Accessibility links

Болгар студенттері үкіметке қарсы шықты


Болгар студенттерінің шеру. София, 13 қараша 2013 жыл.
Болгар студенттерінің шеру. София, 13 қараша 2013 жыл.

Болгария студенттері «елді жайлаған жемқорлық пен кедейшілікпен күресе алмаған үкіметті отставкаға кетіру» шарасын бастады. Еуропа Одағындағы ең кедей осы елдің үкімет биыл осындай наразылықтан соң бір рет таратылған.

Болгария астанасы Софияның көшелерінде студенттердің қарасы көбейіп, олар үкіметтің отставкаға кетуін ашық талап ете бастады. Софиядағы парламент ғимаратының айналасында бірнеше күн бойы шатыр тігіп жатқан жастар «социалистік партияның басқаруындағы үкімет орнынан кетіп, тез арада мерзімінен бұрын сайлау өтуі керек» дейді.

Студенттердің бұл шарасы – Еуропа Одағының ең кедей елі саналатын Болгариядағы «күмәнді бизнемсендермен ымыраласып, елді одан сайын титықтатқан» үкіметтің әрекетіне наразылық білдіру науқанының бір бөлігі. Соңғы үш апта ішінде студенттер елдің түкпір-түкпіріндегі университеттерде күн құрғатпай шеру өткізіп жатыр. Өткен жексенбіде олар Софияның орталығында мыңдаған адамның қатысуымен «Әділет маршын» өткізді.

Ел басшылығы шеруді басып тастаумен шектеліп отыр. Студенттер үкіметті
Студент Александр Попов шеруде жүр. София, 12 қараша 2013 жыл.
Студент Александр Попов шеруде жүр. София, 12 қараша 2013 жыл.
жастардың мұң-мұқтажына құлақ аспады» деп айыптады. Апта басында парламент ғимаратының маңында полициямен болған қақтығыста жарақат алған студенті Александр Попов:

– Олар біздің үнімізді өшіру үшін неге болса да баруға әзір. Олар біздің жемқорлық пен олигархияға, өздері құрып алған жүйеге қарсы күрескенімізді қаламайды әрі қазіргі жағдайда өздерін сондай жайлы сезінеді, – дейді.

«ЫМЫРАШЫЛДЫҚ»

Болгариядағы экономикалық-әлеуметтік мәселелердің шешілмегеніне наразы жұрт биыл ақпан айында ғана орташыл-оңшыл коалициялық үкіметті отставкаға жіберген еді.

Премьер-министр Пламен Орешарскидің жетекшілігімен құрылған жаңа үкімет ​ "жемқорлыққа белшесінен батты" деген айыптардан соң халықтың қолдауынан
Студенттердің премьер-министр Пламен Орешарскиді кекеп салған суреті. София, 13 қараша 2013 жыл.
Студенттердің премьер-министр Пламен Орешарскиді кекеп салған суреті. София, 13 қараша 2013 жыл.
айырылды. Биліктегі коалицияның құрамына кіретін MRF партиясы басшысының орынбасары «салық төлеуден жалтарды және заңсыз ақшаны жасырды» деп айыпталып, осы айдың басында тергеуге тартылған.

Халықтың наразылығын тудырған және бір оқиға – медиамагнат Делян Пеевскидің жақында ғана елдегі аса ықпалды мекемеге – ұлттық қауіпсіздік агенттігіне басшы болып тағайындалғанына қарамастан, парламент депутаты қызметін де сақтап қалуы. Елдің конституциялық соты «оның екі қызметті бірдей алып жүруі заңға қайшы емес» деген ұйғарымға келген. Пеевски агенттік басшысы қызметіне тағайындалған маусым айында халық наразылығы күшейген соң парламент бұл шешімге қарсы шыққан. Болгар халқының көпшілігі «үкіметті жайлаған жең ұшынан жалғасу мен жазасыздықпен күрес жүріп жатқан жоқ» деп кейиді.

– Қылмыс жасағандар ешқашан жазаланбайды. Құқықтық жүйе мүлде жұмыс істемейді десе болады. Жоғары лауазымды тұлғалардың ұйымдасқан қылмысқа қатыстылығы жайлы істер ешқашан нәтиже берген емес. Біз мемлекет пен оның құрылымдары қалыпты жағдайда жұмыс істегенін қалаймыз, – дейді Софияда тұратын журналист Татьяна Ваксберг,

«АУКЦИОНҒА ҚОЙЫЛҒАН» КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ

Наразылық шаралары әзірге бейбіт жағдайда өтіп жатыр. Шерушілер талаптарын бейбіт әдістермен білдіріп, көбіне әзіл-әжуаны пайдаланып жатыр. Мәселен, олар Орешарскиді «зомби» бейнесінде сомдаса, өздері үкіметтің қолжаулығы болып
Болгар полициясы шеруге шыққан студенттерді бөгеп тұр. София, 13 қараша 2013 жыл.
Болгар полициясы шеруге шыққан студенттерді бөгеп тұр. София, 13 қараша 2013 жыл.
кетті деп есептейтін конституциялық сотты халықаралық электрондық сауда жүйесі – eBay арқылы «аукционға» шығарған.

30 қазанда «Болгарияның конституциялық соты» деген лот «аукционға» шығарылып, интернет сайттың әкімшілігі бұл хабарландыруды бірнеше сағаттан соң ғана алып тастады. Онда Болгария конституциялық соты «мақсатына сай жұмыс істемейтін, өз міндетін толық атқармайтын, бірақ мафия мен жемқор парламентшілерге аса пайдалы мекеме» деп сипатталған.

Елдің наразылығы артқан сайын қайғылы оқиғалар да көбейіп барады. Жыл басында кедейшіліктен шаршаған тоғыз адам өз-өздеріне қол жұмсап, қаза тапты. Алдыңғы үкіметтің отставкаға кетуіне осы оқиғалар себеп болды. Әлеуметтік сауалнама қорытындыларына қарағанда, жемқорлық пен саяси тұрақсыздықтан және экономикалық қиындықтардан мезі болған болгарлардың 60 пайызы шерушілер талаптарын қолдайды.

«АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМДЫ ЖҰМЫЛДЫРДЫ»

Университет профессорлары мен оқытушылар да студенттерді жақтап, арнайы мәлімдеме жасады. Олар үкіметті «саяси және әлеуметтік саланы магнаттардың қолына шоғырландырды» деп айыптаған.

– Бұлай жалғастыра беруге болмайды. «Қиындықтан шығатын жалғыз жол – мерзімінен бұрын сайлау өткізу» деген ұйғарымға жұрттың бәрі ұйысып келеді, –
Үкіметке қарсы шеруге шыққан болгар студенттері. София, 13 қараша 2013 жыл.
Үкіметке қарсы шеруге шыққан болгар студенттері. София, 13 қараша 2013 жыл.
дейді София университетінде саясаттану ғылымынан дәріс оқитын Даниел Смилов.

Смиловтың айтуынша, бұл наразылық шаралары Болгариядағы азаматтық қоғамды жұмылдырып, болашақтағы саяси өзгерістерге негіз қалап жатыр.

– Бұл ұзақ наразылықтың пайдалы жағы – белсенді азаматтардың топтары құрылды. Үлкен қалалардағы белсенді азаматтар өзара байланысып, жұмыла бастады. Бұл үмітті оятады, себебі бұлар – халыққа әсер ете алатын көзі ашық адамдар. Саясаткерлер бұлардың пікіріне назар аударады деп ойлаймын, – дейді профессор.

Коммунистік режимнен құтылғанына 24 жыл өткен Болгарияда бала туу күрт азайып, кісі өлімі артты, ал эмиграция бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін шарықтап өсіп кетті. Еуропа Одағына мүшелікке өту де елге ешқандай оң өзгеріс әкеле қоймады. Бұл елде орташа айлық жалақы 530 АҚШ доллары көлемінде ғана.

Азаттық тілшісі Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG