Әйел көтеріп жүгіру жарысы
Әйелін көтеріп жүгіруден Қазақстанның тұңғыш чемпионаты Алматыдағы Сайран көлінің
шығыс жағалауында өтті.
Әйелін көтеріп жүгірген ер азаматтарға жолда түрлі кедергілерді еңсеруге тура келді. Сонымен бірге әйелдің салмағы 49 келіден кем болмауы керек, оған жетпеген жағдайда, жарыс шарты бойынша, ер адам әйелімен бірге қосымша жүк көтеріп жүгіреді.
Жарысқа 28 ерлі-зайыптылар жұбы қатысты. Жарысқа қатысуға тіркелу үшін әр жұп өз неке куәлігін көрсетуі шарт.
Жарыс ережесі бойынша, қатысушы мәреге бірінші болып жетумен бірге әйеліне зақым келтіріп алмауға мұқият тырысуы тиіс. Олай етпеген жағдайда қатысушыға айып есептеліп, ол жарыстан шығып қалуы мүмкін.
Жарысқа қатысушы жұп су кедергісінен өтіп келеді.
Жарысқа қатысушы үшін ең басты міндет – кедергілерге толы 253,5 метрлік қашықтықтан көтерген әйеліңді жерге құлатып алмай өтіп, мәреге жету. Мәреге дейін әйелін қалай жеткізетіні – қолға көтеріп немесе арқалап апару – қатысушының өз еркінде.
Бүгінгі шараны ұйымдастырушы Назар Мұхамеджан мен Дәрия Сексенбаева өз жарыстарын халықаралық отбасы күніне арнады. «Ерлер үйленгенге дейін берген сөзінде тұрып, әйелдерін қолдан түсірмей келеді» деп қалжыңдап қояды олар.
Жарыс барысында құлағандар да болды.
Жарысқа қатысушыларға автокөлік дөңгелектерінен жасалған кедергіден де өтуге тура келді.
Кубки и медали ждут призеров первого чемпионата Казахстана по забегу с жёнами на плечах.
Жарысқа қатысқандар арасында жасы ең үлкен ерлі-зайыпталыр жұбы – Ольга (45 жас) және Виктор (48 жас) Ковалевтер. Екеуінің бірге шаңырақ көтергеніне 20 жыл болған. Айтуларынша, веложарыс, марафондарға жиі қатысады екен. «Мен бәлендей жылдам жүгірген жоқпын, себебі жұбайымды қолымнан түсіріп алмауға тырыстым, дегенмен бір рахаттанып қалдым» дейді Виктор Ковалев.
Тимур Оспанов пен Әйгерім Төлепбекова жарысты бір минут 56 секунд нәтижемен аяқтады. «Жарыс туралы екі күн бұрын естідік, мүлде дайындалған жоқпыз. Әйелім екеуміз спортпен шұғылданамыз, фитнеске барамыз, бүгін күшімізді сынап көрейік деп ұйғардық. Бізге барлығы ұнады, көңіліміз көтеріліп, бойымыз сергіп қалды» дейді Тимур. «Мен жұбайыма сенемін, сондықтан ешқандай қорқыныш сезімі болған жоқ» дейді Әйгерім.
Әйелін көтеріп жүгіруден Қазақстан тұңғыш чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және жарысты ұйымдастырушылар. Бүгінгі жарыста мәреге бір минут 40 секундта жеткен ерлі-зайыпты Инна мен Тимур Жаңғабыловтар жеңмпаз атанды. Екінші орынды Иван және Ирина Галушкиндер (1 минут 46 секунд), үшінші орынды – Лилия мен Артём Шестаковтар (1 минут 49 секунд) иеленді.