Accessibility links

Шыбын цехы, пластикті қайта жарату. Қалдықты қазынаға айналдырған эко-энтузиастар қоқыспен қалай күресіп жүр?


Қалдықты қазынаға айналдырып жүрген табиғат жанашырлары
please wait

No media source currently available

0:00 0:19:56 0:00

Қалдықты қазынаға айналдырып жүрген табиғат жанашырлары

Бірі қалдық жейтін шыбын өсіреді, бірі қала аралап, органикалық қоқыс жинайды, енді бірі пластиктен қолөнер туындыларын жасайды — алматылық табиғат жанашырлары елдегі қоқыс мәселесін шешуге, жаһандық жылыну процесіне баяулатуға барын салып жүр. Азаттық тілшісі Мақпал Мұқанқызы экологиялық энтузиастермен кездесіп, жұмысын көріп қайтты.

Қазақстанда шығатын қалдықтардың жалпы көлемінің 35-40 пайызы — органика қалдығы. 2021 жылы қабылданған экология кодексі оларды көмуге тыйым салады. Мамандар тиісті инфрақұрылым болмағандықтан бұл талап орындалмай, органика қалдықтарының едәуір бөлігі полигонға кетіп жатыр дейді.

Органика дұрыс шірімесе, метан бөледі. Осылайша климаттың өзгеруіне ықпал етеді. Қазақстанда органиканың қанша бөлігі полигонға кетіп жатқаны, қаншасы қоршаған ортаны былғап жатқаны белгісіз.

Алматы қаласының іргесіндегі қоқыс полигоны. 4 желтоқсан, 2020 жыл.
Алматы қаласының іргесіндегі қоқыс полигоны. 4 желтоқсан, 2020 жыл.

Әлем бойынша, климаттың өзгеруіне ықпал етіп жатқан он фактордың арасында осы органика да бар. Алғашқы орындарда көмір жағатын станциялар, зауыт-фабрика, өнеркәсіп орындары, шикізат кеніштері, көліктер тұр.

Экологтардың сөзінше, органика қалдығын утилизациялау дұрыс жолға қойылса, мемлекет екі жеп биге шығар еді: біріншіден, органика қалдығы айналаны ластамайды; екіншіден, одан таза тыңайтқыш шықса, жерді құнарландырып, байыта түседі. Үшіншіден, азаматтар үшін жаңа бизнес көзі пайда болып, жасыл экономиканың дамуы артады.

ШЫБЫН ОРГАНИКА ҚАЛДЫҒЫ МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕ АЛА МА?

Қазақстанда кейбір экокәсіпкерлер органика қалдығы мәселесін шыбынның көмегімен шешуге болады деп есептейді. Әңгіме шыбынның "Қара сарбаз" атты түрі жөнінде болып отыр. Ғылыми атауы – Hermetia ilussens.

"Қара сарбаз" шыбыны. Фото: blacksoldierflyblog.com
"Қара сарбаз" шыбыны. Фото: blacksoldierflyblog.com

Бұл шыбынның жұмыртқалары яғни, дернәсілдері органиканың барлық түрін жеп, тыңайтқышқа айналдырады. Ғалымдар ол өндірген тыңайтқыш құрамындағы ақуыз көлемі 40 пайызға жететінін, аминоқышқылдар да жоғары екенін айтады.

Оралдық кәсіпкер Бекежан Қайырғалиев биыл тамыздың аяғында Алматыға көшіп келіп, қаладағы дәмханалардан органика қалдықтарын қабылдай бастаған. 2022 жылы ол тамақ қалдығын шыбынның көмегімен өңдеу бойынша патент алған.

– Қазір 27 мейрамханамен жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, бір мейрамхана бар. Ол бұған дейін қалдықтарды шығару үшін 5 мың теңге төлеп келген. Ал біз олардан 1 мың теңгеге қалдықтарын қабылдап жатырмыз. Бұл оларға тиімді. Үш есе тиімді, – деді Бекежан Қайырғалиев.

Эко-кәсіпкер Бекежан Қайырғалиев Recycle birge қорының экоакциясы кезінде. 29 қыркүйек, 2024 жыл.
Эко-кәсіпкер Бекежан Қайырғалиев Recycle birge қорының экоакциясы кезінде. 29 қыркүйек, 2024 жыл.

Оның сөзінше, қазір компания күніне 400 келі тамақ қалдығын қабылдап жатыр, одан 130-150 келі тыңайтқыш шығады.

