Құқық қорғаушылардың дерегінше, Қытайдың "қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" күштеп тұтқынға алынған 700 мыңнан астам қазақ пен 50 мыңнан астам қырғыз жатыр. "Настоящее Время" басылымының тілшісі Алина Жетігенова тұтқыннан босап, Қырғызстан мен Қазақстанға қоныс аударған және жақындарын "лагерьден" босатуға тырысып жүрген азаматтармен сөйлесіп, хикаясын тыңдап көрді.
"ӘКЕМ КӨРШІМІЗГЕ ПЕКИНГЕ ШАҒЫМ ЖОЛДАУҒА КӨМЕКТЕСКЕН"
– Бүгін әкеме құран оқытып жатырмыз, ол Қытайдың "қайта тәрбиелеу лагерінде" көз жұмды. Жанымда қайғымды бөлісетін анам мен бауырларым да жоқ: өлі ме, тірі ме, "лагерьге" түсті ме, әлде оларды азапқа салып жатыр ма, білмеймін. Азапқа толы белгісіздік. Әкемнің қайтыс болғанын әлі айтпай отыр. Меніңше, [қайғылы оқиға] тамызда болған. Ауру, қарт адамды азаптап, өлтіріп тынды", – дейді Ақиқат Қалиолла (мырза).
Ақиқат – музыкант әрі продюсер. Ол Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі қазақ отбасында дүниеге келген. Ақиқат 19 жасында музыкалық білім алу үшін Пекинге кеткен. Біраз жыл Пекин мен Шанхайда белгілі халықаралық компанияда жұмыс істеп, мемлекеттік музыкалық жобалар мен концерттерге қатысып, кейін Үрімшідегі музыкалық мектепке мұғалім болып барған. Сол жақта жүріп болашақ жарымен танысқан. Ақиқаттың әйелі – Қазақстан азаматы.
– Ол қазақ тілінде ән айтатын танымал орындаушы еді. Оның талантына бұрыннан тәнті болатынмын. Қытайда өткен тойымызда әкем келініне "Қытай азаматымен бас қосып жатырсың. Өз еліңмен қатар енді бұл елдің де заңдарын білуің керек" деп, Қытайдың конституциясы мен қылмыстық кодексін сыйға тартты. Әкем Қытайдағы заң үстемдігі мен сот жүйесіне имандай сенетін. Өкінішке қарай, бұл әкемді қорғап қала алмады, – дейді музыкант.
Ақиқат 2015 жылдан бері әйелімен бірге Қазақстанда тұрады. 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Ақиқаттың ата-анасы мен бауырлары Қытайда қалған.
Ақиқаттың әкесі Қалиолла Тұрсынұлы биыл 70 жасқа толған. Ол қытай тілін жетік меңгерген білімді азамат болған. Кейінгі жылдары қысымға ұшыраған қазақтарға қытай тілінде арыз-шағым жазуға көмектескен.
– Әкем көршімізге күйеуін өлімші етіп сабаған күзетшілердің үстінен Пекинге арыз жазуға көмектескеннен кейін оны және екі бауырымды үйден алып кеткен. Ешқандай ордер, сот немесе тергеу болмаған. Оларды жай ғана ұстап әкеткен. Көршіміздің күйеуі жергілікті биліктің қолынан қаза тапқаны туралы хат орталыққа жетпей, өңір басшыларының қолында қалған. Осыдан кейін билік өкілдері кек ала бастаған. Әкемді, мәдениет министрлігінде жұмыс істеген, балаларына қазақ тілімен қатар қытай тілін үйреткен, Қытай заңдарына сенген қарт әрі науқас адамды 20 жылға түрме жазасына кескен, – дейді ол.
"Қайта тәрбиелеу лагерінің" бұрынғы тұтқындары мен қамауда отырған азаматтардың туыстары құқық қорғаушыларға лагерьге көбіне сот шешімінсіз-ақ алып кететінін айтқан. Айыпталушыны алып кетуге полиция қызметкері, лагерьдің күзетшілері немесе азаматтық киімдегі адамдар келеді. Олар өздерін таныстырмайды, тек айыпталушыға қандай айып тағылғанын айтып, лагерьге алып кетеді. Сот болған күннің өзінде айыпталушыға өзін қорғауға және адвокат қызметін пайдалануға мүмкіндік бермейді. Кей куәліктерге қарағанда, адамдарды заңбұзушылықтар тізімінен өзіне "қылмыс" таңдап, бірден жарты не он жыл жаза мерзімін "ойдан құрастыруға" мәжбүрлеген.
