Украина президенті Владимир Зеленский Курск операциясын Украина қарулы күштерінің Ресей басқыншылығына тойтарыс берудегі басты жетістіктерінің бірі деп атады. Оның сөзінше, бұл операция Украинаны Сумы бағытындағы Ресей басқыншылығынан қорғаған.
Зеленский мұны Сумы қаласына сапары кезінде түсірілген видеомәлімдемесінде айтты. Бейсенбі күні ол сонымен бірге Чернигов облысына да барды.
Зеленскийдің сөзінше, ол командирлермен Украина әскерінің негізгі қажеттіліктері мен қосымша жабдықтарын, техника, дрон тасымалдау, сонымен бірге Курск облысындағы операцияны жалғастырумен байланысты жедел мәселелерді талқылаған. "Соғысты басталған жеріне көшіру өте әділетті" деді Украина басшысы.
Украина қарулы күштері Ресейдің Курск облысында операциясын былтыр 8 тамызда бастаған. Украина әскері шамамен мың шаршы шақырым аумақты бақылауға алған. Биыл Ресей әскерінің қайта шабуылынан кейін украин күштері осы аумақтың басым бөлігінен айырылды. DeepState жобасының мәліметінше, Украина күштері қазір шекара аумағындағы ондаған шаршы шақырым жерді бақылауда ұстап отыр.
DeepState және ресейлік дереккөздердің мәліметінше, наурызда Украина қарулы күштері Белгород облысында шағын аумақты бақылауға алған. Қазір шайқас ресейлік екі елдімекен аумағында жалғасып жатыр: Демидовка және Поповка. Одан бөлек, Ресей әскері Украинаның Сумы облысындағы шекара аумақтарында шайқасып жатыр.