WSJ: Курск облысында Солтүстік Корея әскерінің генералы жараланды

Бір бөлігін Украина күштері бақылауда ұстап отырған Ресейдің Курск облысында Солтүстік Корея әскерінің генералы жараланды. Генерал Украина әскерінің соққысы кезінде жараланған деп айтылады, алайда оқиғаның жай-жапсары белгісіз. Бұған дейін Солтүстік Корея әскерінің Курск облысына жіберілгені белгілі болған еді.

Ақпарат әу баста The Wall Street Journal басылымында жарияланды. Осылайша Батыстың ресми тұлғалары алғаш рет солтүстіккореялық жоғары лауазымды әскери тұлғаның жараланғанын растаған.

Оның алдында The Wall Street Journal Курскідегі Солтүстік Корея жасағына Солтүстік Корея қарулы күштері бас штабы жетекшісінің орынбасары генерал Ким Ен Бок жетекшілік ететінін жазған. Генералдың міндеті – Солтүстік Корея күштерін Ресей әскерімен бірігіп қимылдауға баулу және соғыстың соңғы әдістерін меңгеру болған.

Ким Ен Бок бұған дейін Солтүстік Кореяның арнайы күштеріне жетекшілік етіп, ұзақ уақыт тасада қызмет еткен. 2024 жылы маусымда Ресей мен Солтүстік Корея стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған кезде Ким Ен Бок көпке көріне бастады. Содан бері ол Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ын қатысқан ресми шараларда жиі көрініп жүр деп жазды The Wall Street Journal басылымы.

  • Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига бұған дейін Солтүстік Корея Ресейге әскер беріп, есесіне оның технологиясынан үмітті екенін мәлімдеген.
  • Барлаушылардың дерегінше, Ресейде бірнеше мың солтүстіккореялық сарбаз бар. Пентагон мәліметінше, олардың саны 11 мыңға барып жығылады.