Осыдан бұрын хабарлағанымыздай, Нұрқаділов мырза басқаратын Қазақстанның тұңғыш президентінің іс-әрекетін зерттеу жөніндегі қоғамдық комиссия Алматы қалалық әкімшілігіне Президент Назарбаевты Алматы қаласындағы Республика алаңына шақырып отырғандарын айтып, осыған орай алаңдағы көлік қозғалысын тежеуді сұрап өтініш берген еді. Заманбек Нұрқаділовтің сөзіне қарағанда, Алматы қалалық әкімшілігінің комиссия өтінішін қанағаттандырмауы - кездесу болмайтындығының жалғыз себебі емес.
Заманбек Нұрқаділов, Қазақстанның тұңғыш президентінің іс-әрекетін зерттеу қоғамдық комиссиясының төрағасы:
“Қоғамдық комиссияны Хамит Ерғалиев ағамыздың атындағы қорға тіркейміз дегенбіз. Сол уәде беріліп еді. Сөйтсек, ол саяси қызметпен шұғылданбайтын қоғам екен. Содан бір жағы - тіркелмеген, екінші жағы - рұқсат берілмеген. Барып тұрғанымыз - екі заңға да сәйкес болмай қалды. Сондықтан, бірлестігімізді тіркеп алып, содан кейін шығамыз. Сот бір күнде басталып, бір күнде бітпейді ғой”.
Егер естеріңізде болса, Қазақстан президентінің қызметін тексеру бойынша қоғамдық комиссия сейсенбі күні өз ұйымдарының тұсау кесер рәсімін өткізуді жоспарлап, оған заңды тұлға ретінде Хамит Ерғалиевтің қоры белгіленген.
Заманбек Нұрқаділов:
“Оған қоса президент Қытайға, Испанияға кетіп бара жатыр екен. Содан келгеннен кейін осы айдың ішінде ме, келесі айдың басында ма... Болады ғой.”
Мамырдың 15-і күнгі жиынға қатыспақшы болған қоғамдық ұйымдардың бірі - “Ұрпақ тағдыры - білім“ қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ерсайын Ерқожа президентке қоятын сауалдарымыз бар еді дейді.
Ерсайын Ерқожа, “Ұрпақ тағдыры - білім ” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
“Бұл – митингі емес. Бұл – қоғамдық қозғалыстар мен Заманбек Қалабайұлы бастаған біраз саясаткерлер мен қазақ патриоттары Тәуелсіздік алаңына барып, Нұрсұлтан Назарбаевты тағы да күтпекші болғанбыз. Сонда президентке: “14 күні Нью-Йорктегі сотта сіз кім болып соттың алдына тұрмақшысыз: Қазақстан президенті ретінде ме, әлде Қазақстан азаматы ретінде ме? Сотқа қалай тартылмақшысыз? ” - деген сұрақтарды қойғымыз келді. Осы мақсатта жиналмақшы едік.”
Ол Алматы қалалық әкімшілігінің қоғамдық комиссияның өтінішін қанағаттандырмауын Қазақстанда шынайы бостандықтың жоқтығынан деп есептейді.
Ерсайын Ерқожа:
“Қазіргі Қазақстандағы саяси жүйе мұндай бастамаларға алдымен, рұқсат бермейді. Екіншіден, рұқсат берген жағдайдың өзінде “Сарыарқа” кинотеатрының жанындағы аз адам сыятын жерге береді. Бұл - үйреншікті жағдай. Мұның өзі халықтың бостандығының жоқтығын, президенттен, ел басқаратын адамдардан ештеңе сұрай алмайтындығын айғақтайды.”
Оның сөзіне қарағанда, президентпен кездесуге Қазақстандағы бірқатар қоғамдық ұйымдар баруды жоспарлаған.
Ерсайын Ерқожа:
“Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының, тіркеуден өтпей қалған Қазақстанның Республикалық халықтық партиясының, “Азат” қозғалысының кейбір мүшелері, зиялы қауым өкілдері шақырылып, қатыспақшы еді. ”
Ал “Лад” қоғамдық-саяси славян қозғалысының төралқа мүшесі Анатолий Кузеванов жиынға қатысуға шақырылған азаматтардың тең жартысына жуығы кедесудің болмайтындығын білген.
Анатолий Кузеванов, “Лад” қоғамдық-саяси славян қозғалысының төралқа мүшесі:
“Себебі, қазіргідей биліктің бассыздық жасап отырған жағдайында дербес пікірлі азаматтарға бұл таңсық емес”.
Алайда, Алматы қалалық әкімішіліктің ішкі саясат басқармасының заңгері Ахан Жарменов әкімшілік шешімінің ешқандай саяси астары жоқ дегенді айтты.
Ахан Жәрменов, Алматы қаласы әкімшілігінің ішкі саясат басқармасының заңгері:
“Өтініш қағанағаттандырылмай қалған жоқ. Заңдық күші бар президенттің жарлығындағы талаптар бұзылғандықтан, біз өтінішті бар жоғы қараусыз қалдырдық. Мұндай өтініштерді толтырудың нақты формасы бар. Егер бұл талап орындалмаса, біз де заңды бұза алмаймыз”.
Заманбек Нұрқаділов Президентті сөйлесуге алғаш шақырып отырған жоқ. Ол бұған дейін мамырдың бірінде Республика алаңында президентке өз сауалдарын қойғысы келген еді. Әйтсе де, сол жерде оны біреулер жұдырық жұмсауға әрекеттеніп, шіріген жұмыртқа лақтырған.
Алматы қалалық әкімшілік Қазақстанның тұңғыш президентінің іс-әрекетін зерттеу қоғамдық комиссиясының өтінішін қараусыз қалдырды
Төтенше жағдайдар бойынша агенттіктің бұрынғы төрағасы Заманбек Нұрқаділов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен мамырдың 15-і күні кезекті мәрте кездеспейтін болды.
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Азаттық толқынында
Қазақ эмигpанттарды күстәналау. "Жат елдегі" диссидент драмасының бағасы