Зеленский: Украина әскері Қытайдың екі азаматын тұтқынға түсірді

Украина әскері Ресей жағында соғысып жүрген Қытайдың екі азаматын тұтқынға түсіргенін мәлімдеді. Бұл жөніне Украина президенті Владимир Зеленский өз телеграм-арнасында жазды.

Оның айтуынша, Қытайдың екі азаматы Украина аумағы - Донецк облысында тұтқынға түскен. Олардың құжаттары, банк карталары бар, жеке мәліметтері белгілі деп жазды Зеленский. Соғысып жүрген қытайлық бұдан да көп болуы мүмкін деген ақпарат бар.

"Украина сыртқы істер министріне тез арада Пекинмен хабарласып, Қытай бұған қалай жауап беретінін сұрауды тапсырдым" деп жазды Зеленский.

Соғыс жағдайында бұл ақпаратты растауға не терістеуге мүмкіндік жоқ. Әзірге бұл бойынша Ресей мен Қытайдан реакция болған жоқ.

Осыған дейін Украина Солтүстік Корея солдаттарын тұтқынға түсірген еді.

Тұтқынға түскен ҚХР азаматтарын Украинаның Қауіпсіздік қызметі тергейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Деррик Нгамана. Ресей әскеріне жалданып, соғысқа барған африкалықтың өлімі нені көрсетті?