Өздігінен жүретін робот-көлікке дайынсыз ба?

АҚШ-тағы көрмеге қойылған өздігінен жүретін көліктің үлгісі. Лас-Вегас, 8 қаңтар 2013 жыл.

Компаниялар өздігінен жүретін автокөлік жасауда елеулі жетістікке қол жеткізді. Бірақ сарапшылар мұндай көлікті пайдалануда технологиялық, заңдық және мәдени кедергілер туатынын айтады.
Көшеде көлік күтіп тұрмын деп елестетіп көріңіз. Қалта телефоныңыздағы қосымша арқылы баратын жеріңізді тересіз. Сәлден соң автокөлік келеді де, сізді отырғызып алып, зырлай жөнеледі. Таксиден жалғыз айырмасы – бұл автокөліктің жүргізушісі болмайды.

АДАМЗАТ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕТІН ЖОБА

Бұл жоба ғылыми фантастика сияқты естіледі. Бірақ автокөлік өндірісіндегі инновациялық жылдамдық бұл сценарийді жақын арада шындыққа айналдыруы мүмкін. Өздігінен жүретін автономиялық көліктің пайда болуы революциялық өзгерістерге ықпал етіп, біздің уақытымыз бен жанармайымызды үнемдеп, апаттардың алдын алып, қалалық жоспарлауды реттеп, кәрі, мүгедек және ішімдік ішкен адамдардың қозғалысын оңайлатады деген үміт бар. Мұндай жаңалық көлік кептелісін сейілтуге де көмектеспек.

Google компаниясының атқарушы директоры Ларри Пейдж өткен айда жаңа технологияның артықшылықтарын мақтады.

- Өздігінен жүретін көлік өміріміз бен айналадағы табиғатты қалай өзгертетінін елестетіп көріңіз: жасыл желек көп, автотұрақтар аз, қозғалыс еркін, жол апаты кем, таңдау еркі кең, рөлде отырып зая қылатын уақыт үнемделген. Америкалық азамат орта есеппен күніне 50 минутын жұмысқа баруға жұмсайды. Ал осы уақытыңызды басқа шаруаны атқаруға жұмсаймын деп ойлап көріңіз, - дейді Пейдж.

«2025 ЖЫЛЫ ҚОЛДАНЫСҚА ЕНЕДІ»

Бұл технологиялық революция басталып кетті десе де болады. Өйткені жүргізушіге көмекші болатын автоматтандырылған жүйелер жаңа көліктерге орнатыла бастаған. Көліктің рөлін, жылдамдығы мен тежегішін автоматты түрде басқаруға жол табу жүйесі, ақпаратты сақтау жүйесі, бейімделген круиз бақылау, автоматты түрде тұраққа қою жүйесі және спутниктік шолу жүйесі жәрдем етеді. Автокөлік біржола өздігінен жүру үшін бұл жүйелер бір компьютерлік бағдарламаға біріктіріліп, камера, радар және радар сияқты жұмыс істейтін лазер – лидарды тетіктермен жабдықталуы тиіс. Бұл құрылғылар компьютерлік бағдарламаға автокөліктің төңірегі туралы ақпарат беріп, жақындағы белгілер мен жол жиегін, бағдаршам мен жол белгілерін байқауға, жаяу жүргіншілерді анықтауға мүмкіндік береді. Мамандар арасында толық қауіпсіз болуы үшін мұндай автокөлік өзі сияқты басқа көліктермен де байланыста болуы тиіс деген пікір бар.

Google компаниясы көзі көрмейтін адамдарға өздігінен жүретін көлік жасап жатыр.


АҚШ-тың Мичиган штатының Анн-Арбор автомобильдерді зерттеу орталығының тасымал жүйесін талдау бойынша директоры Ричард Уоллестің айтуынша, мұндай өзара байланыс көлікке жол қиылыстарынан өту кезінде қажет.

- Қаланың көлігі көп ауданында жүрсеңіз радиолокациялық және оптикалық жүйелер көше қиылыстарында істемей қалады. Ғимараттар мен қиылыстар алдағы көріністі жауып тастайды. Радиобайланыс үзілгесін, апатқа да ұшырауыңыз мүмкін, - дейді ол.

