3D принтер технологиясы дамып жатыр

3D принтер арқылы жасалған зат. Бельгия, 24 қаңтар 2013 жыл.

«3D принтер» деген атпен белгілі құрал соңғы жылдары өте қарқынды дамыды. Бұл технология әлемдік экономикада ірі жаңалықтар жасап, қалыптасқан мануфактура тәртібі мен әлемдік саудадағы тепе-теңдікті өзгертіп жіберуі мүмкін.
Бұл жаңалық жайында АҚШ президенті Барак Обама ақпан айында сөйлеген кезінде «Жаңа құралдың осыған дейін жасаған барлық жетістіктерімізді төңкеріп тастауға жететін қабілеті бар» деп қысқа ғана айтып өтті.

3D ТЕХНОЛОГИЯ

3D принтер компьютердегі үш өлшемдік суреті бар файлдарды қабылдап, пластик, смола, керамика, металл, тағы басқа материалдардың қабаттарын бір-бірінің үстіне жинап, одан тауар жасап шығарады.

Инженерлер мен дизайнерлер автоматтандыру мен ғарыш саласында түпнұсқаны жасау үшін осы технологиягы ондаған жылдардан бері пайдаланып келеді. 3D принтер арқылы жасалған көптеген құрамалы бөлшектер ұшақтарда, адамсыз ұшатын аспаптарда және спутниктерде қолданылатын.

Мамандар медицина саласында титаннан жамбас сүйектің көшірмесін және керамикадан тіс протездерін жасау үшін үш өлшемді кескінді қолданады.

Компьютер дәуірінде 3D принтер технологиясы шапшаң дамып, құралдың бағасы да тез арзандап барады. Бір кездері жоғары өндірістің санаулы саласында шектеулі болған технология кеңінен таралып, қарапайым халықтың сатып алуына қолайлы бола түсті. Затты үш өлшемде дайындап беретін принтерлер қазір 1000 доллардың маңында сатылып жатыр.

3D принтер.


ЖОСПАР

АҚШ-та 3D принтерін алғаш шығарушы, Wohlers Associates компаниясының президенті Терри Уолерс жаңа принтердің мүмкіндіктері шексіз екенін айтты.

– Бұл жаңалық жаңа бизнестерге, тың бизнес жобаларға, жұмысын енді бастаған компанияларға, жалпы бұған дейін өндіру мүмкін болмаған, өндірсе де өте қымбатқа түсетін өнімдердің мүлде жаңа түрлерін жасап шығаруға зор мүмкіндік болғалы тұр. Дамып бара жатқан осы технологияның нәтижесіне қарасаңыз, адамды таң қалдыратын өзгерістер әлі алда деген зор үміт бар, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

Бұл технологияны мамандар қазірдің өзінде-ақ мүсін, смартфонның қораптары, қол сөмкелерін және лампалар жасайтын өндіріс саласында қолданып жатыр.

Сән дизайнерлері де асыл тастан бұйымдар жасап, киім тіккенде және нейлон сияқты материалдарды қолданғанда осы технологияны пайдаланады.

Қазірдің өзінде архитекторлар бетоннан салынатын үйлерді жобалағанда 3D принтерді қолдану әдістерін меңгеруге тырысып жатыр. Тіпті «түгелдей 3D принтердің көмегімен жасалған үй саламыз» деген бәсеке де басталып кетті.

Ғалымдар биологиялық материалдардан адам денесінің шеміршек, сүйек және тері сияқты мүшелерін жасаудың технологиясын іздестіріп жатыр.

3D принтер адамның басының мүсінін жасап жатыр. Германия, 5 наурыз 2013 жыл.


ЖАҢА БӘСЕКЕ

АҚШ-тағы көптеген мектептер қазірдің өзінде 3D принтерлермен жабдықталып жатыр.

Forbes бизнес журналының дерегінше, бұл технологияға негізделген өндіріс 2016 жылға дейін әлем бойынша 3,1 миллион доллардың тауарын өндіреді. 2020 жылы ол көрсеткіш 5,2 миллион долларға дейін жетеді деген болжам бар.

Колорадо штатындағы Да Винчи иститутының директоры, футуролог Томас Фрейдің ойынша, 3D принтер өндірісі қоғамды барлық виртуалдық қырынан сомдайды, фабрикалар арзан тауарлар шығарады және тауарларын жекелеген тұтынушылардың қалауына үндес етеді.

– Бірнеше жылдан соң киім сататын дүкенге барғаныңызды былайша елестетуге болады. Сатушылар ең әуелі сіздің дене пішініңізді сканерге түсіріп алады да, ол ақпаратты сіз сұраған киімді принтерден шығарып беретін аппаратқа жібереді. Осылайша өзіңіз қалаған үлгіні жасатып аласыз. Арнайы аппарат сіз қалаған түсті те сол сәтте көшіріп береді. Көйлек, костюмді ғана емес, аяқ киіміңізді де солай жасайды, – дейді ол.

