Accessibility links

"Қиындап кетті". Орталық Азия мигранттарын Ресейге барудан тежейтін үрей мен белгісіздік


Ресей полициясы "Восток" сауда орталығы алдында мигранттардың құжатын тексеріп тұр. Новосибирск, 15 қазан, 2024 жыл.
Ресей полициясы "Восток" сауда орталығы алдында мигранттардың құжатын тексеріп тұр. Новосибирск, 15 қазан, 2024 жыл.

Орталық Азия елдерінің мигранттары үшін Ресей ұзақ уақыт бойы жұмысқа баратын негізгі ел болды. Бірақ мигранттарға шабуылдар жиілеп, дискриминцияның күшеюі, оған қоса Ресей экономикасының құлдырауы жағдайды өзгертіп отыр.

Қырғызстандық кәсіпкер Ақтілек Ресейде он жыл бойы аула сыпырушы, аспаз және такси жүргізуші болып жұмыс істеді. Кейін денсаулық жағдайына байланысты Отанына оралған. Ол өзі туып-өскен Ош қаласына шетелден автомобиль әкеліп сату бизнесін бастаған.

Арада төрт жыл өткенде Мәскеуге қайта келген 32 жастағы ер адам ондайды жағдайды көріп, есеңгіреп қалғандай күй кешкенін айтты.

"Бұрынғы және қазіргі Ресейдің айырмашылығы жер мен көктей", – деді өз сойын атағысы келмеген Ақтілек.

Оның сөзінше, биыл қарашада Ресейде болған кезде оны күн сайын көшеде үш рет тоқтатқан. Сұрақтың астына алып, құдды тергеуде отырғандай қылған.

"Қанша нашар естілсе де айту керек, онда мигранттарға аяқ сүртетін зат құсап қарайды. Полиция да, қарапайым жұрт та сондай көзқараста", – деді кәсіпкер.

Ресей ондаған жылдар бойы Орталық Азиядан шыққан еңбек мигранттары жұмыс іздеп баратын негізгі ел болды. Мигранттар қысым мен кемсітуге ұшыраса да, нәпақа іздеп сонда баратын. Алайда кейінгі жылдары мигранттарға шабуылдардың жиілеуі, оған қоса Ресей экономикасының құлдырауы шетелге жұмысқа баратын мигранттар бағдарына өзгеріс енгізген тәрізді.

Ресейдің 2022 жылы Украинаға қарсы бастаған басқыншылығынан кейін енгізілген халықаралық санкциялар Ресей экономикасын құлдыратып, рубль әлсіреді.

Ал Ресей болса биыл наурызда Мәскеу түбіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залына жасалған шабуылды "Ислам мемлекеті – Хорасан" экстремистік ұйымы өз мойнына алғаннан кейін, Орталық Азиядан барған сан мыңдаған мигрантты депортация жасады немесе олардың Ресейге кіруіне тыйым салды. Шабуыл салдарынан 140-қа жуық адам мерт болған.

Ресейде кейінгі он жылда болған ең үлкен қантөгіске әкелген шабуылға күдікті ретінде Тәжікстанның бірнеше азаматы ұсталып, қамауға алынды. Сот алдына келген олардың денесіндегі іздер мен қимыл-әрекеті қатты таяқ жеп, азапталғанынан хабар бергендей болды.

"Крокус Сити Холл" орталығындағы оқиғадан кейін тіркеу бар-жоғын тексеріп, әр нәрсеге бұрынғыдан қатаң қарайтын болды, – деді Мәскеуде тұратын қырғызстандық мигрант. – Олар бізді [әуежайды] бес сағат ұстады. "Мұнда қандай мақсатпен келдіңдер?" деп шұқшиды. Тіпті телефонымызға дейін тексеріп, қарады".

Ресейдегі мигранттардың құжатын тексеру.
Ресейдегі мигранттардың құжатын тексеру.

"ЕШҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІК БОЛМАЙДЫ"

Ресейдегі шетелдік жұмыс күшінің басым бөлігі Орталық Азия елдерінен барған мигранттардың үлесіне тиеді.

Әлі де болса Ресейде қалып, жұмыс істеп жүрген мигранттардың көбі ол елдегі ең басты проблема ретінде экономиканың жайы қалай болады екен деген белгісіздік пен полиция тексерісін атады.

"2024 жыл ауыр болды. Біз тапқан-таянғанымызды негізінен шығынымызды жабуға жұмсадық", – деді аты-жөні аталғанын қаламаған өзбекстандық мигрант.

"Ешқандай жақсы хабар естіген жоқпын. Жаңалықтардан [миграция туралы] жаңа заңдар жөнінде айтып жатыр. Ол не заң екенін де білмеймін, – деді жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін атамауды жөн көрген қырғызстандық мигрант. – Бірақ мигранттар үшін жаңа жыл мүлде басқаша болатынын сеземін. Бұдан кейін ешқандай жеңілдік болмайды".

Ресей ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, биылғы қаңтар айынан шілдеге дейін 143 мың адамға Ресейге кіруге рұқсат берілмеген. Яғни, 2023 жылғымен салыстырғанда анағұрлым көп адам кіре алмаған.

Министрлік дерегінше, Ресейден 93 мыңға жуық адам депортацияланған, бұл былтырғы жылдың сондай мерзімімен салыстырғанда 53 пайызға артық.

Орталық Азия елдерінен барған мигранттардың кейбірі Ресейден өз еркімен кеткен.

Ресейлік күш құрылымы қызметкерлері құрылыста жұмыс істейтін мигранттарды тізерлетіп қойған. Екатеринбург, Ресей. 17 маусым, 2024 жыл.
Ресейлік күш құрылымы қызметкерлері құрылыста жұмыс істейтін мигранттарды тізерлетіп қойған. Екатеринбург, Ресей. 17 маусым, 2024 жыл.

Қырғызстан ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2022 жылы Ресейде тұратын және жұмыс істейтін 587 мың Қырғызстан азаматы ресми тіркелген. Биыл жазда министрлік олардың саны 411 мыңға дейін түсіп қалды деп хабарлады.

ЕУРОПА МЕН ОҢТҮСТІК КОРЕЯ

Ресейге Орталық Азия елдерінен баратын мигранттар азайып, есесіне Еуропа мен Оңтүстік Кореяға нәпақа табуға барғысы келетіндер көбейген.

Қыркүйекте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Германия канцлері Олаф Шольц көші-қон туралы келісімге қол қойды, бірақ екі тарап та келісілген квота мөлшері туралы ештеңе айтпады.

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяда 2022 жылы сегіз мың қырғыз азаматы тіркеуде тұрған болса, биыл олардың саны 15 мыңға жетті деп хабарлады. Өзбекстанның көші-қон қызметі Оңтүстік Кореяда 92 мың өзбек азаматы заңды түрде жұмыс істеп жүр деп мәлімдеді.

Дамыған елдердегі еңбекақы мөлшері шеттен барған жұмысшыларға анағұрлым жоғары болып көрінуі мүмкін, алайда еңбек мигранттарын Ресей қабылдағандай көлемде қабылдауға өзге елдер дайын емес тәрізді.

Тағдырдың тәлкегін қараңыз, Ресейде барған сайын қатты сезіліп жатқан жұмысшы күшінің жетіспеуі еңбекақының өсуіне әсер етіп отыр.

Биыл жазда ресейлік Migrant Servis зерттеу платформасы өндірістік кәсіпорындарда мигранттарға ұсынылатын айлық еңбекақы мөлшері қаңтар айындағы 105 мың рубльден (кемінде 1200 доллар) маусым айында 145 мың рубльге (1600 долларға жуық) дейін өскен деп хабарлаған. Егер жұмысшы күшіне сұраныс жоғары болып қалса, болашақта бұдан да өсуі мүмкін деген болжам айтқан.

"Қырғызстанға қайтқысы келгендер кетіп қалды. Бізге құжат рәсімдеу қиындады. Мұнда жұмыс істегісі келетіндер бұрынғысынша әлі істеп жүр", – деді Ресейде жұмыс істейтін, өз есімін атамауды жөн көрген қырғызстандық мигрант.

Материалды әзірлеуге "Мигрант Медиа" тілшілері үлес қосты.

XS
SM
MD
LG