Қытай билігі "Елде қуғын-сүргін болып жатқан жоқ, ал "лагерьлер" – адамдарға білім беріп, жаңа мамандық пен тіл үйрететін "дайындық орталықтары" деп мәлімдеген. Пекин бұл орталықтар діни экстремизмге қарсы тиімді күрес жүргізуге көмектесетінін айтады.
Ақиқаттың анасы күйеуі мен ұлдарын іздеп, полицияға барған кезде оны дәл осындай "кәсіби дайындық орталықтарына" жіберген. БҰҰ және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, мұндай орталықтарда негізінен ұйғыр, қазақ, қырғыз және қытай мұсылмандары – хуэйлерден тұратын миллионнан астам адам қамауда отыр. Журналистік зерттеулер мен осындай орталықтарда тұтқында болған адамдардың куәлігі "саяси қайта тәрбиелеу орталықтарының" түрме сияқты жұмыс істейтінін, онда тұтқындарға азаптау шаралары қолданылатынын көрсетеді.
2020 жылы маусымда Ақиқат Нұр-Сұлтан қаласындағы Қытай елшілігінің алдында өзін шынжырлап байлап, бір адамдық пикет өткізген.
– Шілдеде қытайлық WeChat мессенджері арқылы анаммен және бауырларыммен сөйлесуге мүмкіндік берді. Бірақ 16 тамыздан бері олардан хабар жоқ. Анам мен бауырларым лагерьден шыққаннан кейін үйқамаққа алынып, біраз уақыттан кейін қайта жоғалып кетті. Қытайдағы таныстарым ата-анамның үйіне барып көрді. Үйіміз бос тұр. Оларды қайта лагерьге алып кеткенін, өлі не тірі екенін білмеймін, – дейді ол.
– Балаларыма әкемнен көрген қамқорлығымды көрсеткім келеді: ол отбасына көп көңіл бөліп, бізбен бірге оқып, барлық бастамамызға қолдау көрсетіп отыратын. Музыкаға қызыға бастағанымда, әкем маған пианино мен студиялық жабдықтар әкеліп берді. Біз үшін қазақ тарихы мен мәдениетін білумен қатар өзіміз тұратын елдің үлгілі азаматы болу өте маңызды еді. Әртүрлі дерек көздерінен алған ақпараттарыма сүйеніп, әкем тамызда қайтыс болған, ал билік өкілдері қылмысын жасыру үшін анам мен бауырларымды қайта алып кеткен деп ойлаймын, – дейді Ақиқат.
"БАЛАЛАРЫМА АТА-ӘЖЕСІНІҢ ҚАЙДА ЕКЕНІН ТҮСІНДІРУ ҚИЫН"
Қытайдағы түркітілдес халықтар мен мұсылмандарға қарсы қудалаудың күшеюін Шыңжаң Коммунистік партиясының төрағалығына Чэнь Цюаньгоның тағайындалуымен байланыстырады. Ол бұл қызметке 2016 жылы келген.
Цюаньго Тибетті басқарған жылдары қатаң әкімшілік шаралар қолдану арқылы танылған. 2020 жылы маусымда АҚШ "Шыңжаңдағы этникалық азшылық өкілдерінің құқығын бұзып, жаппай ұстап, физикалық зорлық көрсеткені үшін" оған санкция салды.
Цюаньго бүкіл өңірді полициялық мемлекетке айналдырды: аудандар мен қалалардың арасына блокпостар, адамның түр-тұлғасын ажырататын камералар, тұрғын үйлер мен сауда орталықтарының кіреберісіне ID сканерлер қойылған. Барлық жерде формадағы немесе жай киінген полиция қызметкерлері жүреді. Ұйғырлар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де қуғын-cүргінге ұшырады.
"Хань ұлтының өкілдері (Қытайдағы этникалық басымдыққа ие ұлт – Ред.) ұйғырларға бұрыннан қысым көрсетіп келген. Бұл қысым, әсіресе, 2009 жылы Үрімшіде болған наразылықтан кейін күшейді. Ал әлдеқайда шашыраңқы, дінді қатаң ұстанбайтын көшпелі қазақтар мен қырғыздарға қарсы шаралар 2016 жылдан бері қолданыла бастады. Шетелге шығу қиындады. Оған дейін Қазақстан мен Қырғызстандағы туыстарымызға келіп тұратынбыз. Балаларымыз осы жақта оқитын. Кейін бұл студенттердің бәрі жоғала бастады, – дейді Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданы Қызылсу-Қырғыз округінің ұлты қырғыз тұрғыны Жаңыл. Оның күйеуі – ұйғыр. Екеуінің де туыстары Қытайда қалған. Олардың біразы "қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" отыр, ал қалған жақындары бұрынғыдай көп байланысқа шығып, болып жатқан оқиғаларды ашық айтпайтын болған.
