27 халықаралық журналистік ұйым АҚШ үкіметін баспасөз бостандығын қорғауға және АҚШ ғаламдық медиа агенттігі(USAGM) арқылы басқарылатын немесе қаржыландырылатын ақпарат құралдары қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырып, мәлімдеме жасады.
USAGM - Азат Еуропа/Азаттық (АЕ/АР), Азат Азия радиосы, "Америка дауысы" және өзге де ақпарат құралдарына жетекшілік ететін агенттік.
14 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің қызметін қысқарту туралы жарлық шығарғаннан кейін ол мекемелерге жабылу қаупі төнген. Қысқарту ұсынылған мекемелер арасында АЕ/АР, "Америка дауысы", Азат Азия радиосы, Куба мен Латын Америкасына хабар тарататын Марти радиосы, Таяу Шығыстағы хабар тарату желілері (MBN) және Ашық технологиялар қоры сияқты ақпарат таратушы ұйымдарға жетекшілік жасайтын АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) де бар. Ізінше Азаттықтың қызметін қаржыландыратын Конгресс мақұлдап қойған гранттың тоқтатылғаны жөнінде хабар түсті.
Журналистік ұйымдардың мәлімдемесінде аталған ақпарат құралдары қызметкерлерінің көбі «репрессивті режимдерден ақпарат тарату кезінде едәуір қатерді бастан кешіретіні», оларды қорғау қажеттігі жазылған.
"Бұл ұйымдардың жабылуы - баспасөз бостандығына ауыр соққы және бүкіл әлемдегі автократтарға сыйлық. "Америка дауысы", Азат Еуропа/Азаттық және басқа да ұйымдардың журналистері қатаң цензура мен қауіп-қатерге толы елдерде жиі қудалауға ұшырайды" деп жазылған құжатта.
Мәлімдемеге қол қойған ұйымдар арасында Журналистерді қорғау комитеті, "Шекарасыз тілшілер" ұйымы, америкалық ПЕН-орталығы, Еуропалық журналистер федерациясы, Пулитцер орталығы, Баспасөз еркіндігін қолдау қоры бар.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы – АҚШ Конгресі бөлген грант есебінен USAGM арқылы қаржыландырылатын тәуелсіз медиакорпорация. Азаттық радиосы жұмысын 1953 жылғы 1 наурызда бастаған. Орталық Азия елдері тілдерінде (арасында қазақ тілі де бар) хабар тарататын Түркістан редакциясы 1953 жылғы 18 наурызда алғаш рет эфирге шыққан еді.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы 18 наурызда АҚШ ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) мен оның лауазымды тұлғалары Кэри Лейк пен Виктор Моралесті олардың Конгресс бекіткен грантты тоқтату әрекетіне тосқауыл қою үшін сотқа берген.
- Шағымда Азат Еуропа/Азаттық радиосына Конгресс бөлген қаражатты бермеу федералдық заңдарға қайшы екені, соның ішінде Конгресске федералдық шығыстарға қатысты айрықша құқық беретін АҚШ Конституциясын бұзатыны жазылған. "Қазір Американың жауларының үгіт-насихаты мен цензурасына жол беретін уақыт емес. Заң біздің жағымызда және әлемдегі деспоттардың біздің өшкенімізді тойлауы ертерек деп есептейміз" деді АЕ/АР президенті Стивен Капус.