Accessibility links

Баспасөзге шолу. 29 қаңтар 2005 жыл.


Тәуелсіз газеттерде "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының жетекшісі Ғалымжан Жақияновтың 21 қаңтарда екі күнге айып изоляторына қамалған соң оның денсаулығы қатты нашарлап кеткендігі жазылыпты.

“Жас алаш” басылымының сенбі күнгі санында жарық көрген Шадияр Естемірұлының “Жақиянов карцерге не үшін жабылды?” деген мақаласында “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” басшысы Ғалымжан Жақияновты заң орындарының қырағы бақылауға алып, оның құқығының жиі бұзылып отырғандығы хабарланыпты.

Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, Шідертіде өткізген аз ғана уақыттың ішінде колония әкімшілігі оған екі рет сөгіс беріп, бір рет қатаң ескерту жасап, карцерге де қамаған. Осыған орай мәлімдеме жасаған Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесі Ғалымжан Жақияновтың саяси көзқарасы үшін қудаланып жатқандығын нақтылай келе, биліктің “құқықтық мемлекет құрамыз, демократиялық стандарттарға ұмтыламыз” деген уәдесіне сенімсіздік білдіріпті. Олардың пікірінше, "мұндай биліктің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының жетекшісі болуға ұмтылуы құр бос сөз" және әділет министрлігінің "сот жүйесін гуманизациялаудың жағымды жақтары туралы сөз қозғауға ешқандай негіз жоқ".

Сонымен қатар үйлестіру кеңесі Қазақстанның әділет министрі Оңалсын Жұмабековтен “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” жетекшісі Ғалымжан Жақияновқа сөгістер мен ескерту берілуі фактілеріне байланысты тергеу жүргізуді талап етіпті.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Жұма таймс немесе Дата недели” апталығы 21 қаңтар күні Ғалымжан Жақияновтың екі күнге айып изоляторына қамалғандығы туралы хабарлапты. Осыған байланысты газет тілшісі сот жазасын өтеп жатқан Ғалымжан Жақияновпен байланысқанда ол "күнделікті жұмысқа баратын кезде ауырып, ферма басшыларына ескертіп үйіне кеткендігін, дәл осы уақытта комиссия мүшелеренің сау ете қалып, оның жұмыс орнында жоқ екендігіне орай акт жасағандығы" туралы хабарлапты.

Ғалымжан Жақияновтың айтуынша, жергілікті адамдарды қорқытып тастағандығы соншама, олар "кез-келген қағазға қол қоюға мәжбүр" болады екен. “Міне осыдан кейін тәртіпті бұзды деген айып тағып, бірден мені айып изоляторына қамау туралы бұйрық шығарылды” дейді Ғалымжан Жақиянов “Жұма таймс немесе Дата недели” апталығына берген сұхбатында. Сондай-ақ Ғалымжан Жақиянов айып изоляторына жатқызатын кезде арнайы жылы киім беруге тиістігіне қарамастан, оны сол күйінде қамағандығын, міне соның кесірінен қыстың қақаған аязында қатты суық тигізіп алғандығын да тілге тиек етіпті.

“Эпоха” басылымы бір күн карцерде болғаннан кейін Ғалымжан Жақияновтың денсаулығының қатты нашарлар кеткендігін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, дәл қазіргі уақытта Ғалымжан Жақиянов дәрігерлердің қарауында жатыр.

“Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы” басшысының жақтастары түрмеде жүріп өкпе ауруына шалдыққан Ғалымжан Жақияновтың карцерге қамалуы оның денсаулығын одан сайын нашарлатып жібереді” деп есептейді. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, осы болған оқиғадан кейін сенатор Зәуреш Батталова шұғыл түрде Шідертіге аттанған.

Сонымен қатар “Эпоха” басылымы осы оқиғаға байланысты Қарлығаш Жақияновамен хабарласқан кезде, ол расында күйеуінің денсаулығының нашарлап кеткендігін хабарлаған. Қарлығаш Жақиянованың айтуынша, денсаулығы әбден нашарлаған Ғалымжан Жақиянов қазіргі уақытта қан тамырына дәрі егу арқылы емделіп жатыр.

“Республика” басылымы болса Ғалымжан Жақиянов басшылық ететін “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” не себептен жабылғандығына айрықша назар аударыпты. Газеттің бірінші бетінде жарық көрген редактордың бас мақаласында ресми биліктің тәуелсіз басылымдар мен оппозицияға қарсы шабуылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы сайлау барысында саяси алаңды тазартудағы жасап жатқан басты қадамы ретінде бағаланыпты.

Мақала авторының айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев билікті өз қарамағындағылар немесе өз балаларының біреуіне беруі ықтимал, алайда бұл ахуал Қазақстанға үлкен ауыртпашылық түсіреді. “Саясаттағы монополия күндердің-күнінде экономиканың құлдырауына және коррупцияның одан әрі белең ала беруіне жол ашады” деген мақала авторы бүгінгі уақытта билік мемлекеттік мүддені емес, өз балалары мен жеке басының қамын ғана ойлаған президенттің қолына шоғырланғандығын тілге тиек етіпті.

Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, бүгінгі уақытта президент қолданып отырған репрессияны билік ауысқан күні оның қарсыластары Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мен отбасына қарсы қолдана бастауы ықтимал. “Сөз” газетінде бір топ зиялы қауым өкілдерінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” жабылуына жол бермеуін өтініп жазған ашық хаты жарық көріпті.

Ал жазушы Қасым Қайсенов “Қазақ әдебиеті” басылымында жарық көрген “Оппозицияны арандатып отырған кім” деген мақаласында осы мәселеге байланысты өз ойын білдіріпті. Қасым Қайсенов өз мақаласында “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” жабуға қарсылық білдірген заңгер Евгений Жовтисті сынға алыпты. Қасым Қайсеновтың айтуынша, "Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын" жабу туралы сот шешім шығарғанда, бұл мәселені заң тұрғысынан орнықты түсіндірудің орнына Евгений Жовтис заң орындарын қаралап, партия тарапынан жасалған әрекеттерді ақтап алуға тырысқан.
XS
SM
MD
LG