– Ағамның әйелі – қытай, күйеуім – ұйғыр. Ағам үйленгеннен кейін отбасымен Тайваньға, біз Бішкекке көшіп, әпкем Еуропаға оқуға кетті. Ата-анамыз біздің некемізге де, басқа елге көшкенімізге де қарсы болған жоқ. Олар қуғын-сүргін толқыны отбасымызды айналып өтеді деп сенді: өйткені біз қытай тілінде сөйлейтін, дінді ұстанбайтын, бірнеше ұлт өкілдерінен тұратын аралас отбасы едік, – дейді Жаңыл.
Жаңылдың ата-анасы Шыңжаңда кәсіпкерлікпен айналысқан. Анасы кейінгі жылдары тұтқынға түспей тұрып, Қытайдан жиі әрі ұзақ уақытқа шетелге шығып жүрген. Мысалы, немерелері туған кезде, қыздарына көмектесуге барған.
– Әдетте төлқұжаттар полицейлердің қолында болады. Кімге, қайда, не үшін бара жатқаныңды түсіндіру керек. Болмаса, пара бересің. 2013 және 2014 жылдары жақсы еді, адамдар төлқұжатын өздері ұстайтын. Отбасындағы үшеуміздің де жұмысымыз жақсы жүрген соң, ата-анамызға шетелге саяхаттауға мүмкіндік сыйладық. Олардың қартайған шағында осы сапарлардың кесірінен осындай қорлыққа тап болатынын білсек қой! Неге оларды Қытайдан біржола көшіріп алмадық? – дейді Жаңыл.
Жаңылдың таныстарының айтуынша, 2017 жылдың басында анасы, сол жылдың соңында әкесі салық төлеуден жалтару және билік өкілдеріне қарсылық көрсету айыбымен ұсталған.
– Балаларға ата-әжесі қайда екенін түсіндіру қиын. Ата-анам ондағы жағдайды көтере алмайтын шығар. Лагерьге кетіп, қайта оралмаған қарттар көп қой. Қырғызстан билігінен көмек сұрағаннан пайда жоқ, – дейді Жаңыл.
"БІЗДІҢ ЕЛДЕ ДЕ ТҮРМЕДЕ ОТЫРҒАН ҚЫТАЙЛАР БАР, БІРАҚ ҚЫТАЙ БИЛІГІ БІЗДЕН ЕШТЕҢЕ ТАЛАП ЕТІП ОТЫРҒАН ЖОҚ"
Қырғызстанның ақпарат құралдары мен құқық қорғау саласында этникалық қырғыздардың қысым көріп жатқаны туралы тақырып көп тарала бермейді. Өңірлік және әлемдік ақпарат құралдары көбіне қудалауға ұшыраған ұйғырлар немесе қазақтар туралы ғана жазады. Шынында, ұйғырлар мен қазақтар арасында жапа шеккен адамдар көп: қазақстандық "Атажұрт еріктілері" ұйымының дерегінше, миллионнан астам ұйғыр, 700 мыңнан астам қазақ және 50 мыңнан астам қырғыз қытайлық лагерьлерден өткен. Тұтқындар арасында өзбек, татар, қытай тілінде сөйлейтін хуэйцзу мұсылмандары сияқты басқа да түркітілдес халық өкілдері, сондай-ақ ислам діні мен православие бағытын ұстанатын Қытай азаматтары бар. Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономды ауданындағы жұмыспен қамту және еңбек құқығы туралы баяндамасында "экстремизм мен терроризмге қарсы күрес орталығынан" барлығы 7,7 миллион адам өткені жазылған.
Құқық қорғаушылардың аталған лагерьлерде Қазақстан және Қырғызстан азаматтарының құқығы бұзылғаны туралы хабарламасына қарамастан, Қытайға экономикалық тұрғыдан тәуелді қос мемлекет билігі өз азаматтарын қорғауда қол қусырып, бұл міндетті өз мойнына алған белсенділер мен құқық қорғаушыларға қысым көрсетіп отыр.
