2002 жылдың қаңтар айының 29-да осы қозғалыстың Әлихан Бәйменов, Ораз Жандосов, Болат Әбілов, Жаннат Ертілесова, Берік Имашев сияқты мүшелері өздерінің бөлек партия құратындықтары жөнінде мәлімдеген болатын. Бұл жөнінде партия құрылтайшыларының бірі, республикалық «Жас алаш» газетінің сол кездегі бас редакторы Нұртөре Жүсіп былай дейді: «Ақ жолдың» құрылуы алдында пайда болған Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының заңды жалғасы сияқты болды. Өйткені, қозғалыс елде демократиялық үрдістерді жалғастыруды көздегенімен, ол саяси күшке айнала алмады. Сондықтан, партия құру жөніндегі ойды қоғамдық талқыға салып, он адамнан құрылған топ Астана қаласында баспасөз мәслихатын өткізген болатын».
Ол партия құрудың мақсатын: «Демократиялық дамуды көздеген бастамашыл адамдардың ой-пікірінің бір жерден шығуы», - деп көрсетеді.
Бірақ сол кезде шығып тұрған «Сол Дат» газетінің бас редакторы Ермұрат Бапи «Ақ жол» партиясының құрылуының негізгі себебі басқа деп есептейді: «Ақ жол» партиясы – Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақиянов құрған ұйымнан бөлініп қалған бөлшек болды. Олар екі жігіттің батыл қадамдар жасайық, президентпен саяси үстелге отырайық деген сөзінен сескенді, бірақ кейін «осы ұят болмасын» деген ойдан партия құрды».
Қалай болған да, сол кезде қозғалыстың саяси кеңесінің кейбір мүшелері үшін «Ақ жол» партиясының құрылуы күтпеген жағдай болыпты. Мәселен, Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының саяси кеңес мүшесі, кейінірек оның төрағасы болған Төлен Тоқтасыновтың айтуынша, «ешкім менімен ақылдасқан жоқ. Партияның құрылғанын баспасөз-мәслихатына бірнеше сағат қалғанда естідім. Сондықтан, партияның құрылуы жөнінде менің еш хабарым жоқ. Менің білуімше, қозғалыстың Жақиянов, Әблязов сияқты лидерлері де партияның құрылуынан бейхабар болды деп ойлаймын».
Төлен Тоқтасынов «партияның не үшін, қалай құрылғаны жөнінде баға беру ертерек» деп есептейді. «Мен шынын айтып отырмын. Көбін білмеймін: шешімді кім, қалай қабылдағанын. Біз бұл мәселенің бағасын қазір бермейміз. Ғалымжан Жақиянов шықсын абақтыдан. Сол кезде барлығымыз бір үстелдің басына отырып, әңгімелесеміз, сол кезде не үшін, қалай құрылғанын айтамыз»
«Ақ жол» партиясы 2002 жылы наурыздың 16-да «Саяси партиялар туралы» заңға сәйкес алғашқы болып мемлекеттік тіркеуден өтті. «Ақ жол» партиясының барлық облыстарда филиалдары ашылды. Бүгінде партияның мүшелері 10-нан 135 мыңға дейін, партия теңтөрағалары 3-ден бесеуге дейін өсті.
Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясының құрылуы 2001 жылы қараша айында бірқатар жоғары билік, ірі бизнес өкілдерін топтастырған оппозициялық бағыттағы Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының пайда болуымен байланысты.
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Азаттық толқынында
Қазақ эмигpанттарды күстәналау. "Жат елдегі" диссидент драмасының бағасы