Ақ үй баспасөз қызметінің хабарлауынша, Вашингтонда екі ел президенті аймақтық қауіпсіздік, экономикалық мәселелер мен АҚШ-Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты талқылайды. Назарбаев пен Трамп бірнеше халықаралық мәселелерді, соның ішінде Ауғанстандағы жағдайды сөз етеді.
Ал Қазақстанның мемлекеттік ақпарат агенттіктері екі ел президенті Ресеймен қарым-қатынас, Сириядағы соғыс және сауда мәселелерін талқылайтынын хабарлады.
Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының сарапшысы Санат Көшкімбаевтың айтуынша, "АҚШ - Қазақстанның ірі сауда-экономикалық, инвестициялық әріптесі".
"Саяси тұрғыдан Қазақстан АҚШ-пен өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін қозғау және шешу бойынша ынтымақтасып келеді. Атап айтқанда, Ауғанстан мәселесі келіссөздердің ең маңыздысы болады. Бұдан басқа Сирия мәселесі де бар. Ресеймен қарым-қатынастар АҚШ-тың еуразиялық стратегиясы аясында талқыланады. Әрине ядролық қаруға қарсы жайт тұрақты назарда болады. Өйткені АҚШ әкімшілігі Қазақстанның ядролық қаруын таратпау саласындағы көшбасшылығын үнемі жоғары бағалап келеді. Оның үстіне Корея түбегіндегі оқиғалар келіссөздерде ядролық қару мәселесінің өзектілігін арттыра түседі" деді Санат Көшкінбаев Қазинформ ақпарат агенттігіне.
Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық еткен уақытта Ауғанстан мәселесі бас тақырып болмақ.
Қазақстанның БҰҰ тұрақты өкілі Қайрат Омаров қаңтардың 11-і күні "Қауіпсіздік Кеңестің мүшелері Ауғанстанға барып, елдің жағдайымен танысып қайтады. Соғыстан зардап шеккен елге не қажет екенін, болашақтағы дамуын саралайды" деді.
Омаров Ауғанстанға сапар қай уақытта болатынын айтпады. Бірақ оның сөзінше, "БҰҰ Қауіпсіздің Кеңесі жеті жылдың ішінде алғаш рет Ауғанстанға толық құраммен барады".
Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік Кеңесі төрағалығынан Қазақстан не ұтады?
Ал қаңтардың 9-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада АҚШ-тың осы елдегі елшісі Джордж Кролды қабылдады. Назарбаев "26 жыл бұрын басталған Қазақстан мен АҚШ арасындағы достық қарым-қатынас ары қарай дами түседі деп үміттенеді".
"Қазақстанда АҚШ-тың қатысуымен 500 компания жұмыс істеп жатыр. Олардың 140-тан астамы - екі елдің біріккен жобасы" деді Назарбаев елшімен кездесуде.
Қазақстанда АҚШ-тың қатысуымен 500 компания жұмыс істеп жатыр. Олардың 140-тан астамы - екі елдің біріккен жобасы
Назарбаевтың айтуынша, Астана мен Вашингтон терроризммен күрес, ядролық қаруды таратпау және саудадағы инвестиция бойынша қарым-қатынасты жалғастыра бермек.
Ал қаңтардың 12-і күні АҚШ мемлекет хатшысының Орталық Азия және Оңтүстік Азия бойынша көмекшісі Элис Уэллс журналистермен телефон конференциясын өткізді.
"Біз Қазақстанмен экономикалық диверсификацияны кеңейтуге байланысты әңгімені жалғастырамыз. Қонақжай, іскер климаттың қалыптасуын қолдаймыз. Өйткені Қазақстанға шетелдік инвестицияның тартылуына дәл осы жайт себеп. Америкалық инвесторлар мемлекетке қаржы салар кезде бірінші кезекте осы елде жұмыс істеп жатқан компанияның жетістіктеріне көңіл аударады. Сондықтан, біз келісім-шарттарға деген құрметті қамтамасыз етуге және бар мәселелерді шешуге тырысамыз" деді Уэллс.
АҚШ мемлекет хатшысының көмекшісі Ауғанстанның болашағы Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың бірігіп қимылдауына байланысты екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа үш күндік сапары өаңтардың 18-і күні аяқталады. Сапар аясында Назарбаев АҚШ-тың ресми, іскер топ өкілдерімен де кездесіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысады.