Accessibility links

Татьяна Чернобиль: "Билік репрессивті әрекеттен тайынбайтынын көрсетті"


Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауының қорытындысына наразы азаматтарды полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауының қорытындысына наразы азаматтарды полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азиядағы кеңесшісі Татьяна Чернобиль Азаттық тілшісімен әңгімеде Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығы шектелетіні, билік наразыларды жуасыту мақсатымен жазалау шараларына жиі жүгінетіні туралы айтты.

Апта басынан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда бейбіт жиын өткізу заңын бұзды деп айыпталған кемінде 12 белсенді әкімшілік сот шешімімен қамалды. Олардың жақтастары билік белсенділерді қамау арқылы желтоқсанның 16-сі күні өтуі ықтимал шеруді болдырмауға тырысып жатыр деп санайды. Халықты дәл сол күні наразылық акциясына шығуға қуғындағы бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы, он жылдан бері шетелде тұратын, Қазақстан соты қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаушы Мұхтар Әблязов шақырған. ҚДТ жариялаған митингілер қарсаңында белсенділерді ұстап, тұтқындау, әкімшілік қамауға алу я айыппұл салу соңғы бір жарым жылдан бері Қазақстанда "дәстүрге" айналған.

Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар наразылықтық алдын-алу шарасы ретінде биліктің азаматтарды ұстап, жазаға тартуын, митинг өткізу үшін жергілікті билік органынан (билік өкілдері көбіне наразылық акциясын өткізу туралы өтінішті қанағаттандырмайды) рұқсат алуға міндеттейтін бейбіт жиын туралы заңды сынайды.

Митингілер қарсаңында белсенділерді ұстау шарасы нені көрсетеді? Қазақстан билігі азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын неге шектейді? Азаттық тілшісі осы және өзге сұрақтарды Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азиядағы кеңесшісі Татьяна Чернобильге қойды.

Азаттық: Чернобиль ханым, желтоқсанның 16-сы қарсаңындағы алдын-алу шаралары нені көрсетеді?

Татьяна Чернобиль: Билік мұндай шараны бұрын да жүргізген. Мақсаты – бейбіт жиын өткізуге бөгет қою. Адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықта адамға ешкім және ештеңе бейбіт жиын өткізуге кедергі болмауы тиіс деп көрсетілген. Азаматтар бейбіт жиынға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткісі келсе, өз қалауымен атқарушы билікті хабардар етуіне болады.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азиядағы кеңесшісі Татьяна Чернобиль. Нұр-Сұлтан, 11 желтоқсан 2019 жыл.
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азиядағы кеңесшісі Татьяна Чернобиль. Нұр-Сұлтан, 11 желтоқсан 2019 жыл.

Билік бейбіт жиын өткізудің кез келген мүмкіндігін шектеу үшін тиісті заң барын ғана басшылыққа ала алмайды. Яғни, бейбіт жиын өткізу туралы әрбір шешім белгілі жағдайға негізделген болуы керек. Мұндайда "бұл шара біреуге немесе бір затқа зиянын тигізуі мүмкін" деген долбарға сүйеніп шешім шығаруға болмайды. Шешім толықтай негізделген болуы керек. Бейбіт жиындарды шектеу ережесі Қазақстан 2005 жылы қабылдаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде нақты көрсетілген. Одан бөлек, барлық шектеулер құжатқа қосымша Сиракуз принциптерінде жақсы түсіндірілген.

Өкінішке қарай, біздің билік алдын-алу және болдырмау мақсатында азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын шектеу арқылы адам құқықтарын қорғауды емес, бізге ашып айтпайтын қандай да бір ішкі ойын басшылыққа алады. Бізге бар болғаны мұндай шерулер заңда көрсетілген бейбіт жиын өткізу және ұйымдастыру ережесіне қайшы келеді дегенді алға тартады.

Бейбіт жиын өткізу құқығы – шектелетін құқық. Иә, мемлекет бұл құқықты басқа адамдардың мүддесі, ұлттық және қоғамдық қауіпсіздік мақсатында шектей алады. Бірақ мұндай шектеулер белгілі бір оқиғаға байланысты, мақсатты түрде жүзеге асуы керек. Оны алдын-алу шарасы ретінде немесе жалпылама жүргізуге болмайды. Мемлекетте бейбіт жиын өткізуге тыйым салуға қажеттілік туса, бұл толықтай расталып, негізделуі қажет.

Азаттық: Билікке президент Қасым-Жомарт Токаевтың келуімен Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы өзгерді ме? Билік азаматтық белсенділікке қалай қарайды?

Татьяна Чернобиль: Билік азаматтық белсенділік белгілеріне сәл де болса жеңіл қарай бастағанын көріп отырмыз. Мұның Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (2018 жылы наурызда Қазақстан соты қызметіне тыйым салған, қуғындағы бұрынғы банкир әрі Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязов құрған тіркелмеген ұйым – ред.) қолдайтындарға қатысы жоқ. Бірақ бұл - адамдардың саяси көзқарасы. Оны өз саяси көзқарасына сәйкес келмегені үшін шектеуге болмайды. Бұл туралы Қазақстан Конституциясының 39-бабында жазылған.

Тоқаевтың билікке келуімен, рұқсат етілмеген бейбіт жиындарға қатысушыларға бұрынғыдай қатаң күш қолданылмайтынын байқадық. Қазақстанда биыл көктемнен бастап, Тоқаев президент болғаннан кейін де өткен барлық акция бейбіт сипатта болғанын ерекше атап өткім келеді. Яғни, оның билікке келуімен жағдай қатты өзгерген жоқ. Заңмен реттелуі керек дүниеге атқарушы биліктің ықпалы жүретіні шынымен өкінішті. Бізде заң үстем болуы керек.

Мәселе заңда ма, әлде оны жүзеге асыруда ма, әуелі осыны анықтап алайық. Бұрын бізге бұл шектеудің бәрін заңға сілтеп түсіндіріп келді. Қазір президенттің тапсырмасымен қандай да бір жеңілдіктер жасалып жатыр, бірақ заң өзгерген жоқ. Сондықтан президент сөзінде жүйелілікті сақтауы керек деп ойлаймын. Ал биліктің бейбіт жиын өткізу туралы заңды өзгерту ниеті мақтауға тұрарлық деп ойлаймын.

Мемлекет азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіні ратификациялап, бұл құқықты өз Конституциясында бекіту арқылы азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын қамтамасыз етудегі міндеттемелерін сақтауы керек. Яғни, билік адамдарға өз құқықтарын жоғары деңгейде пайдалануға мүмкіндік беруі қажет.

Азаттық: Қазақстандағы соңғы үш-төрт жылдағы адам құқықтарының жай-күйіне қандай баға бересіз? Қандай тенденциялар байқадыңыз? Қай салаларда адам құқықтары жиі бұзылады?

Татьяна Чернобиль: Адам құқықтарының жағдайды аянышты әрі нашар дегім келмейді. Адам құқықтары бұзылады. Бұл жалпылама және қатаң сипат ала бастады. Адамдардың өз құқықтарын пайдалана бастағаны қуантады. Бірақ біз биліктің репрессивті әрекеттен тайынбайтынын да көріп отырмыз. Биыл көктемде және жазда болған жаппай ұстап, қамау, түнгі соттар мен әкімшілік жазалау шаралары кезінде соған көз жеткіздік.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG