Қазақстанның бала құқығы жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева елде балалар опат болған өрт оқиғасы жиілеген тұста, жасы 12-ке толмаған баланы үйде қараусыз қалдыруға тыйым салуды ұсынды.
"2024 жылғы қаңтардан бүгінге дейін балалар қаза тапқан 15 өрт болды, көбінде олар үйде жалғыз қалған. Осы жайттарды талдай келе, 12 жасқа дейінгі баланы кәмелетке толған адамдардың қарауынсыз қалдыруға тыйым салу бойынша заң шараларын пысықтау қажет деп санаймын", – деп жазды Зәкиева Instagram-парақшасында.
Зәкиева сонымен бірге көмекке зәру отбасыларды мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен қамтамасыз ету қажет деді.
- 1 желтоқсанда Ақмола облысы Бұланды ауданы Шұбарағаш ауылындағы жеке үйде өрт шығып, салдарынан 2017 және 2021 жылғы екі бала уланып өлді.
- Қазақстанда қыс мезгілінде бала өліміне себеп болған өрт оқиғалары жиілейді.
- Биыл ақпанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Талды ауылында жеке үйде өрт шығып, төрт бала көз жұмған.
- Қазанда Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке үйде өрт болып, бес бала мерт болған.
- Қарашада Астанадағы жеке үйлердің бірінде өрт шығып, 13, 9, 3, 2 жастағы төрт бала көз жұмды.
Өрт кезінде үйдің шатыры жартылай құлаған. Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменті өрт оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды деп хабарлаған.