Accessibility links

Қазақстанда органика қалдықтары мәселесін қалай шешуге болады?


Қоқыс контейнерлерін босатып жатқан техника. Көрнекі сурет.
Қоқыс контейнерлерін босатып жатқан техника. Көрнекі сурет.

Қазақстанда органика қалдықтары әлі күнге дейін полигондарға тасталып жатыр. 2021 жылы қабылданған Экология кодексі тағам қалдықтарын полигондарға көмуге тыйым салғанмен іс жүзінде ол орындалып жатқан жоқ. Кейбір экобелсенділер "тағам қалдығы мәселесін шешу жолдарын ұсынсақ та билік тиісті дәрежеде назар аудармай отыр" деп санайды. Экология министрлігі жағдай нашар екенін мойындайды.

Дұрыс шірімесе метан бөлетін, жарылыс қаупін туындайтын тағам қалдықтары Қазақстанда қоршаған ортаны қаншалықты былғап жатқаны жөнінде зерттеу жоқтың қасы. Экология кодексінде тағам қалдықтарынан биогаз өндіретін қондырғы орнату, компост жасау, қалдықтарды тиімді басқару қажеттігі жайлы жалпы айтылғанмен іс жүзінде нақты жобаларды саусақпен санауға ғана болады.

Подкасты тыңдаңыз:

Тағам қалдығы мәселесі қайтсе шешіледі?
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:31 0:00

Десе де, Қазақстанның түрлі өңірінде тағам қалдығы мәселесін өздігімен шешуге талпынып, жергілікті билікке ұсыныс айтып жүрген белсенділер де бар. Солардың бірі Шымкент тұрғыны, зейнеткер Ескендір Құнанбаев пен оның қызы Айсұлу Құнанбаева. Айтуларынша, олардың тағам қалдығы мәселесімен айналысып жүргеніне 5 жыл болған. Осы уақыт аралығында кәдімгідей тәжірибелері да қалыптасқан. Қазір олар көшесіндегі 7 үйдің тағам қалдығын қабылдап, пайдаға жаратады.

Құнанбаевтар жергілікті билікке тағам қалдығын шешудің бірнеше әдісін ұсынып отыр. Солардың бірі – тұрғындарға тағам қалдығын жинайтын арнайы контейнер үлестіру, органика қалдықтарынан пайдалы М-концентрат өндіріп, қалғанын тыңайтқыш өндіру.

Олар өздері қолданған әдісті жергілікті деңгейде тағам қалдығы мәселесін шешу үшін пайдалануға болады деп санайды. Олардың айтуынша, өздері ұсынып отырған әдіс туралы интернетте ақпарат көп. "Біз тек соны жергілікті деңгейде жүзеге асыру механизмін ұсынып отырмыз" дейді.

"Мен өзім Сан-Францисконың тәжірибесін зерттедім. Онлайн оқудан өттім. Онда қала қалдығының 30 пайызын органикалық қалдық құрайды. Ол жақта тұрғындар тамақ қалдықтарын жеке контейнерге жинап, өткізеді, ал одан арнайы орындарда компост жасайды. Содан кейін сол компост пен тыңайтқышты жергілікті фермерлерге береді. Сәйкесінше, қала табиғи өнім алады. Шамамен біз сондай жобаны қалаға ұсындық. Әкем көше-көше бойынша компост жасауға мүмкіндік беретін жоба жасады. Тағам қалдығын полигонға тастағысы келмейтіндерге арнайы шелек беріп, әдісті түсіндіру керек. Біз былтыр экология министрі келген кезде соларға да жобамызды таныстырғанбыз.

