Миллиардер Тимур Құлыбаевпен байланысты фирмалар Қазақстанның батысында мұнай өндіріп жатқан батыс компанияларынан жүздеген миллиард доллар ақша алған. Журналист-зерттеушілердің халықаралық консорциумының зерттеуінде осылай жазылған.
22 қарашада ICIJ сайтында жарияланған зерттеуде Құлыбаевқа қарайтын сингапурлық Steppe Capital фирмасына тиесілі "ҚазҚұрылысСервис" 2011 жылы Каспий құбыр консорциумымен сорғы станциясын салу жөнінде келісімге қол қойғаны айтылған. Жобаның құны 276 млн долларға бағаланған, алайда кейін ол жарты миллион долларға дейін ұлғайтылып, құрылысы жоспарланған мерзімнен төрт жылға кеш аяқталған.
Құлыбаевтың заңгерлері ICIJ зерттеушілеріне берген жауабында Қазақстанның бұрынғы президентінің күйеубаласы Тимур Құлыбаев "ҚазҚұрылысСервисті" басқаруға немесе келісімді талқылауға қатыспағанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ұлыбритания Назарбаевтың туыстарының зәулім үйлері жайлы мәліметті жария етті. Қазақстан "уран экспортын арттыруға дайын""Ол ешқашан өзінің коммерциялық кәсіпорындарын жасыруға немесе одан заңсыз пайда алуға ұмтылмаған" деді Құлыбаевтың мүддесін қорғайтын Schillings фирмасының өкілдері.
2012 жылы Каспий құбыр желісі мұнай көлемін ұлғайтпақ болған кезде ол иесі Құлыбаевпен байланысты "ТеңізСервис" компаниясына жүгінген деп жазылған зерттеуде. Компания қызметкерлері компанияның үкіметпен "жақсы қарым-қатынасын" пайдалана отырып, рұқсат беру процедураларын жылдамдату жоспарын таныстырған.
Қазақстандық фирманың "міндеті" лицензиялау және рұқсат алып беруде болған. Сол үшін "ТеңізСервис" компаниясына бастапқы сомаға қосымша шамамен 800 млн доллар төленген деп жазды ICIJ зерттеушілері. Зерттеуге қарағанда, Теңіз кенішін игеруші "Теңізшевройл" кейбір жарна мен төлемдерді төлеген, құжаттарда олар "жергілікті биліктен рұқсат алу үшін төленген комиссия төлемдері" деп көрсетілген. Жоба соңында "Теңізшевройл" құны 2,5 млрд доллар болатын кеме инфрақұрылымын "ТеңізСервис" компаниясының басқаруына берген.
"Теңізшевройл" келісімшарттар мен Құлыбаевтың жобадағы ықтимал рөліне қатысты сұрақтарға жауап беруден бас тартты. "ТеңізСервис" те бенефициарлары туралы сұрақтарды жауапсыз қалдырды деп жазды зерттеушілер.
Америкалық Forbes журналының бағалауынша, Құлыбаевтың байлығы 5 млрд доллардан асып түседі. Оның Ұлыбритания (Ханзада Эндрюдің бұрынғы сарайы, сонымен бірге Кенсингтон аумағындағы нысандар да бар), Германия, Чехия, Испанияда жылжымайтын мүліктері бар деп жазды зерттеушілер. 2014 жылы шамамен 14 млн долларға сатып алынған 30 метрлік Sonny II яхтасы Барселонада байлаулы тұр. ICIJ мәліметінше, Құлыбаевтың екі жеке ұшағы бар. Ол сонымен бірге өзіне екі ұл туып берген ашынасы Гога Ашкеназиге рәсімделген, жүздеген миллион долларлық активі бар компанияларға да құрылтайшы.
Кемінде 238 адамның өмірін қиған 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, оның айналасындағы кейбір адамдар қызметтерінен айырылды, кейбірі "ақша жымқыру айыптарымен" түрмеге түсті. Қазақстан билігі Алматының ең қымбат аудандарында Құлыбаевқа қатысы бар компанияларға "жерді заңсыз беруге" қатысты бірнеше сот істерін қозғаған. Сот аталған жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды бұйырған, алайда фирмалар үкімді даулап жатыр.
Құлыбаев 2023 жылы мұнай-газ секторындағы кәсіпорындарды біріктіретін Kazenergy жетекшісі қызметінен кетті. Құлыбаев пен оның әйелі, Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваға елдегі ең ірі банктердің бірі Halyk тиесілі. Олардың бизнесі әртараптанған: мұнай-газ саласынан бастап, құрылыс, сауда саласындағы компаниялар мен нысандарға иелік етеді.