Адамзат астероидтардан құнды металл өндірмек

Астероид

Адам баласы бұған дейін астероидтарға апат себепшісі деп сақтықпен қарайтын еді. Енді олар шаш етектен пайда табуға болатын жаңа бизнес көзіне айналуы мүмкін.
Ақпан айының ортасында Жерден небәрі 27 мың шақырым қашықтықта астероид ұшып өтеді. НАСА ғалымдарының айтуынша, қарапайым құралмен де көруге болатын астероидтан адамзатқа келіп-кетер қауіп жоқ.

АСТЕРОИДТЫҢ ҚҰРАМЫ

Ғалымдардың зерттеуінше, астероидтар Жерде сирек кездесетін алтын, темір, қорғасын, кобельт, т.с.с металдардың таптырмас қайнар көзіне айналуы мүмкін.

Мысалы, диаметрі 1,5 шақырымдық шағын астероидтан құны 20 триллион АҚШ доллары тұратын металл табуға болады деп болжайды.

Ғалымдардың айтуынша, тығыздығы өте жоғары Психея астероидындағы темір-никель руда қоры жерді осы рудамен бірнеше миллион жылға қамтамасыз етуге жетеді.

АСТЕРОИДШІЛ КОМПАНИЯЛАР

Әлемде астероидтардан пайдалы қазба игеруді көздейтін бірен-саран компания ғана бар. Жақында олардың қатарына тағы бір компания қосылды.

Қаңтар айының соңында Deep Space Industries (DSI) компаниясы ғарышта пайдалы қазба игеру концепцияларын көпшілікке таныстырып, осы бағыттағы жоспарларымен бөлісті.

Өзге компаниялар сияқты DSI компаниясы да астероидтарды зерттеу-барлау

Ғарышта ұшып жүрген астероид.

жұмысынан бастайтынын мәлімдеді.

The Sunday Telegraph-тың жазуынша, компания бұл үшін 2015 жылы FireFlies деп аталатын салмағы 25 килограмдық кішігірім спутниктерді ұшырады.

Бірнеше астероидтардың суреттерін түсіріп алғаннан кейін компания 2016 жылы астероидтағы элементтер үлгілерін жинау үшін одан сәл үлкенірек Dragonflies аппаратын ұшырады.

Егер осы қадамдардың бәрі сәтті аяқталса, 2020 жылы компания үшінші буын технологиясымен жасалған Harvester аппараты арқылы астероидтан пайдалы қазба өндіре бастайды.

АСТЕРОИДТЫ ИГЕРУ ТӘСІЛДЕРІ

Астероидты игерудің теория жүзінде үш түрлі тәсілі бар. Олар - астероидты Жерге әкеліп игеру, астероидты тұрған орнында игеру, астероидты ғарыш кеңістігіне жылжытып апарып игеру.

DSI компаниясы салыстырмалы түрде ең қолайлы тәсіл арқылы - астероидты Жер мен Ай арасындағы қауіпсіз орбитаға әкеліп игеруді жоспарлап отыр.

The Sunday Telegraph-тың жазуынша, компания астероидты ұстайтын құрылғысы

Астероидтан су өндіруі тиіс құрылғының компьютерлік үлгісі. 25 сәуір 2012 жыл.

бар спутникті пайдалана отырып қауіпсіз аймаққа жылжытпақ.

MicroGravity Foundry технологиясын қолдана отырып, компания астероидтағы шикізаттарды күрделі метал өнімдеріне айналдыруды жоспарлайды.

Осылайша ол тек шикізат өндірмей, оны бірден дайын коммерциялық өнімге айналдырып алып Жерге тасымалдауды көздейді.

The Sunday Telegraph-тың жазуынша, компания ең әуелі коммерциялық спутниктердің жарамдылығын арттыруда қолданылатын су мен метаны бар астероидтарды табуға мән береді.

- Біз ғарыш кеңістігіндегі жерлерді игергіміз келеді. Ғарышты барлауда адамзат үшін ең үлкен қиындық - топырақтан материал алудың құны. Ғарыш кеңістігінен материал игеру адамзат өркениетінің Жерден тыс мекенін кеңейтудегі ірі қадам болар еді, - дейді DSI компаниясының атқарушы директоры Дэвид Гамп.

АСА ҚҰНДЫ ЖОБАЛАР

Компаниялар жобалардың құны мен технологияларды егжей-тегжейлі айтудан бас тартты.

Ғарыш саласы - өте қымбат сала. Ал "астероидты игеру" сияқты тек ғылыми фантастикалық әдебиеттерде кездесетін, адамзат баласы кіріспеген жаңа саланың пайда болуына қанша қаражат кететінін тіпті болжаудың өзі қиын.

Миллиондаған доллар қаржы жұмсалған қарапайым спутник ғарыш кеңістігінде жоғалып кетсе де, инвесторлар ешкімге ренжи алмайды.

АҚШ-тың НАСА ұлттық ғарыш агенттігі жақында қазіргі технология күшімен Айдың жанына пайдалы қазбасы бар 7 метрлік астероидты апару үшін 2,6 миллиард доллар шығын шығатынын теория жүзінде анықтаған.

Ғалымдардың бағалауынша, бұл - тым қымбат. Бірақ сарапшылар 10-15 жылдан кейінгі технология бұл операцияларды 100 есе арзан жасауға мүмкіндік беретінін айтады.

Жердің ең төменгі нүктесіне барып шыққан танымал режиссер Джеймс Кэмерон. 26 наурыз, 2012 жыл

Ғарыш саласының сарапшысы Джефф Фауст The Sunday Telegraph басылымына бұл саладағы кез-келген қадамның ұтылу мүмкіндігін оп-оңай жарыла салатын көбікке теңесе де, әсері ұзаққа сақталып қалатынын айтты.

- Астероидтардан пайдалы қазба меңгеру ғылыми фантастикадан шындыққа айналуы үшін көптеген жылдар керек. Көбік тез жарылуы мүмкін, бірақ оның әсері ұзақ уақыт сезіледі, - деді Джефф Фауст.

Астероидты игеру саласына танымал миллионер адамдар қаржы салып отыр. Мысалы, Deep Space Industries компаниясына бәсекелес Planetary Resources компаниясының иелері - Google жетекшілері Ларри Пейдж бен Эрик Шмидт, режиссер Джеймс Кэмерон мен ғарыш туристі Чарльз Симон.

Компаниялар Жерден 3,75 - 6 миллион шақырым қашықтықта ұшатын астероидтарды ғана игеруді көздейді.

Дерек бойынша, бір жылдың ішінде Жердің жанынан шамамен 900 астероид ұшып өтеді.