Қытайдағы қуғын-сүргін мен ондағы "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлері" туралы алғашқылардың бірі болып Серікжан Біләш айта бастады. Ол Қазақстанда "Атажұрт" ұйымын құрып, қытайлық лагерьлерге түскен этникалық қазақтар, қырғыздар, ұйғырлар мен өзге ұлт өкілдеріне, сондай-ақ туыстары қамауда отырған немесе із-түзсіз жоғалып кеткен азаматтарға көмектесуді қолға алды. Төменде өз туыстарын іздеген адамдардың қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілінде түсірілген видеосының үлгісі беріліп отыр:
2019 наурызда Қазақстан билігі Біләшқа "араздық туғызды" деген айып тақты. Сот белсендіге айыппұл салып, бес айға үйқамаққа жауып, жеті жылға дейін қоғамдық ұйымдарды басқаруға тыйым салды. Ол құрған бірлестіктің Алматыдағы кеңсесі тінту жұмыстарынан кейін бір айға жабылды. Ұйым өкілдерінің айтуынша, тінту кезінде электронды тасымалдағыштар мен құжаттарды алып кеткен. Бұл ұйым әлі де жұмыс істеп тұр, қазір оны Бекзат Мақсұтхан басқарады.
Қазақстанда ұйғыр тілін зерттеуші, аудармашы және shahit.biz сайтын құрған Евгений Бунин тұрады. Бұл сайтта Қытайдың "қайта тәрбиелеу лагерінде" болған бұрынғы тұтқындардың жеті мыңнан астам хикаясы қамтылған деректер базасы бар. Бунин краудфандинг арқылы ақша жинап, Қытайдан Қазақстанға көшіп келген босқындарға көмектеседі.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы өткен қазақтардың дүниежүзілік құрылтайында Қытайдағы этникалық қазақтарға көрсетілген қысым туралы ештеңе естімегенін айтты. Кейінірек Қазақстан билігі өз азаматтарын ұстағаны үшін Қытайға бірнеше рет наразылық нотасын жіберді. Елде Шыңжаңда ұсталған этникалық қазақтардың туыстары митингілер мен баспасөз конференцияларын жиі өткізіп тұрады.
Қырғызстанда туыстары Қытайда жоғалып кеткен адамдардың немесе Шыңжаңнан қашып келген этникалық қырғыздардың көмек сұрағаны туралы ақпарат кең тарала бермейді. Қырғызстанның бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков қытайлық қырғыздардың туыстарын лагерьден қайтаруға көмектесу туралы өтінішіне "Біздің елде де түрмеде отырған қытайлықтар бар, бірақ Қытай билігі бізден ештеңе талап етіп жатқан жоқ қой. Қытайдағы қырғыздар – Қытай азаматтары, олар Қытай заңдарына бағынады. Бұл қорқу емес, тек мұқият болған жөн" деп жауап берген.
2010 жылы Бішкекте ұлттық қауіпсіздік қызметі Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерін қорғаумен айналысқан ұйғыр ұлтынан шыққан ең бай әйелдердің бірі Рәбия Қадыр туралы "Махаббаттың 10 шарты" деген фильмнің көрсетіліміне тыйым салған.
– Президент әкімшілігінің басшысы көршілерді құрметтеу керегін ескертіп, фильмді алып тастауды талап еткен кезде таңғалдық. Мұнда құқық қорғаушы мен адам құқықтары туралы сөз болып жатқанын, олардың бізге талап қоюға құқығы жоғын түсіндіруге тырыстық, – дейді кинофестивальдің ұйымдастырушысы, "Бир Дуйно" құқық қорғау ұйымының басшысы, Қытайдағы этникалық қырғыздардың құқығын қорғаумен айналысатын Толекан Исмаилова. "Бир Дуйно" "Адилет" ұйымының заңгерлерімен бірге Қырғызстанға қашқан босқындарды Қытайдың қудалауынан қорғауға көмектеседі.
"БҰЛ ЖАҚТА ДА ҚЫТАЙДАҒЫДАЙ ҚҰҚЫҒЫМЫЗ ШЕКТЕЛІП ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ". ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ БОСҚЫНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ
Қытайдан Қазақстан мен Қырғызстанға қашып немесе көшіп келген адамдардың бәрі бірдей азаматтық алып, осы елде тұрақтап қалуға тырыспайды. Оның бір себебі – қоғамға бейімделудің қиындығы. Этникалық қазақтар мен қырғыздарға кирилл жазуына үйрену және орыс тілін білмей өмір сүру қиын. Қазақстан мен Қырғызстанда орыс тілі қазақ және қырғыз тілдерімен қатар қолданылатын ресми тіл саналады. Бірақ шын мәнінде қалаларда орыс тілі адамдардың күнделікті қарым-қатынас тіліне айналып кеткен.