Компания қысқамерзімді жоспар ретінде күніне 100 тонна қалдықты өңдеуді көздеп отыр. Кәсіпкердің сөзінше, соның өзінде бұл шамамен 2 млн-нан астам халқы бар Алматы қаласының 10 пайызына да жетпейді. Қазақстандағы ең ірі қалада күн сайын өте көп органика қалдығы шығады.

– Мектеп, балабақшалармен жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Күш-қуатымыз осы шамаға жеткен күннің өзінде де он пайызға да толмайды. Алматыда 3 млн халық бар (қала төңірегімен қоса айтып отырған сияқты, ресми мәлімет бойынша Алматыда 2,2 млн адам бар - ред.). Күн сайын әр отбасыдан 10-12 келі қалдық шығады. Біз мысалы "Алтын Орда" базарынан азық-түлік аламыз. Шамамен есептеп көрдік: ол жақта күніне көкөніс қалдығының өзі ғана 80-90 тонна шығады екен. Бұл – бір ғана базар, – деді Бекежан Қайырғалиев.

Ол мемлекет қалдықты сұрыптауды дұрыс жолға қойып, реттейтін болса, азаматтар тамақ қалдықтарын жеке контейнерге жинайтындай деңгейге жетсе, онда бұл тамақ қалдығын өңдеу нарығындағы компаниялардың дамуына жағдай жасар еді дейді.

– Бізде бұрын "Таза Қазақстан" деген бағдарлама болды, егер қателеспесем. Сары контейнер қоясыңдар деп айтып жатты. Дым істеп тұрған жоқ. Бір ғана машина келеді де, бәрін жинап, полигонға тастайды. Бізге ақпараттық көмек керек, – деді кәсіпкер.

АПТАСЫНА 15-20 ТОННА ҚАЛДЫҚ ӨҢДЕЙТІН ШЫБЫН ЦЕХЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қарасты технопаркте төрт жылдан бері шыбынның "Қара сарбаз" түрі өсіріліп жатыр. Қазіргі кезде шыбын миницехы айына 15-20 тонна тағам қалдығын өңдейтін дәрежеге жеткен. Цех төрт балабақша, екі мектеп пен екі дәмханадан аптасына екі рет тамақ қалдығын жинайды.

– Олармен келісім бар. Тамаққа ешқандай пластик араласпасын дейміз. Өздеріңіз көріп отырғандай, олар бәрін жей береді. Тіпті мынадай бұрышты да жейді, – деп бұрыш қалдығын көрсетті технопарктің бас маманы, шыбын өсіруші ғалым Серікхан Айдарханұлы.

"Қара сарбаз" шыбыны дернәсілдері тамақ қалдығын жеп жатыр. Қомағайлығымен ерекшеленетін дернәсілдер бір-екі аптада осындай көлемге дейін өседі. Алматы, 16 қазан, 2024 жыл.
"Қара сарбаз" шыбыны дернәсілдері тамақ қалдығын жеп жатыр. Қомағайлығымен ерекшеленетін дернәсілдер бір-екі аптада осындай көлемге дейін өседі. Алматы, 16 қазан, 2024 жыл.

"Қара сарбаз" – Еуропа Одағы малға жем ретінде қолдануға рұқсат берген санаулы шыбын түрі. Ресейде ол ауыл шаруашылығының арнайы тармағы болып саналады.

Қазақстандағы шыбынға қарағанда сәл ірірек келген "Қара сарбаз" зиянсыз саналады. Үлкен шыбынға айналғаннан кейін бар-жоғы екі-ақ апта өмір сүреді екен. Жұмыртқа тастағаннан кейін тіршілігін тоқтатады.

– Егер дұрыс мақсатта пайдаланып, дұрыс технологиямен жұмыс істейтін болса, 99 пайыз қалдықсыз технология саналады, – деді ғалым Серікхан Айдарханұлы.

Оның сөзінше, Қазақстанда мамандардың жетіспеуі, технология толығымен жүз пайыз меңгерілмегендігі бұл саланың дамуын тежеп отыр. Одан бөлек, енді ғана дамып келе жатқандықтан инвесторлар ақша салуға жүрексінеді екен.

– Ресейде осы мақсатта пайдаланылып жатқан бір-екі өнеркәсіп бар. Одан кейін Қырғызстанда бір өнеркәсіп бар. Бірақ қазіргі уақытта істеп я істемей тұрғанын білмеймін. Негізінен Қазақстанда да шыбын өсіретіндер бар, бірақ көп емес. Тек өзінің үй шаруашылығында ғана өсіріп жатқан адамдар бар. Өнеркәсіптік деңгейде дамып жатқан жоқ. Ал бүкіл әлемде бірінші орында тұрған Қытай, Таиланд, Малайзия сияқты елдердің климаты шыбын өсіруге тікелей сәйкес келеді. Ал Қазақстанда оларды арнайы орындарда жасанды климат жасап, сонда өсіреді, – деді Серікхан Айдарханұлы.

