Марсқа ұшуға кемінде 4 қазақстандық өтініш берген

Марсқа баратын алғашқы адамдардың тұрағы. (Көрнекі сурет)

Тамыздың 31-і күні Марсты игеруді мақсат тұтқан жобаға қатысқысы келетін адамдардан өтініш қабылдау аяқталды. Нидерландтық компания 2022 жылы алғашқы 4 адамды тарихи сапарға аттандырмақ.
Нидерландтық MarsOne коммерциялық емес ұйымы 2022 жылы Марс планетасына төрт адамнан тұратын алғашқы ғарышкерлер тобын ұшыруды жоспарлап отыр. Қалған өмірлерін жат планетадағы тұңғыш колонистер ретінде өткізгісі келетін үміткерлерден өтініш қабылдаудың бірінші кезеңі тамыздың 31-і күні аяқталады. Бірақ ұшырылатын алғашқы төрт адам (екі әйел, екі ер) таңдап алынған соң іріктеу қайта жалғаса береді. Өйткені 2022 жылдан соң әрбір екі жыл сайын осындай тағы төрт топ Марсқа аттанады.

Алдын-ала іріктелетін 24 адам Марсқа ұшпас бұрын механика мен инженерліктен бастап, стоматология мен ботаникаға дейінгі аралықтағы барша қажетті мамандықты игеру бойынша дайындықтан өтеді. Байқауға қатысушылардың жасы 18-ге толуы тиіс. Бұдан бөлек үміткердің жасына қатысты шектеу қойылмаған. Тек бойы кем дегенде 157 сантиметр болуы қажет. Ең басты бес шарт ретінде күш-қуатын тез қалпына келтіру қасиеті, бейімделгіштік, білімқұмарлық, сенім және шығармашылық қабілет аталады.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТӨРТ ҮМІТКЕР

Марсқа аттануға ниет білдірген үміткерлердің саны 150 мыңнан асты. Байқаудың шарты бойынша үміткер өзі туралы ақпаратты сайтқа жариялатпауға құқылы. Ал сайтқа жарияланған үміткерлердің ішінде тамыздың соңына дейінгі ақпарат

НАСА-ның Марсқа жіберген Curiosity аппараты. 3 ақпан 2013 жыл.

бойынша төрт қазақстандық бар. Олардың бірі – Алмас атты 28 жасар жігіт видеожолдауында өзін былай сипаттайды:

«Өте білімқұмар, белсенді адаммын. Спортпен шұғылданамын, әлеуметтік жобаларға қатысамын. Саяхаттауды ұнатамын, желкенді қайықпен дүниені шарлап шықтым».

27 жастағы қазақстандық Илгам Махмутов мамандығы физик болғанымен, шаңғы мен биатлон бойынша шебер атанған спортшы екенін жазыпты. Ресейдің спорт министрлігінде жеңіл атлетика бойынша паралимпиадалық құраманың басшысы болып қызмет ететін ол қазақ және ағылшын тілдерінде сөйлейді екен.

Ал 41 жастағы Сергей есімді қазақстандық заңгер сайттағы видеожолдауында «қызыл планетаны» игерушілердің алғашқы тобына кіруге лайықты екенін айтыпты. «Дене шынықтыру бойынша дайындығым әжептәуір, үнемі жаңа нәрсені танып-білуге құштармын» дейді ол.

Сайтқа жарияланған қазақстандық үміткерлердің ең жасы – 20 жастағы Марина ресейлік тіл университеттерінің бірінде оқиды. Ол мамандығы аудармашы болса да, ғарышкер аттану өмірлік арманы екенін жазған. Марина ғылыми фантастиканы, аспаптық музыка мен үй өсімдіктерін жақсы көреді екен.

СУ МЕН ЖАРЫҚ

MarsOne ұйымының ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, жерліктер болашақта Марсқа қоныс тебу арқылы адамзат баласының Күн жүйесін тереңірек зерттеп-білуіне және бір-біріне жақындай түсуіне үлес қосуы тиіс. Ұйымның адамзат баласы игеретін алғашқы бөгде планета ретінде Марсты таңдап алуына бірнеше

Марс планетасы. НАСА-ның Curiosity аппараты түсірген сурет. 23 тамыз 2012 жыл.

фактор себеп болған. Мысалы, «Қызыл планетада» су қоры, күн жарығы мен атмосфералық қабат бар, тәулік ұзақтығы және күн мен түннің алмасу реті Жерге ұқсас. Мұнда қуат өндіретін дәрежеде күн сәулесін де пайдалануға болады.

Ұйымдастырушылар Марсқа ұшу ұзақтығы 6 мен 8 ай аралығында деп көрсетеді, сапар уақытында және жат планетаға қоныстану кезінде түрлі қауіп-қатер мен қиындықтар тууы мүмкін екенін ескертеді. Марсқа алғашқы қоныстанушылар қажетті азық-түлікті өздері өсіруі тиіс болады. Бұдан бөлек олар өз мамандықтары бойынша түрлі ғылыми зерттеулер жасайды. Адам баласының өз тарихында бірінші рет Күн жүйесіндегі басқа планетада өмір сүруінен туындайтын түрлі этикалық, заңдық және басқа да сұрақтарға ұйым өз сайтында барынша толық жауап беруге талпынған.

«ӘЗІЛІ МЕН БІРЛІГІ ЖАРАСҚАНДАР КЕРЕК»

Бұрынғы НАСА ғалымы, тегі австриялық дәрігер Норберт Крафт ғарышта ұзақ уақыт өткізудің адам психикасына қалай әсер ететінін зерттеп келеді. Қазір ол – MarsOne ұйымының жобасына қатысқысы келетін үміткерлерді іріктеп алушы қазылардың бірі. Оның сөзінше, кандидаттың ерік-жігері, мықты денсаулығымен қатар әзілкештігі де болуы қажет.

– Марсқа ұшатындардың [жай ғарышкерлерден айырмасы] – олар жаңа планетаға біржола қоныстанбақ. Жаңа қоғам құрмақ. Сол себепті әзілкештік –

Марс.

маңызды факторлардың бірі. Жағдай күрт қиындаса, әзіл-оспақ ахуалды жақсартуға сеп болады, адамдардың басын біріктіре алады, – деді ол Азаттыққа.

Дәрігердің өзі де зейнетке шығып, Марсқа кетуді жоспарлап отыр. Оның сөзінше, «Қызыл планетадағы» 38 пайыздық тартылыс күші сыр бере бастаған буындарына майдай жағуы мүмкін. Крафт Марс сапары үшін таңдап алынатын адамдардың жеке-дара жетістіктерінен гөрі, көппен ынтымақтаса жұмыс істеу қабілеті көбірек бағаланатынын айтады.

MarsOne ұйымының өкілдері өздерін саясаттан барынша аулақ, жобасын тек жеке демеушілердің күшімен жүзеге асыруға бекінген энтузиаст еріктілер ретінде сипаттайды. MarsOne-ның 6 миллиард АҚШ долларына тең жобасына қажетті қаржыны оның серіктесі Interplanetary Media Group ұйымы түрлі шаралар өткізу арқылы жинап жатыр. Марсқа аттанудан дәмелі әрбір үміткер өтініш беру кезінде орта есеппен 40 доллар ақы төлейді.