Accessibility links

ҚХКП жетекшісінің «үлкен» саясаты


Билікті жақтайтын Қазақстан коммунистік халықтық партиясы жетекшісі Тұрғын Сыздықов (оң жақта) пен осы партияның тағы бір жетекшісі және негізін қалаушысы Владислав Косарев. Астана, 26 наурыз 2015 жыл.
Билікті жақтайтын Қазақстан коммунистік халықтық партиясы жетекшісі Тұрғын Сыздықов (оң жақта) пен осы партияның тағы бір жетекшісі және негізін қалаушысы Владислав Косарев. Астана, 26 наурыз 2015 жыл.

Билікті жақтайтын Қазақстан коммунистік халықтық партиясы парламент сайлауына қатысуға әзірленіп жатыр. Оның жетекшісі жұртқа Батысқа қарсы риторикасы мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ашық қолдауымен танылған.

Қазақстан коммунистік халықтық партиясында (ҚКХП) орталық комитеттің бірінші хатшысы сияқты ресми қызмет жоқ. Бұл партияда орталық комитет хатшыларының құзыры қағаз жүзінде тең триумвират (үш адамнан тұратын алқа) түрінде жасалған. Бірақ іс жүзінде олардың бірі (партиялық жұмысы үшін жалақы алатын хатшы) «тең төрағалар» ішінде «бірінші хатшы» саналады. ҚКХП-да бұл рөл былтырдан бері Тұрғын Сыздықовқа жүктелген.

"Халықшыл коммунистің" портреті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:51 0:00
Жүктеп алу

Билікті қолдайтын ҚКХП-ның қазіргі басшысы, бұрын партияның мүшесі болмаса да, 2015 жылы наурыздың 4-і күні кандидатурасы ерте президент сайлауына ұсынылған Тұрғын Сыздықовты жұрт бұрын мүлде танымайтын.

Совет Одағы коммунистік партиясының бұрынғы мүшесі Тұрғын Сыздықов ҚКХП қатарына 2015 жылдың ақпанында өткен әрі президент сайлауына түсу үшін оны бірден жетекші етіп сайлаған.

Оның кандидатурасын ҚКХП-ның бейресми жетекшісі Владислав Косарев ұсынған. 78 жастағы коммунист Косарев оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясын (сот шешімімен жабылған) «жікке бөлуші» әрі ҚКХП «негізін салушы» ретінде танылған. Соңғы кезге дейін парламенттегі ҚКХП фракциясының ресми жетекшісі болған.

68 жастағы Тұрғын Сыздықов басқаратын билікшіл ҚКХП биыл наурыздың 20-сына белгіленген парламент сайлауына түсуге тіркелді.

1,36 - 1,61 ПАЙЫЗ

2015 жылғы президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңетіні алдын ала белгілі болған еді. Осы сайлаудан кейін Тұрғын Сыздықов тағы көрінбей кетті. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша ҚКХП жетекшісі небәрі 1,61 пайыз дауыс жинап, 2-орынды иеленді әрі 0,64 пайыз дауыс алған тағы бір билікті жақтайтын кандидат Әбілғазы Құсайыновтың алдын орап кетті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, сайлаушылардың 97,75 пайыз дауысын алған қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев «халық бір кісідей жұмылып, бір адамға дауыс берді» деп мәлімдеген еді.

2011 жылы ҚХКП атынан президент сайлауына түскен Жамбыл Ахметбеков.
2011 жылы ҚХКП атынан президент сайлауына түскен Жамбыл Ахметбеков.

Ертеректе, яғни 2011 жылдың сәуіріндегі президент сайлауы алдында партияның бұрынғы жетекшісі Жамбыл Ахметбеков те ҚКХП-ның осындай траекториясынан өткен. Владислав Косаревтің орнына келген Ахметбеков ҚКХП-ның ресми жетекшісі ретінде сайланып, ал кейін президент сайлауына үміткер ретінде ұсынылған. Небәрі 1,36 пайыз дауыс жинап, Сыздықов сияқты алдын ала белгілі болғандай, президент сайлауында ұтылғанымен, ол 2012 жылдың қаңтарында ҚКХП тізімі бойынша депутаттыққа өткен. Бірақ оның Сыздықовтан айырмасы - Ахметбеков партия жетекшісіне айналғанға дейін алты жыл партия мүшесі болған.

Сыздықов сияқты Жамбыл Ахметбеков те ҚКХП-ға кірген бетте бірден жоғары қызметке ие болды. Ол 2005 жылға дейін түрлі жұмыс істеген: взвод командирі, Ақмола облыстық «Сұңқар» әскери-техникалық лицейі директоры орынбасары, ал 2001 жылдан бері аудандық білім бөлімінің алғашқы әскери дайындық және спорт жөніндегі әдіскері болған. 2005 жылдың қыркүйегінде аяқ астынан ҚКХП орталық комитеті аппаратының жетекшілігіне тағайындалып, 2007 жылдың наурызында осы партияның орталық комитеті хатшылығына сайланған.