"Қара сарбаз" дернәсілдерін кептіріп, құс, балық пен малға жем ретінде береді.
"Қара сарбаз" дернәсілдерін кептіріп, құс, балық пен малға жем ретінде береді.

ҚазҰУ-дан бөлек, Талдықорғанда Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты миницехта да шыбынның осы түрі өсіріледі. Олар да белгілі бір мөлшерде тамақ қалдықтарын өңдеп келеді. Алдағы уақытта цехтың қуаттылығын арттырғысы келеді.

КОМПОСТ

Қазақстанда органика қалдығы мәселесі мемлекеттік деңгейде шешілмесе де, елде өз бетімен компост жасап, сәл де болса мәселенің шешілуіне үлес қосып жүрген экобелсенділер бар.

Компост бұл органика қалдығының дұрыс шіруіне жағдай жасалған орын. Ол кейде жәшік түрінде, кейде ор түрінде де кездесе береді. АҚШ, Оңтүстік Корея, Еуропаның бірқатар елінде жергілікті билік деңгейінде істеп жатқан қоғамдық компост орындары бар.

Алматыда кейбір көп қабатты үйдің тұрғындары өзара келісіп, аулада компост жасап алған. Бұл алдағы уақытта қоғамдық компост сияқты пилоттық жобаны бастаудың алғышарты да бола алады дейді экобелсенділер.

Алматылық экоблогер Дәрия Сағиева қақпа сыртындағы компостын көрсетіп, ол жер органика көмілмеген жермен салыстырғанда құнарлы екенін айтып түсіндірді.

– Қала орталығында жеке үйіміз бар, бірақ аулада жер тапшы. Бәріне өрнектас төселген. Сондықтан қақпа сыртынан жер тауып, амалын келтірдім. Жыл сайын осы жерден компост қазып аламын. Бір жыл ішінде ол шіріп, қайта компост жасауға болады. Оған өсімдік атаулы қалдықтың бәрін тастаймын. Тек ет, балық, тауық тастауға болмайды, – деді Дәрия Сағиева.

Алматылық белсенділердің компосты.
Алматылық белсенділердің компосты.

Бірақ қыста компост қатып қалғандықтан ол жеміс пен көкөніс қабықтарын үйдегі батареяларға кептіріп амалдап жүр екен.

"Бір қарағанда залда қалдық кептіріліп жатқаны байқалмайды. Себебі перде бар. Перденің ар жағында мөлдір контейнерлер көрінбейді. Өзім блог жүргіземін, маған кей кезде "ой, үйіңіз қоқысқа айналып кеткен шығар, иісі мүңкіп тұрған болар, бәрі шашылып жатқан шығар" деп жазады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қорқынышты ешнәрсе жоқ. Міне, батареяларда кептіремін. Бір мезетте екінші рет пайдалануға болатын ыдыстарды да пайдаға жаратамын. Яғни, лақтырып тастамаймын. Бұл ыдыстарды сынғанша пайдаланамын, – деді Дәрия Сағиева.

Қалдық сұрыптау мен өңдеудің тұрақты жүйесі болмаса да, осылайша өз бетімен жағдайды өзгертуге тырысып жүрген экобелсенділер бар. Солардың бірі – фермер Лейла Мұхитдинова. Ол 2019 жылы WhatsApp-тан "эко-гвардияшылар" тобын құрған. Қазіргі кезде ондағы адам саны жүзге жетіп жығылады. Мұнда топ мүшелері "шай қалташасын компостқа тастауға бола ма?" немесе "жарамсыз я мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмекті не істеу керек?" деген тәрізді экологияға қатысты сұрақтарды талқылап, өзара кеңесіп отырады.

Фермердің сөзінше, топ мүшелерінің көбі компост жасап үйреніп алған, кейбірі органиканы ұсақтатып жояды. Ал "органиканы қайда тастарын білмеген адамдардан мен алып жүрмін" деді фермер. Ол апта сайын кей адамдардан органика қабылдайды: оларды ит-мысығына, ешкі мен тауыққа береді. Кейбірі компосталады.

Ол елде қалдықты бір жәшікке тастау әдетке айналып, сіңіп кеткені соншалық кейде экоәдеттерді кейбірі біртүрлі қабылдайды дейді.

– Менің ойымша, мұндай чаттардың болғаны маңызды, себебі біз кейде жұртқа ерекше болып көрінуіміз мүмкін. Кейде туыстарымыздың өздері бізді біртүрлі адам санайды. Сондықтан қолдау керек. Жұрт өзі жалғыз емес екенін түсінуі керек... Жұрттың көбі "жалғыз өзің не істей аласың, бәрібір барлығы ойланбастан тастай береді, ештеңе өзгермейді" дейді. Егер бәріміз осылай ойласақ, әрине, экологиялық апат болады. Алайда біздің әрқайсымыз тым болмағанда бір келіден [қалдық] жинасақ, қалада 2 млн адам бар, 2 млн келі жиналады. Яғни, барлық нәрсе біртіндеп істеледі, – деді фермер.

Лейла Мұхитдинова фермасында сұхбат беріп тұр. Алматы, 20 қазан, 2024 жыл.
Лейла Мұхитдинова фермасында сұхбат беріп тұр. Алматы, 20 қазан, 2024 жыл.

– Маған басқаша қызық емес. Яғни, мен бәрін әдемі етіп, бір реттік заттарды қолдана аламын. Алайда ол мені қызықтырмайды. Маған жоқ нәрседен бір нәрсе жасап шығару қызық. Бұл – шығармашылық процесс. Айналамдағы адамдар менің жеңіл өмір сүріп жүргенімді көріп жүр: ештеңе сатып алмаймын, бірақ менде бәрі бар және бәрін бөлісемін, елге үлестіремін. Сосын жұрт та "бәлкім, осылай өмір сүруге болар" деп ойлана бастайды, – деді фермер.

Ол өмірде бәрін ақшамен есептеу дұрыс емес деп ескертеді.

– Кім айтқаны нақты есімде жоқ, мынадай мәтел бар: "Көлде соңғы балық, аспанда соңғы құс, жердегі соңғы ағаш өлген кезде ғана адамдар ақшаны жеуге болмайтынын түсінеді". Тауықтың жұмыртқасын жеуге болады. Өсіп шыққан көкөністі жеуге болады. Міне, нағыз өмір деп осыны айтуға болады. Мұны түсіну керек. Біреулер тықпалаған нәрсемен емес, нағыз өмір сүру. Маркетологтар біздің ақымақтығымызды пайдаланып, ақша тапқысы келеді, – деді Лейла Мұхитдинова.

"ПЛАСТИК РЕВОЛЮЦИЯСЫ"

Экокәсіпкер Юрий Кирдюшкин екі жылдан бері пластик қалдықтарды ерітіп, оларды пайдалы бұйымдарға, өнер туындыларына айналдырып жүр. Оның сөзінше, Plastic Harahura жобасы аясында 3 тонна пластик өңделіп, пайдаға жаратылған. Экокәсіпкер бұл іс дамыса, пайдасы шаш-етектен болады деп есептейді.

– Біз айналмалы экономиканың бір бөлігіне айналып отырмыз. Біздегі шикізат осында, Алматыда жиналған. Біз ол үшін Шымкент немесе Бішкекке барған жоқпыз. Біз осындағы пластикті жинап, одан өнім шығардық. Демек, қала үшін бұл оңтайлы шешім. Әзірге көлемі шағын. Өз тәжірибемізге қарап, тізбекте кездейсоқ нәрсе жоғына көз жеткізіп отырмыз. Тізбектегі барлық кезең маңызды: адамның саналы түрде пластик қалдықтарды жинауынан бастап, жинау, одан кейін шикізатты дайындау, сақтау, жабдықтар алып, оларды өңдеу. Әрбір кезеңді жеке бизнес түріне айналдыруға болады. Қазақстанда неге екені белгісіз, бұл іс дамымай отыр, – деді экокәсіпкер.

Экокәсіпкер Юрий Кирдюшкин пластикті ерітіп, одан өнер бұйымдарын жасау процесін түсіндіріп тұр. Алматы, 15 қазан, 2024 жыл.
Экокәсіпкер Юрий Кирдюшкин пластикті ерітіп, одан өнер бұйымдарын жасау процесін түсіндіріп тұр. Алматы, 15 қазан, 2024 жыл.

Оның бұйымдарын қалада кейбір пиццерия, дәмхана, кәсіпорындардан кездестіруге болады.

Қалдықты қазынаға айналдырып жүрген бұл белсенділер жұмысы өте маңызды. Бірақ мамандар "қалдық мәселесі шешілуі үшін жоғары билік қоқыс саясатын реттеуі керек" дейді. Жыл сайын елде полигондар үлкейіп, өңделместен көміле салатын қалдық артып барады. Қазақстанда былтыр 4,1 млн тонна қоқыс жиналған. Ресми дерек бойынша, оның тек 20-25 пайызы ғана өңделеді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG