Accessibility links

Қазақстан Республикасының Президенті «Адамның ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы» Заңға қол қойды.


Аталған заң бойынша Қазақстанда адамды клондауға тыйым салынады. Сондай-ақ, алғаш рет «суроггат ана» деген ұғым заң жүзінде бекітіліп отыр. Бұдан былай баласыз ерлі-зайыптыларға сурогаттық аналарды пайдалану жолымен ұрпақты болу құқығы беріледі. «Адамның ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы» Заң Қазақстан азаматтарының ұрпақты болу денсаулығын қорғау саласындағы қоғамдық қарым-қатынастарды, сонымен қоса ұрпақты болу құқығына қатысты мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін айқындап, мемлекет тарапынан берілетін кепілдікті реттейтін болады. Алайда, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы «Заңның әлі де жетілмеген, шикі тұстары баршылық. Бұл заңның басты бір кемшілігі - ұрпақты болу құқығын қамтамасыз ететін алғышарттардың жасалмағандығы. Көптеген жағдайда әлі де ақылы және ақысыз медициналық көмек көрсетудің жолдары анықталмаған. Енді ғана қолға алынып жатыр», дейді.

Заңның бір бабында сурогатты ана болу мүмкіндігі қарастырылған. Сенатор Бексұлтан Тұтқышев «Енді құрсақ ана мен болашақ ата-ана арасындағы құқықтық мәселелер реттелетін болады», - дейді. Қазақстанда сурогатты ана тәжірибесі бірнеше рет жүзеге асырылған екен. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Ана мен бала денсаулығын қорғау» бөлімінің бас акушер-гинекологы Рима Рустамқызының айтуынша, сурогат ана деген ұғым баласы жоқ ерлі зайыптылардың эмбрионын, яғни, жетілмеген шаранасын басқа бір әйелдің көтеріп, дүниеге бала әкелуін білдіреді. Бұған дейін бірнеше ерлі-зайптылардың суррогат аналарды пайдаланып көргендігін, ал қанша баланың осындай әдіспен дүниеге келгені жайында мәлімет жоқ екенін айтады. Суррогат аналар тәжрибесі Қазақстан бойынша Алматыда бедеуліктен емдейтін клиникада қолданылып келген. Аталған мекеменің директоры Салтанат Байқошқарованың айтуынша, мұндай жолға ақшасы бар, ауқатты азаматтар ғана барады екен. «Бір операцияның құны 100 мың теңгенің үстінде, ал ата- ананың суроггат анаға қанша ақша беретінін біз білмейміз, бұл жерде өздерінің келісімдері бойынша жасалады», дейді. Медицина мамандарының айтуынша, суроггат аналардың нәрестені ата-аналарына бергісі келмей қалатындары да кездеседі екен. Ал «Адамның ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы» Заң бойынша сурогаттық жолмен туған баланың ата-анасына берілуі талап етіледі. Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда ерлі-зайыптылардың 16 пайызы нәрестелі болу бақытынан айрылған.
XS
SM
MD
LG