Адам құлағының 3D принтер арқылы жасалған үлгісін ұстап тұрған ғалым. АҚШ, 13 ақпан 2013 жыл.


Лондондағы экономист Джордж Магнус 3D принтер өндірісі дамыса, АҚШ, Батыс Еуропа және Жапонияның өндіріс саласындағы бәсекелестігін қайтадан күшейтуі мүмкін дейді.

– Өз нарығыңыз бен тұтынушыларыңыз дәл жаныңызда болса, әлдеқайда арзан тауар шығаруға мүмкіндігіңіз болса, өнімді Қытайдан шығарып не керек? Әдетте үкіметтің барлық уайымы еңбекақыны өсіруден және интеллектуалдық жекеменшікті қорғаудан басталады. Оған қоса шикізатты зауытқа жеткізу жұмысы да бар. Сосын дайын болған тауарды кері тасумен әлек боласың, – дейді ол.

ҚАРА ЖҰМЫСШЫ АЗАЙЫП, IT-МАМАН КӨБЕЙЕДІ

3D принтер өндірісі іске қосылғанда бөлшектерді жинайтын күрделі конвейер тұрғызудың қажеті болмай қалады. Бұл технологияны қолданған фабрика жұмыс күші мен материалды аз қажет етеді. Сондықтан заттың бағасы да арзандайды.

Бірақ бұрыннан келе жатқан тауарлық өндіріс саласы тоқырайды деуге әлі ерте. Жаңа технологияның мүмкіндігі шектеулі екенін сарапшылар да мойындайды.

Нью-Йорк қаласындағы Корнелл университетінің ғалымы, «3D принтердің жаңа ғасыры» деп аталатын кітаптың авторларының бірі Ход Липсон:

– Бұл күндері 3D принтер бұрыннан келе жатқан жалпы қызмет және өндіріс саласында 0,1 пайызға жетер-жетпес шамада ғана пайдаланып жатыр. Сондықтан ол толық қолданысқа енеді дегенше бірталай заман бар, – дейді.

Wohlers Associates компаниясының президенті Терри Уолерстің ойынша, «Күрделі дизайнмен жасалатын жоғарғы технологиялық мануфактураны өндіруге бұл жаңалық өте қолайлы. Бірақ стадиондағы орындық немесе қоқыс салатын жәшік сияқты көлемі үлкен қарапайым тауарларды шығарғанда оның пайдасы шамалы».

Жаңа технология дамыған Батыс елдеріндегі жұмысшылар құрамына да әсер етеді. Ол бұрынғы өндіріске қарағанда еңбек күшін аз қажет етеді. Бірақ оның есесіне технологиясы жоғары дамыған жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

– Бағдарлама жасайтын мамандар, дизайнерлер, ІТ қызметкерлері, станоктағы операторлар және супервайзерлер өндірістің қозғаушы күші болады. Қара күш бұрынғыдай көп қажет болайды, – дейді лондондық экономист Джордж Магнус.

3D технологиясы таралған сайын интеллектуалдық меншік, авторлық құқық, жауапкершілікке байланысты маңызды заңдық мәселелер туындап жатыр.

– Сіз көлікті басқаратын рульді принтермен жасап шағардыңыз. Кейін ол руль сынып қалса кім кінәлі? Жобаны сызған ба, әлде құралды жасаған адам ба, жоқ болмаса материал дайындап бергендер ме? Жауапты адамдар саны көбейіп кетеді. Жауапгершілік жағы әлі анықталмаған, – дейді ғалым Ход Липсон.

Липсонның ойынша, «бұл технология қауіпсіз емес – мысалы, атыс қаруын 3D принтермен көшіріп жасау қаупі бар».

– Әрине, ол нағыз соғыс қаруы болмаса да, бір рет атуға жарайтын пластикалық қару болуы мүмкін. Осының өзі адамға өте қауіпті болуы мүмкін. Біз осы жағын ойлауға міндеттіміз, – дейді Липсон.

АҚШ-тың Техас штатында қару ұстауды қолдаушы топ мүшелері арнайы сайт ашып, атыс қаруларының бөлшектерін 3D принтер арқылы жасауға қажетті файлдарды бөліседі. Ұйым мүшелері бөлшектері 3D принтер арқылы жасалған тапаншадан оқ атып жатқан адамдардың видеосын YouTube желісіне жүктеп қойған.

(Мақаланы аударған Сағынай Кәрім)