БАТЫС, НАЗАРБАЕВ ЖӘНЕ КИЕВ «МАЙДАНЫ»

ҚКХП-нің қазіргі жетекшісінің ресми өмірбаянына қарағанда, ол - шалғай ауылдан шығып, техникалық институтты бітірудің сәті түскен, коммунистік партияның аудандық комитетінің екінші хатшылығына дейін жеткен қарапайым совет адамы. Тәуелсіз Қазақстанда ол еңбек жолын облыстық мәслихат аппараты жетекшісі ретінде тәмамдаған.

ҚХКП лидері Тұрғын Сыздықов. Астана, 4 наурыз 2015 жыл.
ҚХКП лидері Тұрғын Сыздықов. Астана, 4 наурыз 2015 жыл.

Ал қазіргі Тұрғын Сыздықовқа келсек, елдің ішкі-сыртқы саясатының өзекті мәселелеріне қатысты оның өзіндік позициясы бар. Жұрт алдында бұрын да көтерген бұл тақырыптарды ол жуырда Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен кезде де қозғады.

Саясатқа былтыр президенттік сайлау науқаны тұсында келген ҚКХП жетекшісі антибатыстық риторикасымен ерекшеленген. Былтыр Тұрғын Сыздықов «іріп-шіріген» Батыс әлемін сынап, Батыс мәдениетінің «ең ұсқынсыз көрінісі» ретінде фаст-фудқа шүйліккен. Биыл ақпанның 2-сі күні Астанада парламент депутаттығына ұсынылған кандидаттар тізімін бекіткен партия съезінде Сыздықов «Батыс адамы жақсылық жасау, мейірбандық сияқты адам баласына ғана тән қасиет - адамгершіліктен жұрдай болып барады» деп мәлімдеді.

Тұрғын Сыздықов Азаттық тілшісімен әңгімесінде Украинадағы жағдайды қозғап, Киев «Майданын» (Киевтегі 2014 жылғы халық толқуын айтады – ред.) құптамайтынын мәлімдеді:

- Меніңше, бұл - әлемдік тәртіп деңгейіндегі үлкен ойын, ал бұдан Украина халқы ештеңе ұтқан жоқ. Халықтың әлгі «Майданға» шыққанынан ештеңе жақсарып кеткен жоқ қой, - дейді ҚКХП жетекшісі.

Тұрғын Сыздықовтың пікірінше, мұндай қателікті қайталамас үшін және «өзіміздің тұрақтылық пен жасампаздық жолымен» жүру үшін оппозициялық партиялар «дүниені бүлдірген Киев «Майданынан» сабақ алуы тиіс. Ол «оппозициялық партиялар» қатарына ҚКХП-ны да қосады.

- Біз заң аясында жұмыс істеуді үйренуіміз керек, мүддемізді қорғауға, ой-пікірімізді еркін айтуға бейбіт жол арқылы ғана қол жеткізуіміз керек. Баррикадалар заманы өткен, - дейді ол.

Ашығын айтайын, меніңше, бізде осындай президент болғанына тәуба. Президент мемлекетті бастан аяқ қайта құрды. Бірақ жоқ жерден мемлекет құру үшін инвесторларды тарту, арасында күшке салу, кей кезде босаңдық беру сияқты түрлі амал-тәсілдерге жүгініп басқаруға тура келді.
Тұрғын Сыздықов.

Кей бақылаушылар кез келген саясаткердің Нұрсұлтан Назарбаевқа деген жария көзқарасы оның болмысын танытатын лакмус қағазы іспетті деп санайды. Мысалы, былтыр ЕҚЫҰ бақылаушылары «Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов сайлаушылармен өткізген кездесулерінің бірінде жұрттан өз кандидатурасын қолдауды сұраудың орнына, елдің жетістіктері үшін президентті дәріптеді» деп мәлімдеген.

Тұрғын Сыздықов Азаттық тілшісімен әңгімесінде Нұрсұлтан Назарбаев жайлы былай дейді:

- Ашығын айтайын, меніңше, бізде осындай президент болғанына тәуба. Президент мемлекетті бастан аяқ қайта құрды. Бірақ жоқ жерден мемлекет құру үшін инвесторларды тарту, арасында күшке салу, кей кезде босаңдық беру сияқты түрлі амал-тәсілдерге жүгініп басқаруға тура келді, - дейді ол.

Бірақ қазіргі билікті жақтайтын коммунистік халықтық партиясы жетекшісі Тұрғын Сыздықовтың айтуынша, Қазақстанды көркейту ісі әлі аяқталған жоқ, сондықтан ол басқаратын партияның «тарихи міндеті» - бұл процесте «еңбекші халықтың мүддесін революциялар арқылы емес, конституциялық эволюциялық жолмен табандылықпен қорғау».

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG