АҚШ-тың біржынысты некені заңдастыруы Ресейде дау болды

Гейлердің құқығын жақтаушы белсенілер шеруі. Мәскеу, 31 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ жоғарғы соты бір жыныс өкілдерінің некесін заңды деп мойындады. Ол жаңалыққа Ресейдің реакциясы әркелкі болды – ашу шақырғандар да, «бұдан қашып құтыла алмаймыз» дегендер де бар.

АҚШ жоғары соты маусымның 27-сінде «жынысы бір адамдардың некеге тұруы заңды» деген шешім қабылдағанда оны Ресейде сынаушылар көп болды.

Кезінде Ресейде «гей насихатқа тыйым салу» жайлы заңға бастамашы болған депутат гейлердің символы есебіндегі кемпірқосақ түсіне боялған суреттерді көп жариялаған Facebook әлеуметтік желісіне мүлде тыйым салу керек деді. Ал орыс православ шіркеуінің белді өкілі «АҚШ біздің наным-сеніммен өмір сүруге деген құқығымызды, жанымызды тартып алғысы келеді» деп мәлімдеді. Ресейліктердің арасында «ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) қауымын мойындау керек шығар» деген деген пікір айтушылар да болды.

«FACEBOOK-КЕ ТЫЙЫМ САЛУ КЕРЕК»

АҚШ соты бір жыныс өкілдерінің үйленуіне рұқсат беретін шешім қабылдай салысымен оны қолдайтын жұрт Facebook желісінің Let's Celebrate Pride деп аталатын арнайы қызметінің көмегімен аккаунтындағы негізгі суретін кемпірқосақ іспетті түске бояп тастады.

Депутат Виталий Милонов. Санкт-Петербург, 17 сәуір 2013 жыл.

Сот шешімін қолдаушылардың көбейіп бара жатқанын байқаған Санкт-Петербург депутаты Виталий Милонов Ресей аумағында Facebook-ке мүлде тыйым салу туралы ұсыныс айтты. Ол РСН радиосына берген сұхбатында: «Бұл – Ресей заңдарын аяққа таптау. Facebook-те жас бойынша ешқандай шектеу жоқ, оны кәмелеттік жасқа толмаған қанша баланың пайдаланып жатқанын тексеру мүмкін емес. Сондықтан Facebook-ті Ресей аумағында мүлде өшіріп тастағанымыз дұрыс болар еді» деді.

Әлеуметтік желілерге тыйым салу туралы мұндай ұсыныстар көп айтылады. Маусымның 25-інде Ресей федералдық кеңесінің депутаты Михаил Марченко байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникация саласындағы бақылау қызметіне («Роскомнадзор») анимациялық суреттердің, смайликтердің көмегімен «гейлерді насихаттап» отырған әлеуметтік желілердің барлығына тыйым салу жөнінде ұсыныс айтты.

Бұл жастарды дәстүрлі отбасын құрмауға үндейтіндіктен бұдан болашақта мемлекет зардап шегуі мүмкін.
Депутат Михаил Марченко.

Михаил Марченко «Известия» газетіне берген сұхбатында: «Әлеуметтік желілердің басты қолданушысы көзқарастары мен сенімдері қалыптасып бітпеген, сыртқы ықпалға көп ұшырайтын жастар екені белгілі. Хабарламалар форматында күлкілі суреттерді байқатпастан тықпалайды, ал онда ер сен ер, әйел мен әйел қатар бейнелеген, олардың қасына баланы қосып қойған, бұған қоса гей-қозғалыстардың тулары салынған «Мақтаныш» деген ұран жазылған суреттер де бар. «Роскомнадзор» жағдайға ықпал етіп, әлеуметтік желілерге Ресейде қалай жұмыс істеу керек екенін түсіндіріп, ұсыныстар жіберетін шығар» деді. Депутаттың айтуынша, «бұл насихат Ресейдегі отбасы құндылықтарына да, жергілікті заңдарға да қайшы келеді және бұл жастарды дәстүрлі отбасы құрмауға үндейтіндіктен бұдан болашақта мемлекет зардап шегуі мүмкін».

Ал Мәскеу қалалық муниципалдық жиналысының депутаты Алексей Лисовенко тыйым салынған символдар қатарына гей қозғалыстардың кемпірқосақ түстес жалауын қосу керек дейді. «Өткен ғасырдан бері АҚШ «демократияландыру» деген ұранмен түрлі-түсті төңкерістердің арқасында тұтас бір мемлекеттерді құлатып келеді. Енді олар арсеналына егемен мемлекеттердің ішкі ісіне араласудың жаңа тәсілі - гейлендіруді қосты» деп жазды ол Facebook-парақшасында.