– Қырғызстанға алғаш келген кезде көшедегі жазуларды оқи алмайтынмын. Иероглифтерге негізделген қытай тілін, араб әліпбиіне негізделген қырғыз тілін, кейінірек латын қарпімен жазатын ағылшын тілін үйрендім. Ал мұнда барлық жерде жуан әрі күлкілі кирилл жазуы кездеседі. Баспадан шыққан сөздер мен қолмен жазылған тіркестердің арасында айырмашылық көп. Орыс тілі де, қырғыз тілі де соған негізделген. Бішкекте ауызекі орыс тілін білмей өмір сүру қиын: барлық жазу мен әңгіме осы тілде жүреді. Қырғызша сөйлегендерге жақтырмай қарайды, қыздар оларды заманынан қалып кеткен адамдай көреді, – дейді ата-анасы және кішкентай інілерімен бірге Қырғызстанға көшіп келген 25 жастағы Азамат.
Азаматтың Қытайдағы сыныптастары мен достары "лагерьге" түскен. Ол достарын сенімі үшін ұстаған болуы мүмкін деп топшылайды.
– Ол жақта "Ассалом алейкум" деп амандасуға тыйым салынған. Төл музыкаңды тыңдап, өз Құдайыңа табынуға, туған тіліңде сөйлеуге болмайды. Мешітке бару туралы мүлде айтып отырған жоқпын. Оларды жауып тастаған. Христиандар да жасырын жұмыс істейтін шіркеулерге барады. Тибеттіктер сияқты, басқалардан сәл ерекшелігі бар адамдардың бәріне қиын. Мен Құдайға сенемін, Қытайда тұрған кезде бостандығымның шектелгенін қатты байқамайтынмын. Бірақ осында көшіп, біраз әлемді аралағаннан кейін сөз және дін бостандығы, емін-еркін қозғалу дегеннің не екенін түсініп, туғаннан бері қаншама шектеумен өмір сүріп келгенімізді түсіндім, – дейді Азамат.
Азамат Бішкекте Қытайдан келген этникалық қырғыз студенттермен араласа бастаған. Бірақ олар Қытайға демалысқа кеткеннен кейін байланысқа шығудан қалып, оқуына қайта оралмаған.
2019 жылы наурызда Foreign Policy басылымы Қырғызстанда оқитын, Шыңжаңнан келген этникалық қырғыз студенттердің жоғалып кеткені туралы жазды. Олардың бірі Тургуналы Турсуналы – манасшы (қырғыздың "Манас" жырын жатқа айтатын адам), биші және аты аңызға айналған манасшының немересі. Тургуналы әлеуметтік желіде белсенді болған, бірақ Қытайға кеткелі ештеңе жарияламаған және байланысқа шығудан қалған. Басылым студент "қайта тәрбиелеу лагеріне" түскен болуы мүмкін деп топшылайды. Мақала авторы Тургуналыға сілтеп, Шыңжаң билігі атасының соңғы кітаптарын тәркілеген кезде оның бұл мұраны сақтап қалуға тырысқанын жазады. Қырғызстанға қайтпаған 45 адамның тізімінде ұлттық би орындаушылары, музыканттар, тележүргізуші, жазушы, "Манас" жырын зерттеуші академик те бар.
Азамат орыс тілін білмегендіктен, қоғамға бейімделу мен жұмысқа тұрудың қиындығына байланысты Қырғызстанда қалғысы келмейді. Ол қазір шетелге оқуға түскен. Енді шекараның ашылуын күтіп, оқуына ақша жинап жүр.
Босқындардың Қырғызстанды мигранттарға жақсы қолдау көрсететін, құқықтық және саяси жүйесі тұрақты, қауіпсіз елдерге жету жолында уақытша тұрақтауға арналған мекен деп қабылдауының тағы бірнеше себебі бар. Құқық қорғаушы Толекан Исмаилованың пікірінше, көбі елде болған этникалық көпшілік пен азшылық арасындағы жанжалға және биліктің бұл оқиғаға қатысты әділ зерттеу жүргізбегеніне қатысты алаңдайды. Ол этникалық азшылықтар көбіне азапқа ұшырап, кінәсін мойындап (өзі жасамаған қылмыс болса да), түрмеге түсетінін айтады.
