдарды қорқытуға жібереді. Бұл видеоның жұртқа ұнағаны сондай, аз ғана уақыттың ішінде оны 100 миллионнан астам адам көрген.
4. Германия – Бразилия 7:1
2014 жылғы Бразилияда өткен футболдан әлем чемпионатының финалдық ойындары 3 миллион 400 мың жанкүйер мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі 1 миллиард көрермен үшін теңдесі жоқ сайыс болды. Осы чемпионатта жақсы нәтижемен жартылай финалға дейін жеткен аты аңызға айналған Бразилия құрамасы Германиядан 7:1 есебімен жеңілді.
5. «Мұзды су құю» науқаны
Осыдан сегіз жыл бұрын соғыс аймағынан хабар тарататын журналист 2 мың долларлық әлеуметтік жобаға ақша жинау үшін жұрт назарын интернет арқылы аудару әдісін пайдаланған. Содан бері ағылшын тілінде сrowdfunding (халықтан ақша жинау) сөзі қолданысқа енді.
Төбесінен мұз аралас суық су құйыну «дәстүрі» интернетті қайырымдылық мақсатына пайдаланудың озық үлгісіне айналды. Бұлшықет жүйесін зақымдайтын амиотроптық склероз ауруына қарсы шараларды қаржыландыруға бағытталған Ice Bucket Challenge деп аталған бұл дәстүр жер жүзіне кең тарады. Эстафетаға қатысып, мұздай су құйынғандардың арасында Дэвид Бэкхем, Криштиану Роналду, Том Круз, Леди Гага, Марк Цукерберг, Ричард Брэнсон және Джордж Буш сияқты танымал адамдар бар.
6. «Батыр» бала
Қарашаның басында жарық көрген бұл видео жұрт назарын Сириядағы үш жылға созылған соғысқа аударды. Кішкентай бала жан-жағынан атылған оққа қарамастан, қарындасын жетелеп, тасаға алып кетеді. Интернеттен көрген жұрт жас баланың батырлығына тамсанып, бас шайқаған. Алайда кейін бұл видеоның шынайы көрініс емес екені әшкереленді. «Батыр бала» кәнігі актер болып шықты. Видео Мальтада түсірілген екен. Автордың бұл өтірігіне жұрт наразы болды. Ал автор - норвегиялық режиссер «бұл арқылы соғыс аймағындағы балалардың қасіретіне жұрт назарын аударғым келді» деп ақталды.
7. Құлаған iPhone 6
Әлемдегі ең табысты компаниялардың бірі Apple 2014 жылы да пайдаға кенелді. iWatch атты ерекше өнім шығарған компания iPhone смартфонының соңғы нұсқасын сатқан сәтте рекорд жасады. Бұл қымбат гаджетті өзге жұрттан бұрын сатып алған клиенттердің бірінің жаңа iPhone 6 смартфонын сол сәтте қолынан түсіріп алғанын Австралия телеарнасы көрсетті.
8. Тікелей эфирде жұмыстан кеткен журналист
Ресейдің Қырымды аннексиялауы, Украинаның шығысында Малайзия жолаушылар ұшағының құлауы және Украинадағы басқа оқиғалар әлемдік қауымдастықтың наразылығын туғызды. Кремль өз әрекеттерін ақтап алу үшін ақпараттық майданда белсенді әрекетке көшті. Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары мен интернеттегі беймәлім комментаторлар жалған ақпарат таратып, жұртты шатастырды.
Ресейдің ағылшын тілінде хабар тарататын RT телеарнасының екі қызметкері Мәскеудің осы «ақпараттық соғысына» тікелей эфирде наразылық білдірді. Олардың бірі, америкалық тележүргізуші Лиз Уол «Ресей үкіметінің Путин әрекеттерін ақтау науқанына қатыспайтынын» айтып, тікелей эфирде жұмыстан кетті.
9. Мультфильм кейіпкерінің «мәлімдемесі»
2014 жылдың ең маңызды саяси науқандарының бірі Шотландиядағы референдум болды. Қыркүйектің 18-і күні Шотландия тұрғындары Ұлыбритания құрамынан шығып, тәуелсіз мемлекет болу мәселесі бойынша дауыс берді. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Гордон Браун «Бір мемлекет» деген ұран көтерсе, шотланд ұлтшылдарының басшысы Алекс Салмонд тәуелсіздікті жақтады. Дауыс тең болып келді де, ақыры тұтастықты жақтайтындар аз ғана басымдықпен жеңіске жетті. Бірақ осы науқандағы ең танымал видео америкалық «Симпсондар» мультсериалының кейіпкері Виллидің Шотландияның тәуелсіздігін жақтаған «мәлімдемесі» болды.
10. Бойжеткеннің көшедегі 10 сағат серуені
Қарапайым киініп, Нью-Йорктің көшесінде кетіп бара жатқан бойжеткенмен танысуға ынтық жігіттер көп болды. Олар қызды сөзбен қағытып, телефонын сұрап, тіпті қасынан қалмай еріп жүрді. 10 сағат бойы көше кезген кейіпкер әлемдегі ең космополит қоғамның өзінде әйел адамға жалғыз жүрудің қаншалық қиын екенін дәлелдеді.
Бонус видео: Тістеуік Чарли
Жұрт көп көрген тағы бір видео - Чарли есімді сәбидің кішкене ағасының қолын тістеу «ермегі» туралы клип. Қазірдің өзінде бұл қарапайым видео 800 миллион рет қаралған.
Азаттық тілшісі Энди Хейлдің мақаласын ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей.