Зеленский Украина қарулы күштері бас штабының жаңа басшысын тағайындады

Андрей Гнатов

Украина президенті Владимир Зеленский елдің қарулы күштері бас штабының басшысы қызметіне генерал-майор Андрей Гнатовты тағайындады. Бұл туралы жарлық президенттің ресми сайтында жарияланды.

Бұған дейін бас штаб бастығы лауазымында болған Анатолий Баргилевич енді Украина қорғаныс министрлігінің бас инспекторы болады. Бас штабтың мәліметінше, ол армиядағы реформаларды бақылап, қадағалайды. Қорғаныс министрі Рустем Умеров Баргилевич жаңа қызметінде әскери стандарттар сақталуын қамтамасыз ету және әскери тәртіпті нығайту үшін жауапты болады деген.

Умеровтың айтуынша, генерал Гнатовтың әскери салада 27 жылдан артық тәжірибесі бар. Ол теңіз жаяу әскері бригадасын, "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерін және Украина қарулы күштерінің біріккен күштерін басқарған. Ақпан айының аяғында Гнатов Украина қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары болып тағайындалған еді.

Жаңа қызметінде Гнатовтың міндетіне "қарулы күштердегі басқару вертикалінің тиімділігін арттыру, әсіресе корпус құрылымын қайта ұйымдастыру және енгізу, жоғарғы қолбасшының шешім қабылдау және оларды жүзеге асырудағы жедел іс-қимылды қамтамасыз ету, сондай-ақ әскери тәжірибені жоспарлау мен әскер басқаруда қолдану" жатады, деп хабарлады бас штаб.

Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды әскери басқыншылық бастағаннан бері Украина қарулы күштері бас штабының басшысы осымен екінші рет ауысты. Былтыр Баргилевич генерал Сергей Шапталуды алмастырған, ол кезде Валерий Залужный Украина қарулы күштері бас қолбасшысы лауазымынан босатылған еді.

Ал қазір Украина президенті бас штаб басшысын Ресей әскері Курск облысында шабуылды үдеткен және АҚШ ұсынып, ресми Киев қолдаған бітімгершілік келісіміне байланысты талқылар болып жатқан шақта ауыстырып отыр.