Бізде қалада шөп, жасыл-желек, жапырақтың бәрін полигонға тастайды. Бұл сұмдық қой! Біз қолымыздағы алтынды полигонға апарып, у жасап жатырмыз. Ол жақта метан бөлінеді, бұған қоса, жарылыс қаупі туындайды. Ең бастысы көп жерді алып жатыр. 10-20 жылдан соң Шымкенттің айналасы қалдық полигонына толады. Себебі соңғы полигон 5 жыл бұрын ашылған, енді тағы жаңасын ашамыз деп жатыр. Экология министрлігінің дерегінше, Қазақстанда қалдықтардың 63,5 пайызы – органикалық және ыдырайтын био қалдықтар. Яғни, егер біз тағам қалдығы мәселесін шешсек, қоқыс полигондары екі есеге азаяды. Қазір бізде пластик пен картон өңдеу 20 пайызы жуықтады. Сонда бәрін қосқанда, бізде 20-30 пайыз ғана полигон қалушы еді. Біз әкімдікке түрлі амал ұсынып отырмыз. Біз қымбат жоба ұсынған жоқпыз. Бірақ әлі күнге дейін ұсыныстарымызға құлақ аспай келеді" деді Айсұлу Құнанбаева.

Қазір әлемде салыстырмалы түрде тағам қалдығы мәселесін дұрыс жолға қойған елдер бар. Мысалы, АҚШ-та Нью-Йорк қалалық кеңесі биыл маусымда тұрғындарды тағам қалдықтарын өзге қалдықтардан бөлек жинауға міндеттейтін заңға қол қойды.

Компост бағдарламасы қалада бұрыннан бар. Алайда бұл жолы қала билігі тұтас қала халқын қамтып, осы бағдарламаға жаңа аудандарды қосуды жоспарлап отыр. Ақпаратқа қарағанда, компост бағдарламасы әуелі сынақ ретінде Нью-Йорктің Куинз аумағында пилоттық жоба ретінде қолға алынған. Енді жаңа заңға сәйкес, санитария департаменті компост бағдарламасына Бруклин, Стейтен-Айленд пен Бронкс, Манхэттен аудандарын қоспақшы.

Қазақстандық экобелсенділер "елдегі әкімдіктер де Нью-Йорк сияқты қалалардың тәжірибесінен үлгі алып, сынақ ретінде кішігірім аумақтан бастауға болады" деп санайды. Олардың айтуынша, "дайын жобалар көп, тек соларды қолдау керек".

"Мысалы, Алматыда кейбір көп қабатты үйдің тұрғындары өздерінің ауласына компост ор қазып, бастаған және сонда тұратын тұрғындар тағам қалдықтарын соған лақтырып жүр. Жұмысы жүріп жатыр. Бірақ бізде "Қаланы абаттандыру ережесі" деген құжат бар. Сол ережеге сәйкес, тұрғындардың мұндайды істеуіне құқығы жоқ. Сонда бізде заңның өзінде қайшылықтар бар. Бірақ тағам қалдығы мәселесін шешуді осындай кішігірім жобалардан бастауға болады" дейді Recycle бірге әлеуметтік-экологиялық қоры негізін қалаушылардың бірі, экобелсенді Пакизат Сайлаубекова.

Экология және табиғи министрлігі қатты тұрмыстық қалдықтар басқармасының басшысы Абылай Алмұханов Экология кодексінің талаптары орындалмай отырғанын мойындайды.

"Жалпы еліміз бойынша биокомпост алу, биоэлектр станцияларын іске қосу бойынша шаралар атқарылып жатыр. Алайда қазіргі кезде әкімдіктер бұл нормаларға дайын еместігін айту керек. Десе де, жүзеге асып жатқан жекелеген жобалар бар. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында биокомпост алу арқылы биоконсервация жасалады. Қызылорда облысында тамақ қалдықтарынан компост алынады. Лисаковск қаласында бір компания калифорниялық шылаушындар арқылы тамақ қалдықтарын компостап, биогумус алады. Қостанай облысында биогаз құрылғылары бар. Батыс Қазақстан, Қарағанды облысында биогаз электр станцияларын салу жоспарланған. Әртүрлі жобалар бар. Бізде қалған әкімдіктер осы жобалардан үлгі алса дейміз" дейді министрлік өкілі.

Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан, Spotify-дан тыңдай аласыздар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG