Accessibility links

Атом саласындағы "жемқорлық", "цензураға көнбейтіндерді жазалау" және Ресейге "саяси тәуелділік"


Атом электр станциясы. Көрнекі сурет.
Атом электр станциясы. Көрнекі сурет.

Ядролық энергетикадағы қауіпсіздік пен мықты азаматтық қоғам арасында қандай байланыс бар? Үкімет «Сбермен» меморандум бойынша көктемде берген уәдесін неге орындамады? Билік әлеуметтік желі компанияларын цензураға қалай көндірмек? Бұл аптада халықаралық басылымдар осы мәселелерді талқыға салды.

Diplomat басылымы Қазақстанда атом электр станциясын салу бастамасына қарсылықтың түпкі себептерін саралаған. Автор, Нидерландыдағы Утрехт университетінің тұрақты даму бойынша PhD студенті Нәзира Қожанова, Азаттықта көтерілген басқа себептерімен қоса, саладағы ашықтық және жемқорлық мәселелерін атап өткен.

«Ядролық энергетика қауіпсіздігіне кесірін тигізетін негізгі мәселелер – есептілік пен ашықтық жайы, бұл – Қазақстанда бұрыннан бар ескі мәселелер» деп жазады автор.

«2011 жылы [Жапониядағы] Фукусима [АЭС-інде] болған апаттан соң азаматтық қоғам өкілдері ядролық қауіп-қатерді бақылау бойынша есеп беру тетіктерін қолына алды. Мәселен, Еуропа парламентіндегі түрлі саяси топтар «ядролық ашықтықты бақылауға» шақырып, Ядролық ашықтық тобын құрды» деген автор саладағы мүдделері жоқ басқа адамдардың ондағы қауіпсіздікті бақылауға араласуы «кейбір қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді» деп санайды.

Жапониядағы апаттан соң атом саласындағы жемқорлық жайы да жиі талқыға түсе бастады. «Сондықтан есеп беру жүйесін күшейту қажеттігі арта түсті. Атом электр станцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қоғамның қатысуы шешуші рөл атқарады» деген автор «азаматтық қоғамы әлсіз елдерде мұны жүзеге асыру қиын» деп санайды.

Бұл ядролық қалдықтарды басқаруда да маңызды. «Себебі ол да қоршаған ортаға ұзақ уақыт зардабын тигізеді».

Сарапшының жазуынша, Қазақстанда ашықтық пен есептілік мәселелерімен қоса, азаматтық қоғамның мұндай істерге белсене қатысуына шек қойылған. «Заң жергілікті басшылықтан алдын ала рұқсат алған саяси наразылық өткізуге ғана мүмкіндік беріп, бұл қатысуды қатты шектеп тастаған» дейді автор.

Сарапшы Нұр-Сұлтандағы Кіші Талдыкөлді көміп, орнына тұрғын үй кешенін салу жоспарына қарсылық білдіргендердің әрекетін мысалға келтіреді.

«Кіші Талдыкөл оқиғасы жаңа экологиялық кодексте айтылған қатысу механизмдерінің де кемшілігі көп екенін айғақтады. Тәуелсіз сарапшылар қатысқан жұмыс топтарының кездесулері жүйесіз болуы мүмкін, немесе қажет құжаттарды көрсетпестен, ғылыми негіз жасалмастан я жалған уәдемен аяқ астынан тоқтап қалуы ықтимал» деп жазады автор.

«Азаматтық қоғамды жүйелі түрде қуғындау азаматтардың [АЭС-терді бақылауға] толық қатысуына мүмкіндік бермейді, ал қатысу мүмкіндігінің өзі заңмен шектелген».

Қарай отырыңыз: АЭС пайда ма, қауіп пе? (7 қыркүйек 2021 жыл).

АЭС пайда ма, қауіп пе?
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:04:13 0:00

Автордың айтуынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АЭС салу бойынша референдум өткізу бастамасынан «бас тартуы» «атом электр станциясын салу ісіне қоғамның қатысу мүмкіндігі жоқ екенін білдіреді».

«Қазақстандағы жемқорлық және үкіметтің ашықтығы сияқты ауқымды мәселелерді ескерсек, елдің ядролық қауіпсіздік саласында қатысты Еуропа одағындағыдай жауаптылық болуы мүмкін емес» деп қорытады автор.

КЕШІРІМ СҰРАҒАН КІМ?

«Қазақстанның оң баға алған электронды үкімет жүйесін Ресейде жасалып, әлі сынақтан өтпеген жүйеге көшіру жоспары Орталық Азиядағы мемлекеттің IТ-секторын дүрліктірді».

Eurasianet Қазақстан үкіметі мен ресейлік «Сбер» компаниясы арасында қол қойылып, көп сынға ұшыраған меморандумды талдау мақаласын осылай бастайды. Автордың айтуынша, мамандар жүйедегі «қауіпсіздік мәселесіне алаңдайды әрі отандық таланттарға бұл жұмыстың берілмегеніне ашуланған».

БҰҰ жасаған рейтингте мемлекеттік онлайн-қызмет сапасы бойынша 193 елдің ішінде Қазақстан 11-ші, ал Ресей 36-орын алғанын айта келе автор бұл келісімнің «жоғарыдан төмен түсірілуі бизнес қауымдастықтың қатты ашуын туғызды» деп қорытады.

Бір қызығы, биыл сәуірде негізгі құжаттар мен заң жобалары жарияланатын мемлекеттік порталда бұл меморандумның жобасы байқамай жарияланып, оны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан бастап, ІТ-қауымдастық өткір сынға алған. Олар ресейлік платформаны «қаржылық тәуекелі көп жоба» деп атаған және оған көшкен жағдайда 5 мыңға жуық отандық маман жұмыссыз қалады, «бұл оларды эмиграцияға кетуге мәжбүрлейді» деп ескерткен.

«Үкіметтегі шенеуніктер кешірім сұрап, министр кез келген келісімшарт қол қойылғанға дейін тендерге шығарылады деп уәде берген. Олай болмады. Халық меморандумның бар екенін 3 қыркүйекте қол қойылғаннан кейін бір-ақ білді» деп жазады автор.

«ІТ-компаниялар қауымдастығы» президенті Нұрлан Исин бұл жоба іске қосылса, Қазақстан «цифрлық егемендігінен айырылады» деген.

«Стратегиялық зерттеулер орталығының» экономисі Олжас Құдайбергенов болса бұл жобада «Ресейге саяси тұрғыда тәуелді бола түсу қаупі бар» деген пікір айтқан.

«Бұл – экономикалық емес, саяси шешім. Ең кемі кодтауды қазақстандық ІТ-индустрия іске асыруы керек. [Бұл] тәуекелді біраз азайтады, ал сала ірі платформаларды іске асыруда тәжірибе жинайды» деп жазды ол.

«ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ШЕКТЕУДІҢ СОҢҒЫ ШАРАСЫ»

Golbal Voices сайтында жарық көрген мақаласында сарапшы Паоло Сорбелло парламент дептутаттарының «Бала құқықтары туралы заңға» өзгерістер енгізу бастамасын Қазақстан билігінің «әлеуметтік желідегі белсенділікті шектеу және оны бақылауға алу шараларының соңғысы» деп бағалайды.

Қоғамда қызу талқыға түрткі болған "Қазақстан Республикасының балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталатын заң жобасы мәжілісте қаралып жатыр. Заң жобасын парламентке "Нұр Отан" партиясынан сайланған депутаттар Айдос Сарым мен Динара Закиева ұсынған. Олар бұл құжат балаларды интернеттегі буллингтен қорғауға көмектеседі деп сендіруге тырысады.

«Қазақстанда Интернет кең тараған, ал дәстүрлі ақпарат құралдарына сенім аз, сондықтан Facebook-қа тиесілі WhatsApp, Messenger және Instagram-мен қоса, Telegram және Signal сияқты ақпарат алмасу қызметтері пікір алмасу, ақпарат тарату және кей жағдайда жұмылудың негізгі құралы саналады» деп жазады автор.

Оның айтуынша, бұл заң күшіне енсе, әлеуметтік желі компаниялары «жергілікті билік балалар үшін қауіпті деп тапқан контентті 24 сағат ішінде алып тастауы керек». Бұл талап орындалмаса, ол қызмет «толық өшіріледі».

Бұған қоса, әлеуметтік желілер Қазақстанда өз компанияларын ашуға міндеттеледі.

Құқық қорғаушы Татьяна Чернобильдің айтуынша, бұл жоба байланыс жүйесін мемлекеттің көбірек бақылауына мүмкіндік береді.

«Бұл өзгерістердің ауқымы кең әрі ол бала мүддесі шеңберінен асып кетеді. Іс жүзінде Интернетте бардың бәрін бала мүддесін қорғаумен байланыстыруға болады» деді ол.

Парламенттің төменгі палатасы заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдаған соң халықаралық Freedom House ұйымы «Интернет бостандығы» бойынша жылдық есебін жариялады, онда Қазақстан «еркін емес ел» қатарына кірген.

«Билік контентті күшпен алып тастаудың техникалық емес әдістерін де қолданады. Мәселен ақпарат құралына белгілі бір материалды алып таста деп тікелей қысым жасайды, халықаралық әлеуметтік желі платформаларына да сондай шағым түсіреді» делінген Freedom House есебінде.

«Әлеуметтік желі компанияларын бақылауда ұстауға бағытталған осы сияқты ереже биыл ақпанда Ресейде де қабылданған. Мұндай жаппай бақылау мемлекеттік цензураға мойынсұнбайтын әлеуметтік желілерге қатаң шара қолдануға алып келуі мүмкін» деп қорытады автор.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG