Си Цзиньпиннің Орталық Азияға сапары несімен маңызды?

Қытай басшысы Си Цзиньпин Пекинге сапармен келген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге. 11 қыркүйек 2019 жыл.

Осы айда Қытай президенті Си Цзиньпин Орталық Азия елдеріне мемлекеттік сапармен барады. Өзбекстандағы саммитте оның Ресей президенті Владимир Путинмен кездесетіні хабарланды. Си Цзиньпин коронавирус пандемиясы басталғалы алғаш рет шетелге мемлекеттік сапар жасағалы тұр.

69 жастағы Си Цзиньпин халықаралық кездесулерге видеобайланыс арқылы қатысып отырды. Оның және басқа да лауазымды тұлғалардың тікелей қатыспауы Пекиннің саяси және экономикалық құлшыныстарына көлеңке түсіргендей болды. 1 шілдеде Си Цзиньпин Гонконг автономды қаласына бір күнге бару үшін ғана ішкі Қытайдан шыққан. Ол – қаланың Ұлыбританиядан Қытайға өткеніне 25 жыл болғанына арналған салтанатты шараға қатысты.

Ресей баспасөз құралдары Си Цзиньпиннің Өзбекстанда өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысып, сол жерде Путинмен кездесетінін хабарлады. Бұған дейін екеуі қаңтар айында Пекинде кездесіп, "шексіз әріптестік" туралы айтқан. Бірнеше аптадан соң Ресей Украинаға басқыншылық жасаған.

Қытай Ресейдің басқыншылығын сынаған емес. Тіпті, "басқыншылық" деп те атамайды. Мәскеуге салынған санкцияларға қарсы шығып, Ресейді соғыс ашуға АҚШ пен НАТО арандатты деп айтып жүр.

СИ ЦЗИНЬПИН САПАРЫНЫҢ ҚАНДАЙ МӘНІ БАР?

Си Цзиньпиннің саяси мансабы өзгеріс кезеңінде тұр. Ол үшінші рет бес жылға Коммунистік партия лидері ретінде үшінші мерзімге президент болуға ұмтылып отыр. Бұған дейін Қытай Халық Республикасының төрағасы екі реттен артық билікте бола алмайтын еді. Бұл шешім ҚХР негізін қалап, ондаған жыл бойы билікте болған Мао Цзедун кезіндегідей диктаторлықты болдырмау үшін қабылданған.

Оппозицияға төзбейтін партия саясатты, ақпаратты, баспасөз құралдарын толық бақылайтындықтан, Си Цзиньпиннің билігіне төнген ашық қауіп болмады. Бірақ оның билікті нығайтқанына, экономиканың әлсірегеніне, саяси оппоненттеріне бағытталған жемқорлыққа қарсы науқандарына, коронавирус пандемиясы кезіндегі қатаң шараларына наразылық артқандай болды.

Қытай үшін бұл – Пекиннің Еуразия құрлығындағы ықпалы артып келе жатқанын паш етудің мүмкіндігі. Әсіресе Ресейдің Украинаға шабуылынан соң басқа өңірлермен қоса Орталық Азияда басталған саяси, экономикалық тербелістер тұсында мұның маңызы арта түсті. Соғыстың бітетін түрі жоқ, ал Орталық Азия елдері Мәскеуден іргесін аулақтатып, экономикасы құлдыраған Ресейден қалған вакуумның орнын толтыруға тырысып жатыр. Бұл Пекиннің Орталық Азияға ықпалын арттыру ісін жеделдете түсуіне мүмкіндік береді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азиядағы ықпалға талас: Пекин аймақтағы позициясын күшейтіп жатыр ма?

Қытай адам құқықтарын бұзғаны үшін, Тайваньға шабуылдаймын деп сес көрсетіп, Оңтүстік Қытай теңізін игеруге талпынғаны үшін Пекиннің АҚШ, Австралия, Еуропа елдерімен байланысы нашарлады. Коронавирус пандемиясы мен осы проблемалардан соң ол мемлекеттік сапармен немесе халықаралық кездесулерге қатысу үшін шетелге шығуға аса құлшына қоймады.

ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫ ДЕГЕН НЕ? СИ ЦЗИНЬПИН ОДАН НЕ КҮТЕДІ?

Ресей мен Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымында басымдыққа ие. Ұйымға мүше сегіз елдің қатарында Орталық Азия елдері, Үндістан мен Пәкістан бар. Қытай бұл блокты Мәскеу өзінің алаңы санайтын аймаққа ықпалын күшейту үшін қолданады. Ұйым оның дамып жатқан қарулы күштерінің мүмкіндіктерін көрсететін әскери жаттығулар өткізіп тұрады. Қытай бұл блокты НАТО-ға қарсы қояды.

Алайда кейінгі айларда аймақтағы динамика өзгерді. Бұған АҚШ-тың Ауғанстаннан әскерін әкетуі, Ресейдің Украинаға басқыншылығы әсер етті. Бұл соғысты Шанхай ынтымақтастық ұйымы мүшелерінің көбі үнсіз қолдағандай сыңай танытты. Бәлкім, Пекиннің Тайвань, сауда, технология және басқа мәселелерге қатысты АҚШ-пен байланысы шиеленісіп тұрғанда, Си Цзиньпин Путинмен кездесу оны Украинадағы соғысқа қатысты Батысқа қарсы шыққан адам ретінде қабылдануына және ұлшылдық беделіне жақсы әсер етеді деп үміттенетін шығар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ пен Қытай текетіресі тағы үдеді. Бұл жолы дау Конгресс спикерінің сапарынан туды

Партия съезі қарсаңында шетелге сапар жасау Си Цзиньпиннің өз позициясына, партияның 96 миллион мүшесінің ғана емес, саяси бюро комитетінің, Қытай халық азаттық армия басшыларының қолдауына сенімді екенін көрсетер еді. Партия жұмысы ашық айтылмайды. Төрағаның сапары туралы соңғы сәтке дейін, кейде тіпті ол сапардан оралмай хабарланбайды.

АЛДЫМЕН НҰР-СҰЛТАН, СОСЫН САМАРҚАН

Екі жылдан астам уақыт елінен шықпаған Қытай басшысы алғаш табан тірейтін ел – Пекиннің байырғы әріптесі Қазақстан болмақ. 14 қыркүйекте ол Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі деп жоспарланған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Айбек Смадияровтың айтуынша, кездесу кезінде біраз екіжақты құжатқа қол қойылады.

Қазақстан – Қытайға металл, мұнай сияқты түрлі шикізат беретін ел, оның үстіне ол – Қытайды Еуропамен жалғайтын "Бір белдеу – бір жол" инфрақұрылым жобасындағы ең басты серіктес. 2013 жылы Си Цзиньпин осы аса амбициялық жобаны дәл осы Қазақстанда жариялаған еді.

Қазақстан астанасынан соң Қытай басшысы Өзбекстанның Самарқан қаласына барып, 15-16 қыркүйекте өтеді деп жоспарланған Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасы қарыз дағдарысына тап болды

Си Цзиньпин қарашаның ортасында Индонезияда өтетін "Үлкен жиырмалық" саммитіне қатысатыны айтылды. Бұл Қытайдың әлемдегі ең ірі екінші экономика және ұялы телефондардан ыдыс жуатын машинаға дейінгі тауарларды жеткізетін негізгі ел ретіндегі позициясын нығайта түседі. Бұл жиыннан соң Сидің "басқа міндеттері болмаса" Бангкокте өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығының форумына қатысатыны айтылды.

Лидерлердің көбі G20 саммиті мен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығының форумына қатар қатысады. Қытай Си Цзиньпиннің осы екі кездесуге қатысатынын растаған жоқ.

Азат Еуропа/ Азаттық Радиосының журналисі Рид Стэндиштің және Associated Press агенттігінің материалдары негізінде жазылды.