"Біз, қытайлық қырғыздар – Қырғызстанда жеке диаспора, этникалық азшылық өкілдеріміз. Бізге де "бөтен" адамдарға қарағандай қарайды. Мұнда да Қытайдағыдай құқығымыз шектелген күйде өмір сүріп жатырмыз. Ол жақпен салыстырғанда, құқығымыз көптеу болғанымен, бәрібір күніміз сол шамалас. Шекарада пара беруге тура келді. Ал Бакиевтің тұсында болған хаос кезінде бизнесімізді тартып алды. Милиция мен қылмыстық топтар бірлесіп, қысым көрсетіп, ақыры дегендеріне жетті, – дейді отбасымен бірге ұзақ уақыт бойы екі елде тұрып, саудамен айналысқан Жанна.
Қытайдан Қырғызстанға этникалық қырғыздармен бірге басқа этникалық топ өкілдері, көбіне ұйғырлар да қашып келеді. Елде Қытай мен Қазақстаннан кейінгі ең үлкен ұйғыр диаспорасы тұрады.
Босқындар Қазақстанда немесе Қырғызстанда қалуға қорқады. Өйткені аталған мемлекеттердің билігі өздерін Қытайға қайтаруы мүмкін деп қауіптенеді. 2011 жылы Қазақстан терроризмге қатысы бар деп айыпталған ұйғыр босқыны Аршидин Исраилды Қытайға экстрадициялаған. Құқық қорғаушылар Қырғызстанның құқық қорғау органы Өзбекстандағы әріптестеріне көмектесіп, Әндіжандағы бейбіт митингіге қатысқаннан кейін Қырғызстанға қашқан адамдарды ұстап бергенін айтады.
– Кей адамдарға қиын, бірақ көбі туған тілінде еркін сөйлеп, төл музыкасын тыңдап, Құдайға құлшылық жасап, Коммунистік партияның рұқсатынсыз балаларына түркітілдес мұсылман аттарын қоюға мүмкіндік алған, тауға қарап, еркін тыныстайтын елге оралғанына қуанып жүр. Ата-анам Қырғызстанның таулы ауданына қоныстанды. Жергілікті халық пен Қытайдан келген қырғыздардың арасында тұрады. Інілерім университетке түсу үшін орыс тілін үйреніп жүр. Біздің арамызда да сауатты әрі батыл Серікжан Біләш болса ғой! Достарымның тірі қалғанын, осы жаққа немесе АҚШ пен Еуропаға қоныс аударғанын қалаймын, – дейді Азамат.
– Өзіме және балаларыма Алматы өте жайлы жер. Қызым айтқандай, қазақ тілінде сөйлегеніміз үшін қала халқының бізге империялық Ресейдің жабайыларға қарағаны сияқты қарым-қатынас көрсететіні аздап көңілімді түсіреді. Қызыма “Империялық Қытайдың көзқарасы болмағанына шүкір, ол жақта біздің тіліміз мен мәдениетімізді жойып жіберіп, өзімізді көпқабатты үйдің бетоннан соғылған бағандарына айналдырып жібергісі келеді" деп жауап беремін, – дейді Сәуле. Ол қытай "лагерьлерінің" бірінде бір жылдан астам уақыт тұтқында болған, қазір Қазақстанда тұрады.
– Белсенділерге, құқық қорғаушыларға және қазақстандықтарға қолдауы мен көмегі үшін алғысымыз шексіз. Билік "үлкен, ықпалды ағасынан" аяқ тарта отырып, пассивті, мұқият түрде өз адамдарын қайтарып жатыр. Тек ұйғырлардың ғана емес, қазақтар мен қырғыздардың, бақылау, ізінен аңду, азаптау мен диктатураның құрбанына айналған хань ұлты өкілдерінің басындағы сұмдық аяқталғанын қалаймын. Осы қылмысқа қатысуға мәжбүр болған адамдарға да осыны тілеймін. Оларды бұған санасын улап, манипуляция жасап, таңдау қалдырмай көндіргеніне сенімдімін. Арамызда тұрып, бізді тауық баққандай, бақылауда ұстап отыру олардың өзіне де ыңғайсыз екенін түсінемін, – дейді Сәуле.