ЖАЛАУҒА ҚАРСЫ ЖАЛАУ

Интернет-маркетинг компаниясының директоры Ришат Шигапов Celebrate Pride жалауына Ресей туын қарсы қоятын жаңа әдіс ойлап тапты. Шигапов суреттердің бетін Ресейдің туымен ұқсас етіп ақ, көк, қызыл түспен бояп қоятын арнайы бағдарлама жасады.

Facebook-тегі парақшасына «Мен Ресей азаматымын, әрі мұны мақтан тұтамын» деп жазған ол өз аватарындағы суретін бояды.

#pridetobestraight және #pridetoberussian деген хештэгтермен насихатталған бұл әдіс Ресей аумағында тез таралды. Елена есімді Instagram қолданушысы: «Біз Ресейдің үш жолақты туын пайдаланған шараны қолдаймыз» деп жазды.

Ресей православ шіркеуінің баспасөз хатшысы Всеволод Чаплин. 9 шілде 2014 жыл.

Ал Ресей православ шіркеуі мұны патриотизм мәселесінен де кең ауқымды алатын күрделі мәселе деп санайды. Шіркеудің баспасөз хатшысы Всеволод Чаплин «Америкалық стильдегі» демократияның қаупін ескерте келе, АҚШ жоғарғы сотының шешімі орыстардың діни құндылықтарына үлкен қатер төндіреді деді.

«Олар бір жыныс өкілдерінің үйленуі сияқты құдайсыздық пен күнәһарлыққа күштеп итермелемейтін шығар. Бірақ олар діни наным-сеніммен өмір сүруге деген құқығымызды, жанымызды және Құдай берген, өзгермейтін әрі мәңгілік моральдық заңдар негізінде өз қоғамымызды құруға деген үмітімізді тартып алғысы келеді» деді Чаплин «Интерфакс» агенттігіне берген сұхбатында.

«ЕШКІМГЕ АЙТПА, ЕШКІМНЕН СҰРАМА»

Бірақ АҚШ жоғарғы сотының шешімін сынау дүрмегіне Ресейдегі жұрттың бәрі ілесіп кеткен жоқ. Федералдық кеңес депутаты Константин Добрынин 1990 жылы АҚШ армия күштері арасында қалыптасқан «ешкімге айтпа, ешкімнен сұрама» принципін енгізу туралы ұсыныс айтты. Бұл принцип бойынша ешкім бір-бірінің жыныстық көзқарасы туралы сұрамайды және бұл туралы ешкім айтуға міндетті емес, ол әркімнің жеке құпиясы саналады. 2011 жылы АҚШ президенті Барак Обама бұл заңды «дискриминация» деп танып, оның күшін жойған.

Ресей үшін ең бастысы – бұл мәселеде қоғамның консервативті тобы мен басқалардың арасында баланс орнататындай құқықтық шешім шығару.
Депутат Константин Добрынин.

Добрынин «Ресей ерте ме, кеш пе, әйтеуір бұл мәселеге қатысты өркениетті шешім қабылдап, ЛГБТ қауымдастығына кең құқық беруге мәжбүр болады» деп санайды. «Ресей үшін ең бастысы – бүгінгі өмір шындығынан теріс айналып, гейлерге қарсы ұрдажық соғысты бастамай, бұл мәселеде қоғамның консервативті тобы мен басқалардың арасында баланс орнататындай құқықтық шешім шығару» дейді ол.

Бұдан бірер сағат өткен соң «Говорит Москва» радиосына сұхбат берген депутат Милонов әріптесі Добрынинді «ұлт сатқыны» деп атады. «Бұдан әрі тіпті гомофобия қылмыс болып, дәстүрлі құндылықтарды қолдай сөйлеген адам қамалатындай жағдай қалыптасатын шығар» деді ол.

Виталий Милонов Twitter-де мысқылдың басты кейіпкеріне айналды. «Мuд Роисси» есімді қолданушы «Депутат Миронов ақырына дейін шыдады, бірақ махаббат жеңді» деп кекетті.

«Иосиф Сталин» есімді қолданушы Ресейдің бұл тақырыпқа көп көңіл бөлгеніне қатысты: «Бір қызығы, әлем баспасөзінің басты тақырыбы – гейлердің некесі емес, Грекия. Тек Ресей ғана ересек адамдардың сексуалдық өмірін талқылаумен әуре» деп қағытты.

Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.