Өздігінен жүретін көлік құралының прототипі жасалған, бірақ сарапшылар оны көпшілікке сатқанша оншақты жыл өтеді дейді.

- Қазіргі индустриямызға сүйеніп 2018 жылға қарай мүмкін үлкен жолға шығып, саяхаттай беретін өздігінен жүретін көлікке ие болып қаларсыз. Яғни, арнайы жолға түсесіз де, түймені басып қалып, автономиялық көліктің басын қоя бересіз. Бірақ басқа қатарға ауысқыңыз келсе немесе жолдан шықпақ болсаңыз, қолмен басқаруға ауысасыз. Ал біржола өздігінен жүретін көлік 2025 жылдары қолданысқа енеді, - дейді Ричард Уоллес.

СЫНАҚТАН ӨТКЕН АВТОКӨЛІКТЕР

Google компаниясының айтуынша, автономиялық көліктің сынақ үлгісі 700 мың шақырымды өзі жүріп өткен және бір де бір жол-көлік оқиғасына тап болмаған.
Өткен айда Mercedes-Benz өзінің «виртуалдық көлік жүргізуші» технологиясын – S класына жататын 100 мың АҚШ доллары тұратын көлігін көрсетті. Немістік фирманың айтуынша, көлік қала ішінде өзі жүре береді, трассада сағатына 200 шақырым (барлық ережелер сақталған тас жол болса) жылдамдық ұстайды.

Ал ұлыбританиялық Оксфорд университеті iPad арқылы басқарылатын, өздігінен жүретін көлік жасауды қолға алды.

Сарапшылардың пікірінше, автономиялық көліктер кең қолданысқа енген соң көліктерді иелену формасы, жолдардың, қалалар мен көліктердің арнайы дизайнға көшуі көлік сақтандыру секторына қатты ықпал етуі мүмкін.

Футурист Томас Фрей – АҚШ-тың Колорадо штатындағы DaVincі институтының директоры. Оның айтуынша, «шопырсыз жүру функциясы автокөліктің өзі пайда болған кездегідей революция жасауы мүмкін. Себебі автономиялық көлік өндірістің барлық саласын өзгертіп жібермек.

Футурист Томас Фрей.


Оның болжауынша, болашақ автокөлік өндірісі неғұрлым көп машина сатудың орнына жүріп өткен жолдың ұзақтығы үшін ақы тағайындап, пайда табады.

- Жекеменшік көлігіңіздің болуы міндет емес. Таксидің қызметіне ұқсас болғанымен, жүргізушіге ақы төлемейсіз. Қазір біздің көліктердің көбі – уақытының 97 пайызын өтпе жолдарда, автотұрақта, гаражда өткізеді. Ал жаңа көлік қолданысқа енсе, оны қажет кезінде ғана пайдаланамыз. Смартфонды қолға аласыз да, көлік нақты қажет кезде шақыра саласыз, - дейді Томас Фрей.

Бірақ сарапшылардың пікірінше, көлікті өзі айдағысы келетін жүргізушілердің жаңа технологиямен бәсекеге шыдас беру үшін сақтандыру мен жүргізуші жауапкершілігі сияқты мәселені шешуге қатысты арнайы заң қабылдануын күтуі қажет болады.

АҚШ-та үш штат автономиялық көліктерді қолдануды заңдастырды. Федералдық шенеуніктер өткен айда бұндай көліктерді пайдалану туралы алғаш рет ресми мәлімдеме жасады.

Көлік министрлігінің штаттарға арналған нұсқаулығында сынақ жағдайынан басқа уақытта көлік жүргізушілерінің машинада отыруы керектігі айтылып, технологияның қажетті қауіпсіздік деңгейіне әлі жетпегені ескертілген. Басқа ұсыныста жүргізушісіз көлікті басқаратын жүргізушінің арнайы лицензиясы болуы қажет екені, керек кезде жақын жерде тұрған түймені басып, көлікті өзі басқаруға тиіс екені көрсетілген.

Антуан Блуаның мақаласын аударған – Динара Әлімжан